Тарих • 21 Наурыз, 2018

Нұғым Қайдар, бүркітші: Әкем 90 жасқа дейін құс баптады

1273 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жақында Үржар ауданында құсбегілердің ХХІІ чемпионаты өткен болатын. Осымен үшінші жыл қатарынан Шығыс Қазақстанда ұйымдастырылған бүркітшілер бәсекесіне облыс атынан Үржар ауданының тоғыз бүркітшісі қатысқан еді. Ұлттық өнерді ұлықтаған жарыстан кейін дүбірлі додада қолына қондырған құсы жүлделі екінші орынды алған үржарлық бүркітші Нұғым Қайдармен аз-кем әңгімелескен едік.

Нұғым Қайдар, бүркітші: Әкем 90 жасқа дейін құс баптады

– Білуімізше, облыстағы бүр­кіт­шілердің 99 пайызы Үр­жар ауданында. Өскеменнің іргесіндегі Шығыс ауылында бір бүркіт бар деп естиміз. Қате­леспесем, өңірдегі құс­бегілер­дің ең жасы үлкені де, ақсақалы да өзіңізсіз. 

– Қытайдан атамекенге, яғни Үржар ауданының Көктерек ауылы­на 2008 жылы көшіп келдім. Көшіп келгеннен кейін құсбегілік өнерді одан әрі жалғастырдым. Әуелгі кезде жалғыз ғана бүркітім болды. Қа­зір құдайға шүкір, белгілі ат­бегі, бүркітші, өзімнің шәкіртім Тәттімбет Кәпұлының бас болуы­мен Үржардағы бүркіттер саны 9-ға жетті. Бір ғана Көктерек ауылын­да 5 бүркіт бар. Өзім екі бүркіт ұстап отырмын. Айт­пақ­шы, елге келген жылы мына­дай қызық бол­ған. Ұстап әк­елген бүркітімді көрген ауыл азаматтарының төбе шашы тік тұрып: «Құсты заңсыз ұстап отырсың. Енді сені соттайды, айып тартасың», деп қорқытты. Алыпұшып Мақаншының әкімі Сәтайға бардым. Азамат екен. «Ата дәстүрімізді жалғастыруға келген екенсіз. Сотталсам, мен-ақ сотталайын, қорықпай ұстай беріңіз. Үкіметке тіркету жағын да ойлас­тырармыз» деп мәселені әп-сәтте шешіп тастады. Содан бері құс баптап келемін. Қазір тәрбиелеп жүрген 10 шәкіртім бар. 

– Сонда сіздің ата-бабала­ры­ңыз да бүркіт ұстаған ғой. 

– Иә, неше атадан жалғасқан өнер ғой. Қазір ұлым да қыран бап­тап жүр. Менің құсбегілікпен шұғылданғаныма 40 жылдан асты. Әкем 90-ға келіп қайтыс болды. Атам да, оның әкесінің де бүркіт ұстағанын ескерсек, еңбек өтіліміз 500-600 жылдың үстіне шығатын секілді.

– Қазір облыста қанша бүр­кіт­ші бар?

– Тоғыз бүркіт Үржарда болса, бір бүркітті Шығыс ауылында ұстап отыр. Менің білетінім, Үкімет тіркеуіндегі осы он құс. Басқа аудандарда бүркіт жоқ. 

– Өңірдің басқа аудандарын­да бүр­кітшілік неге дамымай отыр­ деп ойлайсыз? Үржарда бар­ тау, Үржарда бар қар Тар­баға­­тай мен Абайда да бар емес пе?

– Біріншіден, бүркіт ұс­тау оңай шаруа емес. Бабы көп. Әуресі мол. Екіншіден, құсбе­гі­лікке үйрететін, көтеріп, дәріп­тейтін үлкен кісілер де азайып барады.

– Бүркітшілердің сайыстарын көріп, тамашалап жүреміз. Қасқырды былай қойғанда, қар­­сақ пен түлкіге түсе алмай жа­тады біздің бүркіттер. Күш-қуа­ты кеміді ме? Әлде бабы дұ­рыс емес пе?

– Күш-қуаты кеміген жоқ. Біз бүркіттерді аң-құсқа емін-ер­кін сала алмай жүрміз. Өйткені елімізде экологияны қорғау сая­саты бар. Арнайы заңдар бар. Қазір елімізде бүркітшілік өнер тек спорттық шара сипатында. Жарыстарға қатысумен ғана шек­теліп отырмыз. Кең далада сауық-сайран құрып, қоянға, қар­саққа, қасқырға салып, құстың да, өзіміздің де айызымызды қан­дыруға мүмкіндік жоқ. Әри­не, бүркіттерімізді далаға алып шығамыз. Қанатын жаздырып, тау айналдырып ұшырамыз. Ұшы­рмаса топқанат болып қа­ла­ды. Бүркіт бір жыл ұшпаса, ұшуынан жаңылады. Ал енді қырандардың қарымына келсек, қасқырға түсе алатын бүркіттер жоқ деуге болмас. Бар. Ол үшін әбден бабына кел­тіру керек. Қасқырға түсу бүркіттің жасына қарамайды. Ба­лапан бүркіт те түседі. «Бала бүркіт түлкіден аянбайды» деген сөз бар ғой қазақта. Жас бүркіт өте өжет болады. Үш жасқа дейін ұшқыр келеді, ұрын­шақ келеді. 
Үш жастан кейін өзін-өзі ұс­тай­тын дәрежеге жетеді. 

– Жасы ұлғайған сайын шың­­да­ла түседі дейсіз бе?

– Иә, шыңдалады. Жас кезінде тартыншақтап арттап ұстаса, яғни артынан кеп ұстаса, машықтана келе бастан ұстайтын дәрежеге жетеді. Бастан басатын дәрежеге келгеннен кейін ұру, ұстау шеберлігі шыңдалады. Сол кезде аяғын да шайнатпайды, өзі түскен аңдардан қулығын да асыратын болады. 

– Бүркіт қанша жыл өмір сүре­ді? 

– Бұрын үлкендер «қырық тү­леттім, отыз түлеттім» деп отыра­тын. Бір түлету – бір жас. Мен өзім Қытайда жүргенде бір құсты 19 түлеттім. Әкемнің әкесі «отыз түлеттім де қоя бердім» дейтін еді бізге. Бірақ бүркіттің қартайып өл­генін көрген ешкім жоқ.

– «Бүркіт әбден қартайғанда өзін-өзі құз жартасқа соғып өле­ді»­ деп жатады.

– Ол – үлкендердің аңыз сөзі. Бәленбай ауылдың маңын­да бә­лен­бай құс қартайып өлді деген­ді еш­кімнен естіген емеспін. Шын болуы да мүмкін. Бүркіт өлігін көр­сетпейтін құс қой. 

– Жаңа Қытайдағы бүркітті ұзақ уақыт ұстаған құсбегілер жа­­йын­да айттық. Елімізде осын­дай бүркітшілер бар ма?

– Қырық, отыз жыл болмаса да 20 түлеткен, 22 түлеткен құсбе­гілер елімізде жоқ емес. Мәселен, осы жарысқа Астана­дан келген Күнтуғанның әкесін­де осындай бүркіттер бар. Қазақ­стандағы рекорд сол болуы ке­рек.

– Рекорд демекші, қазір қай елде құсбегілер көп? Моңғо­лия­да ма, Қытайда ма, әлде бізде ме?

– Моңғолияда 500 бүркіт бар деседі. Оны ұстап отырған өзі­міздің қандастарымыз. Бізде 50-60 бүркіттің шамасы. Үштің біріне де жетпейді. 

– Осы құсбегілерде «зейнет­кер­лік жас» деген дүние бар ма? Ме­ніңше, шектеу жоқ се­кіл­ді.

– Шектеу жоқ. Атқа мінуден қал­ғанша құсын ұстай береді. Мы­салы, менің әкем 90 жасқа дейін құс баптады. «Өзім өлген­нен кейін қоя берсеңдер болады» деген сөзі әлі күнге дейін есім­де. Бұрынғы ақсақалдар: «Енді өзім қартайдым. Мынаны қинамаңдар. Көтере ал­саң көтер. Көтере алмасаң ақтық бай­лап, құзар шыңға апар да қоя бер» деп өсиет ететін.

– Қырық жылдан бері құс төресі бүркітті серік етіп келе­сіз. Бүр­кіттің қандай қасиет­терін, өз­геше мінездерін бөле-жара айтар едіңіз?

– Біз бүркітке неге сонша құ­мартамыз? Бүркіт Алла таға­ладан «мен қай орында жүрем?» деп сұраған деседі. Сонда «Саған адам пенденің оң иығынан орын берем. Адамның түкірігіне ғашық етем» депті Алла тағала. Расында да, бүркіттің аузына түкіріп отыр­саң тамсанып жұтып отырады. Бүр­кітті мұсылман баласына, қа­зақ баласына Алланың берген сыйы деп ойлаймын.

– Бүркіттің қасында отыр­ған­­да қандай көңіл күйде бола­сыз? Өзіңізді жақсы, жеңіл сезі­несіз бе?

– Басқаларды білмеймін құсбе­гілер отбасында бүркіт жоқ болса, бір дүние кем боп тұр­ғандай сезіледі. Енді қыран­ның қасиетін айтайын. Бүркіттің жанында жиі жүрсең балаларға да, өзіңе де тұмау тимейді. Өзің бір жерден тұмауратып кеп құсты көтеріп сыртқа шықсаң сауығып қайтасың. Сондықтан бүркіттің микроб жоя­тын да қуаты бар ма деп ойлаймын. Бірде құсымды көтеріп келе жатып атым сүрініп кетіп, жығылып қалдым. Қыстың күні, үстімдегі киімім зілдей. Атым болса қашып кетті. Құсым­ды әрі көтеріп, бері көтеріп, қолым талған соң босатып қоя бердім. Ұшып, бір-екі тұмсық айна­лып кеткен. Дөңнен ассам, бүркітім атымды тоқтатып тұр. Сөйтсем атымның жерге сүйретілген шылбырын барып басқан екен қыраным. Шыл­бырдың ұшы күлтеленген еді. Сол тұстан басса керек. Атымды ұстап, бүркітімнің бұл ісіне қатты тебіреніп, қуанып қалдым. Артынан құсым бұл жерде маған көмектесейін деп емес, аттың шылбырын шырғаға санап, ұстады ма деп те ойладым. Кім біледі?!

Былтыр ауылдағы мектеп ди­рек­торы «Бүркіт – мемле­ке­ті­міздің туында тұрған құс. Осыны жас ұрпақ көрсін, көзі қансын» деп төрт-бес баланы маған жі­берген болатын. «Мынаны бия­лай дейді, ананы томаға дейді, бұл – аяқбау» деп бүркіттің бүкіл құрал-жабдықтарын оқушыларға көрсетіп, білгенімді айтып бергем. Биыл сол бетінде қалып қой­ды. Қайта басталған жоқ.

– Үржарда бүркітшілік өнер жақ­сы дамып келе жатқаны бел­гілі. Ауыл балаларының қызы­ғушылығы қалай? Өзіңіз үйретуге дайынсыз ғой. 

– Қызығушылығы жақсы. Үй­ре­туге дайынмын. Үйренем дегендерге әркез есігім ашық. Бір ғана тілегім бар. Құс ұстау оңай шаруа емес. Күнделікті тамағы бар, кейде басқа облыстарға жа­рыс­тарға баратынымыз бар. Сон­дықтан облыс басшылығы, Үкі­мет тарапынан көңіл бөлінсе, қар­жылай қолдау көрсетілсе дейміз. Сонда жастар да талаптанар еді. Бүркітшілік өнер одан әрі жанданар еді. 
– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен
 Азамат ҚАСЫМ, 
«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,
Үржар ауданы

Суретті түсірген
Нұрсұлтан ЕСЕНБАЕВ