Қазақстан • 21 Наурыз, 2018

Гаухар Алдамбергенова: Әлеуметтің әлеуетін арттырады

470 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Бүгінде әлемде үлкен өзгерістер орын алу­да. Жаңалығы желмен жарысқан жаһан жаңа тарихи кезеңнің табалдырығында тұр. Осыған сәйкес біз де өз сана-сезімі­міз бен дүниетанымымызға сіңісті болып қалған таптаурын қағидалар мен ұста­нымдардан арылмасақ, дамыған ел­дер­дің легіне ілесе алмай қалуымыз мүм­кін. Бұл турасында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты бағдар­ламалық мақаласында кеңінен талдап, жұртшылыққа жете түсіндірген болатын.

Гаухар Алдамбергенова: Әлеуметтің әлеуетін арттырады

Елбасы: «Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабі­летін арттырса ғана табысқа жету­ге мүмкіндік алады», деп атап өтіп, өзгер­мелі дүниенің алдыңғы сапында жүру үшін бәсекеге қабілеттіліктің бі­рін­ші кезектегі мәселе болатынын қа­дап айтты. Ал бәсекеге қабілеттілікті қа­лып­тастырып, оны ұдайы арттырып отыру үшін білімнің атқаратын рөлі айрықша зор екені белгілі. Сондықтан да Президент елімізде білімнің салтанат құруы жайына айрықша мән беріп отыр. 

Дана қазақта «Білімдінің жүзі жарық» деген қанатты сөз бар. Егемендіктің елең-алаң кезінен бастап Елбасы білім беру саласына ұдайы назар аударып келеді. Биылғы Жолдауында да білім берудің сапасын жаңа деңгейге көтеру талабын алға қойды. Бүгінгі заманда білімнің адами капиталды арттырудың алғышарты екеніне басымдық берген Мемлекет бас­шысы білім беру жүйесін жаңа индус­трияландыру талаптарына бейімдеу қа­жеттігіне назар аударды. Осыған орай­ бар­лық жастағы азаматтарды қам­титын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйе­мізді құ­руды жеделдету талап етілді. «Бі­лім бе­ру бағдарламаларының негізгі басым­дығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс», деді осы орайда­ Нұрсұлтан Әбіш­ұлы. Бұл үшін 2019 жы­л­­дың 1 қыр­күйегіне қарай мектепке дейінгі білім бе­ру ісінде балалардың ерте дамуы мен қа­лыптасуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағ­дарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу қажеттігі айтылды. Сонымен қатар елімізде қазір орта білім беру са­ласында жаңартылған мазмұнға көшу басталды. Шын мәнінде бұл мүлде жаңа бағ­дарламалар, оқулықтар, стандарт­тар және мамандар деген сөз. Оны жүзеге асыру үшін педагогтарды оқыту және олар­­дың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау керек болады. Сол себепті де Мемлекет басшысының универ­си­теттердегі педагогикалық кафедралар мен факультеттерді дамыту жөніндегі талабы дер кезінде қабылданған шешім екенін бағамдаймыз.

Елбасы Жолдауымен сабақ­тас «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуі ұлттың рухани жаңғыру жолында алға қойылған міндеттер мен мақсаттарды жүзеге асы­руға бағытталған тағы бір құнды құжат болды. «Бес әлеуметтік бастама»­ – біздің ұлттық және әлеуметтік бір­лігімізді бір мақ­сатқа ұйыстырған діңгегі мықты платформа. Үндеудегі бес бастаманың бірі жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту мәселесіне арналды. Бүгінде еліміздің жоғары оқу орындарында 530 мыңнан астам жас оқып жатса, олардың 30 процентке жуығы мемлекеттік білім беру грантының иегері. Мемлекет басшысы енді жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлу керектігін алға тартты. Біз мұны өскелең ұрпақтың болашағы үшін жасалып отырған қамқорлық деп қа­былдадық. Үндеуде «Біз әлемдік стан­дарттарға сай білім беру жүйесін қалып­тастыра отырып, студенттердің білім алуы­на және тұратын жеріне жағдай жа­сау­ға тиісті назар аударуымыз қажет», деп атап көрсетті. Осыған орай жо­ғары оқу орындары мен колледждер сту­денттерін жатақханамен қамтамасыз ету­ді тапсырды. Бұл тұрғыдан келгенде Қыздар университеті жатақханаға мұқ­таж студенттерді жатын орынмен қам­тамасыз етіп отырған еліміздегі бірден-бір жоғары оқу орны.

Десе де, бұл орайда туындап отырған бірнеше мәселе бар. Атап айтар болсақ, университет қалашығындағы жатақханаларда ұзақ уақыттан бері күрделі жөндеу жұ­мыстары жүргізілмеген. Кәріз жүйелері тозығы жетіп, басым бөлігі істен шығу қарсаңында тұр. Олқылықты жайттар орын алмас үшін кәріз жүйелерін дер кезінде жаңалап, қалпына келтіру шаралары жасалғаны абзал болар еді. Ал бұл мәселе қаржыға келіп тірелетіні белгілі. Десе де, университет бюджетінде мұндай кө­лемдегі қаржының жоқтығы қолбайлау бо­лып отыр. 
Тағылымды тәрбие мен өрісті білімнің іргелі ордасы атанған, көпшілік қауым «ізеттілік пен үлгі-өнеге отауы» деп ат қойып, айдар таққан Қыздар университеті 75 жылға жуық уақыт белесінде Қазақ­станда педагогикалық кадрлардың қалың шо­ғырын дайындауға сүбелі үлес қосып келе жатқан ұлағат ұясы. Бүгінде Қазақ мем­лекеттік қыздар педагогикалық уни­верситетінің ұжымы да Мемлекет басшысы белгілеген міндеттерді нақты іс жүзінде орындау мақсатында жұмыс ат­қарып жатыр. Мәселен, ордалы оқу орнындағы білім жүйесін жетілдіре тү­су мақсатында Білім және ғылым ми­нистрлігінің қолдауымен университет базасында «Қазақстан жас педагог-ға­лымдар ассоциациясы» құрылды.

Атал­ған жоба Мемлекет басшысының биылғы «Төртінші өнеркәсіптік револю­ция жағдайындағы дамудың жаңа мүм­кіндіктері» атты халыққа Жолдауы негі­зінде іске асырылды. Ассоциацияның не­гі­згі мақсаты – еліміздің жас педа­гог-ғалымдарының диалог алаңын ұйым­дастыру, ғылым мен білімді ұшт­астыра отырып, жастардың ғылыми идея­ла­рының өндіріске енуіне ықпал жасау. Бұ­ған қоса, ассоциация «Ой-талқы» атты тренингтер, қысқы, жазғы мектептер ұйымдастырып, ұйым мүшелерінің кәсі­би дамуын қалыптастыруға күш салады. Шетелдік жоғары оқу орындарымен, колледж, мектептердің жас педагог-ғалымдарының халықаралық ұйымдарымен байланыс орнату да көзделіп отыр. Ассоциация биылғы 26 сәуірде университет қабырғасында өтетін Қазақстан жас ғалым-педагогтарының I слёті қарсаңында өз жұмысын бастайды. Аталған форумға 25 педагогикалық жо­ғары оқу орындарының өкілдері қатысады деп күтілуде. Қыздар университетінде мек­тепке дейінгі ұйымдарда білім сапасын арттыру мәселесіне де айрықша мән беріліп отыр.

Осы мақсатта жыл­дың басында оқу орны «Мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық ор­талығымен бірлесіп «Мектепке дейінгі ба­лаларды өздігінен оқуға үй­рету және әлеуметтік дағдыларын да­мытудың теориялық, әдістемелік мә­селелері» ат­ты ал­қалы басқосу өткізді. Отан­дық жоғары оқу орындары ой-өрі­сі дамыған, талантты, зерделі және ұлт­жанды ұстаз дайындау­ды одан әрмен жаңа деңгейге көтере түсу қажет. Осы тақілеттес жиындардың маңызы айрықша екенін атап өткен жөн. Қолға алынған бастамалардың қатарында «Полиглот» орталығының ашылуын да атап өтуге болады. Бұл университеттің профессор-оқытушылары мен студенттерінің тілдік біліктілігін арттыру мақсатында қызмет атқармақ. Орталықта ағылшын, қазақ, орыс, түрік, қытай, француз және неміс тіл­дерін тереңдете оқыту қолға алынады. Сон­дай-ақ аударма қызметі көрсетілетін болады. Ынтымақтастық ырысқа бас­тайтыны белгілі. Қазіргі таңда Қыздар университеті әлем елдерінің 30-дан ас­там жоғары оқу орнымен әріптестік байланыс орнатқан. Олардың қатарында АҚШ, Үндістан, Франция, Қытай, Гер­мания сынды мемлекеттердің беделді университеттері бар. 

Қазіргі күнде қарашаңырақта студент­тердің сапалы білім алып, ғылыммен, өнер­мен, спортпен айналысуы үшін, олардың бойында халқымыздың ұлттық құндылықтарын дарыту орайында бір­қатар жұмыстар жасалып, университет отан­дық жоғары оқу орындары арасында үлкен беделге ие болып отырғаны көңілге қуаныш ұялатады. Сонымен қатар оқу ордасы ғылым мен білімді өзара үйлестіріп, ғылыми-зерттеу жұмыстарын ғылым мен технологияның жаңа нысандарына бағыттап жүргізуді басты мақсат етіп келе жатқанын атап өткім келеді. 70 жылдан астам уақыт белесінде Қыздар университетінде ұйымдастыру мәдениеті қалыптасып, тиімді кадрлық менеджмент пен корпоративті басқару ісі де жүйеленді. Нағыз ұстаз шәкірт жанына үңіліп, дұрыс жолға сала білуі де қажет. Дамудың даңғыл жолына бағыт алған болашағы баянды елдің өрісі қашанда білікті де са­налы ұрпағымен кеңейетіндігі, оларды мемлекеттің тұтқасы етіп тәрбиелеу қа­жеттігі Елбасының халыққа арнаған Жол­дауында үнемі айтылып келеді. Ал, оны іске асыру мұғалімге жүктелген мәр­тебелі міндет.

Мемлекет басшысының Үн­деуінде атап көрсетілген бастамалар елімізде азаматтардың болашағына деген қамқорлықтың нақты іс жүзінде орын­далатындығының нақты нышаны. Әрбір отандасымыз осыны саналы түрде ұғынса ға­на белгілі бір нәтижеге жетуге болады. Жетістік пен табыс – келісті кеңесе біл­ген, бірлік пен тірлік үйлесім тапқан жерде. Ауызбірлік қашқан, алауыздық тасқан жерде ешқашанда игілікті істер жү­зеге асқан емес. 

Гаухар АЛДАМБЕРГЕНОВА,
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор