Ұлттық спорт • 26 Наурыз, 2018

Асық ату ептілікке баулиды

7013 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Асық ойыны – әр өлкеде әртүрлі ерекшеліктерін сақ­тай отырып дамыған ұлттық ойындардың ішінде аса танымалы және қазақ халқы­ның дәстүрлі ұлттық ойын­дарының ең қызықты әрі өте кең тараған түрі. Сондықтан ғасырлар бойы халықтың зердесінде сақталып келген осы бір ойынды өскелең ұр­пақты тәрбиелеудің құралы ретінде пайдаланған жөн.

Асық ату ептілікке баулиды

Бұл ойын мазмұны жағынан ұтыс ойыны тобына жатады. Қа­зір­гі ауыл және қала балаларының ойнап жүргені «асық ату» ойыны балалардың тез қимылдауын қалайды. Мергендігін арттырады, дәлдікке, есепке үйретеді.

Қазақ баласының есепке жүй­рік­тігі, міне, осындай ойындар­ды ой­наудан қалыптасқан. Асықты еш­кім қолдан жасап жатпайды. Табиғи нәрсе. Оның жақсы сал­мақ­ты түрлерінен сақа жасайды. Қазақта «қой асығы болғанмен, қолыңа жақса сақа тұт, жасы кіші болса да, ақылы асса аға тұт» деген мақал бар. Бір нәрсенің дайын екенін білдіретін «сақадай сай» сөз тіркесі де бар.

Асықтың: алшы, тәйке, бүк, шік, омпа, шоңқа деген түрлері бо­ла­ды. Оның ішінде алшыны өте жо­ға­ры бағалаған. Өмірде жо­лы бол­ған дәулетті адамдарды «Асы­ғы алшысынан түсіп тұр» деп ай­тады. Асық ойыны балаларды ептілікке, мергендікке, ұқып­тылыққа баулиды.

Осы орайда, біз ұлттық ойын­ды насихаттауды басты ныса­наға ала отырып, 2010 жылы Қа­зақ­стан Республикасының Спорт және денешынықтыру істері ко­митеті жанынан «Асық ату» рес­публикалық федерация­сы құрылды. Қазір федерацияның 5 облыста филиалы жұмыс істеп тұр. Ұлт­тық спортпен ұзын саны 201 973 спортшы айналысатын бол­са, оның 1039-ы асық ойнайтын­дар. Республика көлемінде 78 мектепте асық үйірмелері бар және оның 63-і ауыл мектептерінде еке­нін баса айту керек. Қазақстан Рес­публикасының «Денешынықтыру және спорт туралы» Заңының 21-бабында: «Ұлттық спорт түрлері спорттың ажырамас бір бөлігі болып табылады. Оның танылуы осы заңда белгіленген тәртіппен жү­зеге асы­ры­лады» делінген. Елі­міздің заңын­да осылайша кең мүм­кін­дік­тер беріліп отырғанда, өзіміздің төл спорттық ойындарымызды дамытпау – біздің ұрпаққа сын.

«Дәстүр мен мәдениет – ұлт­тың генетикалық коды. Біз өзіміз­дің ұлттық мәдениетіміз бен дәс­түрлерімізді осы әр алуанды­ғымен және ұлылығымен қосып қор­ғауымыз керек, мәдени игілі­гімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек!» деп Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде айтқан екен. Мемлекет басшысы осындай жолдауларымен бастамашы топтарды қолдап жатқанда, біз тартынып қалмақ емеспіз. Ұлттық мәдени игілігімізді жаңғырту жолында аянбай тер төгуге әзірміз. Осы мақсаттың желеуімен, біз асық ойынының ережесін 4 тілде жазып, ол 2011 жылы бекітілді.

Ұлттық спорт түрі ретінде патент алуға да қолымыз жеткенін айт­қым келеді. Осылайша, бұл ойын алғаш рет 2011 жылғы 20-26 қыр­күйекте ел тәуелсіздігінің 20 жыл­­дығына арналған ұлт­тық спорт түрлерінен III фестиваль­дің бағ­дарламасына кіргізілді. Бұл біз­дің алғашқы іс-шарамыз­дың бірі. Бүгінгі таңда федерацияның жұмысы жолға қойы­­лып, түрлі деңгейдегі турнирлер ұйым­дас­тырылып келеді. Мәселен, 2013 жыл­ғы 14 қыркүйекте өткен «Самұ­рық-Қазына» ұлттық ӘҚ I Спар­такиадасында біздің ойын ойналды.

Сондай-ақ Ұлттық спорт түр­лері қауымдастығының ұйым­дас­тыруымен асық ату ойынынан 2014 жылдың маусымында жастар арасында Республикалық ашық біріншілік өтті. Тағы да осы жылы Тараз қаласында ауыл-село спортшыларының II жаз­ғы жасөспірімдер ойындарына асықты енгіздік. Сондай-ақ «Асық ату» ойыны елордамызда Астана күніне орай бес жыл қа­тарынан өткізіліп келеді. Ақ­се­леу Сейдімбекті еске алуға ар­нал­ған «Алтын сақа» қалалық ашық чемпионаты өткізіліп келеді. 2014 жылы қыркүйекте Өс­кеменде өткен Қазақстан Респуб­ликасының Президенті жүлдесіне арналған 5-ші халықтар ойыны күнтізбесіне де кіргізілді және маусым айында Берлин қаласында өткен Еуропа қазақтарының кіші құрылтайында да «Асық ату» ойы­ны көрсетіліп, жарыс өтті.

Қазақстан құрамасы 2016 жы­лы қыркүйек айында Қырғыз елінде ұйымдастырылған «Дүние­жүзілік көш­пен­ділер» ойынына қатысты. Бұл ойынға 16 мем­лекеттен құрамалар келіп, Қазақ­стан командасы қырғыз халқының «Ордо» ойынынан 4-орынды иемденді. Тағы да бір айта кетер жайт, біздің федерация «Асық ату» ойынын ЮНЕСКО ұйымына адамзаттың құндылығы ретінде енгізу және қорғау туралы ұсыныс білдіруде.

Ал бүгінгі таңда, ұлттық ойын «Асық ату» спортының 2018 жыл­ға арналған жоспар бойынша жұ­мыс атқарып жатқан жайымыз бар. «Асық ату» ойыны, әсіресе компьютер мен интернетте күні бойы оты­ратын жастарды көз ауруынан құтқаратын, таза ауаға шығарып, қимыл-қозғалыс жасауға, денсау­лықтарын шыңдауға көп пайдасын келтіретінін қазіргі медицина ғылымдары дәлелдейді.

Жомарт САБЫРЖАНОВ,

Республикалық «Асық ату» федерацияның атқарушы директоры