Атырауда «Ұлы даланың ұлттық дәстүрлері» атты халықаралық форум өтті

Абайдың өлеңінде айтылғандай, «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып» мәре-сәре болатын керемет кез де келіп жетті. Еліміздің батыс өңірінде Наурыз тойы айдың 14-інші жаңасынан басталады. Таң сібірлеп атқаннан-ақ бір-бірімен сәлемдесіп, жылдан есен шыққандарына шүкір десіп, «Бір жасыңызбен!» деп көрісетін ағайын қандай заман өтсе де осы игі дәстүрден ажырамаған. Ресми мереке болмаса да, батыс өңірі бұл күнге ерекше дайындалады. Бірақ биылғы Амал мерекесінің жөні бөлек болды. Бұлай деуімізге себеп те бар. Алыс-жақын бес елден келген 700-ге жуық өнерпаз Жайық жағасын нағыз тамашаға, сән мен салтанатқа бөледі. Атырауда «Ұлы даланың ұлттық дәстүрлері» атты халықаралық форум өтті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған форумда 20-ға жуық шара болып, мұнайлы мекен халқына ерекше мереке сыйлады.

Егемен Қазақстан
21.03.2018 7703
2

Бірлігіміз жарасқан

Екі күн бойы Жайықтың жаға­сы жақсылар мен жайсаңдарға толды, той-тамашаға кенелді. Иса­тай-Махамбет атындағы орталық алаңда бастау алған «Ұлы даланың ұлттық дәстүрлері» халықаралық форумы қоғамдық сананы жаң­ғыр­тып, дәстүр-салтымызды наси­хаттауды мақсат етті. Түркия, Әзер­­байжан, Қырғызстан, Ресей, Өзбек­станнан келген 30-дан астам өнер ұжымы, 700 әртіс Атыраудың әр көшесінде өткен шараларға белсенділікпен қатысты. Орталық алаңдағы форумның ашылу салтанатын мыңнан астам атыраулық тамашалады. 

– Тамырын тереңнен тартатын дәстүріміздің, мәдениетіміз бен өнеріміздің арқасында бүгін­де еліміз әлемдік аренада айшық­ты орын алды. Бұған басты негіз – қоғамдық келісім, саяси тұ­рақ­тылық, халықаралық, дін­аралық, ұлтаралық татулық. Мұ­ның бәрі де Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев жүргізіп отырған сарабдал саясаттың жемісі мен же­ңісі, – деді салтанатты шарада сөй­леген облыс әкімі Нұрлан Ноғаев. – Президенттің халық­тың әл-ауқатын көтеру үшін ин­фрақұрылымды дамыта отырып, өскелең ұрпақты бәсекеге қабілетті болуға шақырған Үнде­уін қазақстандықтар толықтай қолдайды. Бұл ретте бізді ұлттық рухтың биіктігі, салт-дәстүр мен мәдениетке беріктігіміз алып шығады. 

Наурыз келді, құт келді деп қуанған ағайын бір-бірімен көрі­сіп, ізгі лебіздерін арнап жатты. Орталық алаңға Атыраудағы 18 этномәдени бірлестік киіз үйле­рін құрып, ұлттық тағам­дарын ұсынды. Ұлттық спорт­тық ойындардан жарыстар өтіп, жеңім­паздар бағалы сыйлықтар­мен марапатталды. 

Мәдени құндылықтың мәні зор

Халықаралық форум аясында ғалымдар да бас қосты. «Наурыз – адамзаттың материалдық емес, мәдени құндылығы ретінде» та­қырыбында өткен ғылыми-тәжі­­ри­­белік конференцияға Еу­ро­па, Орта­лық Азия, ТМД мем­­ле­кет­терінен келген ғалым­дар қа­­тысты. Олар Наурыз мейра­мы­ның тарихи негіз­дері, қоғам­дағы орны, мереке фено­менін зерделеу мәселелері бойынша баяндамалар жасап, ой бөлісті. 

Халықаралық түркі мәдениеті мен өнерін бірлесіп дамыту ұйы­мының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Венгриядағы қазақтар қауымдастығы төрағасы Оңайша Мандоки де лебіз білдірді. Пле­нарлық мәжілісте Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық уни­верси­тетінің профессоры, белгілі ғалым Тұрсын Жұртбай, Әзер­байжан ақыны Ибрагим Хад­жиев, Қазақстанның Ұлттық музейінің ғалым-хатшысы Зүбәйда Сұра­ғанова, басқа да ғалымдар баяндама жасады.

Поэзия падишасына құрмет

Атырау – жырдың мекені. Қазақ әдебиетінің алыптар шо­ғы­рына бірқатар таланттар­ды сыйлаған жер. Бүгінде Фа­риза деген есім Поэзия деген қа­сиет­ті сөздің синониміне айналды. Бар ғұмырын өлеңді ая­лауға арнаған ақынын туған жері қа­шанда құрметпен айтады. Халық­аралық форум аясында өткен шаралар легіне «Фариза оқуларын» енгізудегі мақ­сат та аян: қазақтың қара өлеңін қастерлеу, өскелең ұр­пақты өнерсүйгіштікке бау­лу, ақын жырларын насихаттау. Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты, Халық жазушы­сы Фа­риза Оңғарсынова шығар­ма­шылығына арналған респуб­ликалық көр­кемсөз оқу ше­бер­лерінің бай­қауы­на еліміздің түк­пір-түкпі­рінен талантты жастар жиналды. Олардың өнер­лерін Қазақстанның еңбек сіңір­ген қай­раткері, ақын Ақұш­тап Бақ­тыгереева бастаған қазы­лар ал­қасы бағалады. Фари­за Оң­ғар­сынованың өлеңі, ақын­ға арналған жыр, прозалық шығармадан үзінді оқу бойынша сынға түскен қатысушылардың арасынан бас жүлдені атыраулық Әйгерім Қабдешева жеңіп алды. Батыс Қазақстан облысының атынан қатысқан Назгүл Пахманова бірінші орынның тұғырынан кө­рін­ді. Барлық жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен, алғыс хаттармен марапатталды.
 
Шырқа, домбыра!

Атырау – күй Отаны деп бекер айтылмаса керек. Қос ішекке замана үнін қосқан небір дүлдүлдер өткен бұл жерден. Со­лардың ізін жалғаған Бақыт Қа­рабалинаның да есімін елі мақтан етеді. Қошалақ құмында дүниеге келген Бақыт Қарабалина асқақ арман қанатында Алматыға барды, халыққа керемет күйші ретінде танылды. Қазақ өнеріне күйші қыздың қосқан үлесі зор. Бақыт Қарабалина атындағы рес­публикалық домбырашы қыз-келіншектер байқауына 15 өнерпаз қатысты. 16-35 жас аралығындағы домбырашы қыз-келіншектер қатысқан байқаудың бас жүлдесін Назерке Базарбаева жеңіп алды. 

– Шыны керек, Бақыт Қара­балинаның есімі көптен ескерусіз қалып жүр еді. Осы олқылықтың орны толғандай сезімдеміз. Дина Нүрпейісовадан кейін қазақ­тың күйші қыздарының атын асқақ­татқан Бақыт Қарабалина болатын. Бүгінгі байқаудың бас жүл­десін атыраулық домбырашы қыз жеңіп алды. Бұл – күй анасы салып кеткен сара жолдың осы топырақта бүгінге дейін жалғасып келе жатқанын көрсетеді, – дейді қазылар алқасының мүшесі Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі күйші Айгүл Үлкенбаева.

Шебердің қолы ортақ

Наурыз тойы дегенде ұлттық киімдер, бұйымдар, жәдігерлер еске түседі. Облыстық тарихи-өлкетану музейі осы бағытта бір­қатар жұ­мыстар атқарып жүр. Форум аясында белгілі дизайнер, «Алтын сапа» сыйлығының иегері Ырза Тұрсынзаданың шеберлік сабағы өтті. Үш күн бойы музей залдары лық толы болды. Шебердің өзінен тігіннің қыр-сырын білгісі келген атыраулық қыз-келіншектердің саны 500-ден асқан. Олар қыз жасауын дайындап, құрақ құрап, көрпе тігіп үйренді. 

– Халықтың этнодизайнға деген ықыласы тәнті етті, – дейді Ырза Тұрсынзада. – Бұл менің жеке меншігім емес, халықтың қазы­насы. Сол қазынаны қастерлеуге шақырамын. Ұлттық нақыштағы қанша жақсы дүниелер шығып жатыр, бірақ нарықты толық қамту үшін әлі де еңбектену керек. 

Ақындар шықты айтысқа

Қашанда мереке мен той-думан­ның көркі ақындар айтысы болған. Халықаралық форум­да бұл үрдіс ұмыт қалмады. Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында екі күн бойы жыр көрігі қызды. Еліміздің әр өңірінен келген 20 ақын әзілмен әдіптелген әдемі айтыс жасады. Облыстық әкімдіктің қолдауымен Қазақстан Жазушылар одағы Атырау об­лыс­­тық филиалының төрағасы Қойшығұл Жылқышиев ұйым­дастыр­ған жыр аламаны жоғары деңгейде өтті. Амал мерекесіне алғаш куә болып тұрғанын айтқан айтысты жүргізуші, белгілі ақын Жүрсін Ерман елді топтастыратын, береке-бірлікке үндейтін көрісу салтын өзге өңірлерде де қолға алса деген ұсынысын жасырып қалмады. «Атырау бұл тұрғыда көпке үлгі болып отыр», – деді ұлттық өнердің жанашыры.

Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты, Қазақстанның Еңбек Ері Асан­әлі Әшімов бастаған қазы­лар алқасы бас жүлдеге екі ақын­ды лайық деп таныды. Атырау­лық Айзада Дәулекенова мен қарағандылық Тілеген Әділов бас жүлдеге тігілген үш миллион теңгені тең бөлісті. 

«Бәйге берем жығылған балуанға да...»

Ұлан-асыр тойдың бәйгесіз сәні бола ма? Қазақша күрестен ашық республикалық турнирге еліміздегі ең мықты спортшылар қатысты. Тіпті осы шараға Грузиядан арнайы келген балуандар да жарыс алаңынан тыс қалмады. Атырау облысында соң­ғы жылдары ұлттық спорт түрлері айрықша дамып келеді. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев­тың қолдауымен қолға алынған шара­лар қатары көп. Ұлт құн­дылықтарын ұлықтаған форумда бұған тағы бір мәрте куә болдық. «Қазақстан барысы» тур­нирінің үш дүркін жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаевтың дүбірлі дода­ның құрметті қонағы болуы спортшыларға серпін сыйлады. Жарыс қорытындысында бірін­ші орын – 2 млн теңгені шығыс­қазақстандық атақты балуан Ай­бек Нұғымаров қанжығасына байлады. Алматылық Дәурен Нұра­­линов пен қарағандылық Ержан Шынкеев, алматылық Рус­лан Әбдіразақов та жүлде­герлер қатарында аталды. 

Тартысты тоғызқұмалақ, қызықты көкпар

Тапқырлықты талап ететін ақыл-ой ойыны тоғызқұмалақтан халықаралық турнирге қатысу­шылар Түркия, Қытай, Ауған­стан, Түрікменстан, Ресей мен Қа­зақ­станның бес облысынан кел­ді. Тартысты бәсекеде ерлер арасында бірінші орынды қызылордалық Бексұлтан Бостандықов жеңіп алса, әйелдер арасында ақтөбелік Алмагүл Тәкішеваның мерейі үстем болды.

«Мәңгілік сарын»

Ұлттық өнердің кәусарынан нәр алып, бабалар мұрасын насихаттау Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір тармағы. Жас өнерпаздардың шеберліктерін шыңдап, үлкен сахнаға шығуларына жолашар болатын шаралардың маңызы зор. Халықаралық дәстүрлі өнер фестивалінің де мақсаты  осы. Арқа, Батыс, Сыр, Жетісу, Алтай-Тарбағатай дәстүрлі өнер мектептерінің қазыналары Жа­йық­­­тың жағасында бір арнада тоғысты. «Сармат» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің орын­дауындағы «Көшпенділер рухы» әдеби-сазды сахналық қойы­лымы көрерменге ерекше әсер қалдырды. Еліміздің түкпір-түк­пірінен, Ресей, Қырғызстан мен Түркиядан келген өнер ше­бер­лері дәстүрлі әннің даңқын аспандатты. Белгілі жыршы, фоль­клортанушы-ғалым Берік Жүсіп фестивальда айтылған әр әнді құр хабарлап қана қоймай, тарихын тарқатып отырды. 

– Қазақстанға келген сайын төбем көкке жетеді, – дей­ді ноғайдың әйгілі жырауы Ар­сланбек Сұлтанбеков. – Қазақ пен ноғайдың түбі бір. Атырауға келіп, туыстарыммен қауышқандай бір керемет сезімдемін. Осындай шараны ұйымдастырушыларға алғысым шексіз.

Фестивальда Қырғызстанның халық әртісі Роза Аманова, Түрік әншісі Ирфан Гюрдал, сүлейлердің сарқыты Алмасбек Алматов, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткерлері Сәу­ле Жан­пейісова, Ардақ Исатае­ва, дәстүр­лі ән өнерінің шебер орындаушы­лары Қайрат Кәкімов, Алма Аманжолова, Жоламан Құ­жыма­нов, Жанқожа Аяпов, Фар­хад Оразовтар салған ән Аты­раудың аспанын жаңғыртты. 

Жастарға тағылым 

Форум барысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өңір­лерде орындалу барысы да баян­далды. «Рухани жаңғыру» республикалық жобалық кеңсесі өкілдерінің қатысуымен өткен дөңгелек үстелде Елбасы бастама­сымен қолға алынған бағдар­ла­ма­ның өзектілігі әңгіме арқауы болды. 

Сондай-ақ Атыраудағы Назарбаев зияткерлік мектебіндегі «Рухани жаңғыру» кіші жоба­лық кеңсесінде үшжақты мемо­рандумға қол қойылды. Енді Иса­тай ауданындағы Х.Нәубетов атындағы орта мектеп оқушылары халықаралық білім ордасынан тәжірибеден өте алады. 

Халықаралық форум жұмы­сынан жастар да сырт қалған жоқ. Қазақстан эстрада жұлдыздарының концерті атыраулықтар мен қала қонақтарын мерекелік көңіл күйге бөледі. 

Ардақтыларға – «аманат» сыйлығы

«Ұлы даланың ұлттық дәс­түрлері» атты халықаралық фо­рум гала-концертпен қорытын­ды­ланды. Екі күн бойы өткен түр­лі байқаулардың бас жүлде­лерін иеленген дарабоздар өнерлерін көрсетіп, елімізге белгілі тұлға­лардың қолдарынан марапат алды. 

Салтанатты шарада сөйлеген облыс әкімі Нұрлан Ноғаев: «Фо­румды өткізгендегі мақсат  Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген іс-шараларды атқару, ұлттық құндылықтарды дәріптеу еді. Сол мақсат орындалды», деді. 

Форумның жабылу салтанатында Түрксой-дың бас хатшысы, қоғам қайраткері Дүйсен Қа­сейіновке «Тұғырлы тұлға» марапаты табысталды. Халықтың алғысын алып жүрген қоғам қай­­раткері Қайрат Ищанов, Қазақстан Жазушылар одағы Атырау филиа­лының төрағасы, ақын Қойшығұл Жылқышиев, «Құрмет» орденінің иегері, «Өнерпаз» ЖШС-нің бас директоры Әлия Бекқожиева, адво­каттар алқасының төрайымы Айсұлу Омарова «Аманат» ұлттық қоғамдық сыйлығын иеленді.

Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

18.10.2018

Астанада вирусты менингитке күдікті сегіз оқушы ауруханаға жатқызылды

18.10.2018

Еуроодақ саммиті: «Брексит» мәселесі қиындай түсті

18.10.2018

Нұрсұлтан Назарбаев Рольф Драакпен және Мехран Эфтехармен кездесті

18.10.2018

Қарағандыда әнші-композитор Қорабай Есеновтің мерейтойлық кеші өтті

18.10.2018

Мемлекет басшысы Еуропаның іскер топтар өкілдерімен кездесті

18.10.2018

Маңғыстауда алғашқы электр қуаттандыру станциясы ашылды

18.10.2018

«Ұлттық чемпиондар 2.0» бағдарламасы басталды

18.10.2018

Көлік кептелісінде көмекші - Road Zipper

18.10.2018

«Хабар 24»: «Egemen Qazaqstan»-ға шолу

18.10.2018

Венгрияға баратын балуандар белгілі

18.10.2018

Қыздар университеті туған жерге тағзым етіп қайтты

18.10.2018

Керчьтегі оқиғада қаза тапқандардың ішінде қазақстандықтар жоқ

18.10.2018

Илья Теренченко «Нұр Отан» партиясының хатшысы болып тағайындалды

18.10.2018

Д. Кәлетаев Қостанайдағы үкіметтік емес ұйымдар республикаға үлгі екенін айтты

18.10.2018

Таиланд қазақстандықтарға визаны тегін бермек

18.10.2018

Қызылордада Жолдаудағы тапсырмалардың мәні түсіндірілді

18.10.2018

79 жасында алғаш рет подиумға шыққан Ван Дешунь

18.10.2018

Жалпы азаматтық құқықтар ар-ұждан бостандығымен шиеленіспейді

18.10.2018

Қызылордада апатты үйлер мәселесі шешілді

18.10.2018

Марат Сұлтанғазиев Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы болып тағайындалды

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Құрманәлі Қалмахан,

О́zge elde sultan bolǵansha...

Áı, qaıdam... О́zge elde sultan bolý qazir qıyn-aý. Sebebi óz eliniń Sultandary turǵanda shetten kelgen «bótenderdi» kim jaqtyra qoıar dersiz?! Soǵan qaramastan túrli sebeptermen shetel aýyp, «jumaq» araldaryn izdeýge bel býǵandar qarasy azaımaı tur.

Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»

Urpaq azsa – ultqa qater

J.Aımaýytov pen M.Áýezov keıbir qazaq mineziniń minin, sol mindi kórip ósken balanyń jamandyqqa salynatynyn 1917 jyly «Alash» gazetinde jarıalaǵan maqalasynda: «Ultym», – dep oqyp shyqqandar halyq arasyna kelse, qaraıa bastaıdy» dep, artynan: «Saıyp kelgende, qazaqta qalyp turǵan ózgeshe minezder: tili aıtqandy qoly qylmaıtyn – turaqsyzdyq, uıymsyzdyq, basynan aspaıtyn – ózimshildik, ezdik» depti. 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Megapolıster múmkindigi

Elbasy «Qazaqstandyqtardyń ál-aýqatynyń ósýi: tabys pen turmys sapasyn arttyrý» atty jańa Joldaýynda elimizdiń aýmaqtyq damýyna jańa tásilder engizýdi qamtamasyz etý qajet ekendigin aıta kele: «Búginde jetekshi elderdiń ekonomıkasy kóbine jahandyq qalalar nemese megapolıster arqyly tanylady.

Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»

Izgilikke shaqyrý iriliktiń belgisi

Bıylǵy 10-11 qazan kúnderi Astanada ótken Álemdik jáne dástúrli dinder kóshbasshylarynyń dástúrli siezi óziniń halyqaralyq aýqymdaǵy asa mańyzdy únqatysý alańy ekenin taǵy bir ret dáleldedi.

Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»

Jer emgender oza ma, toza ma?

Jalpy, bizdiń halyqtyń arman-maqsatynyń bir ushyǵy qashan da jermen baılanysty sıaqty. Jerdi keńeıtý, jerdi qorǵaý, jerdi óńdeý, jerdi qurmetteý... Mentalıtetimiz jerge jaqyn. Bul basqa halyqtarda olaı emes degen sózimiz emes, biraq bizdiń halyq úshin tym erekshe sıaqty. 

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу