Қазақстан • 26 Наурыз, 2018

Балаларды қолдау мен қорғауды жетілдіру – міндет

400 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ресми ақпараттарға қарағанда үстіміздегі жылдың екі айында ғана балаларға қатысты 267 қылмыстық әрекеттер жасалған. Соның ішінде 71-і ауыр және 21 аса ауыр қылмыс. 

Балаларды қолдау мен қорғауды жетілдіру – міндет

3 қылмыста бала­лар өлтірілген, 24 жағдайда ауыр және орта дәрежедегі дене жара­қа­тын алған, 12 рет зорлауға тап болған. Тонау, ұрып-соғу және т.б. зорлық-зомбылықтың сал­да­рынан 14 бала өзіне-өзі қол жұмсауға барған. Жалпы айт­қанда, 2015-2017 жылдары еліміз­дегі барлық қылмыстың 8439-ы жасөспірімдерге қарсы жасалған.

Он шақты жылдан кейін қазір­гі жас­өс­пірімдер бел­ді азамат­тар болады. Адами капитал дегеніміз осы. Бірақ олардың дұрыс азаматтар болып өсуіне біз лайықты жағдай жасап отырмыз ба? Егер жасаған болсақ, оларға қарсы қыл­мыстардың саны неге артып отыр?

Міне, осы сұрақтарды біз үнемі өзімізге қойып, оған жауап іздеуіміз керек. Алдымен бала­лар мен жасөспірімдерді есірт­кіден, балиғатқа толмай жыныс­тық қаты­насқа түсуден сақтауымыз керек. Бұлар адам­гер­шілік мәселелері ғана емес, олардың денсау­лықтарын сақ­таудың амалы. Сондықтан бұлар­ды мемлекеттік қауіпсіздік мәсе­лелері деп қарастырған жөн.

Бүгінгі таңда елімізде 5 мил­лионнан астам бала мен жас­өспірім бар. Әлемдік зерт­теулер ор­талықтарының дерек­теріне қа­ра­ғанда біздің балалар өздерінің білімі мен білігі бо­йынша 100 елдің арасында 12-ші орын алады екен. Олардың бәрі де ден­саулықтары жақсы, бақытты болып өсуді қалайды. Ал бұл іске мемлекет тарапынан қамқорлық болмаса, қол жеткізу қиын.

Балалардың қауіпсіздігін қам­тамасыз ету және қорғау бағы­тында соңғы жылдары біршама заңдар жетілдірілді. Мәселен, Қылмыстық кодекске 2015 жылдан бастап енгізілген өзгерістер мен толықты­ру­ларда жасөспірімдерді зорлағаны мен қорлағаны үшін қылмыскерді өмір бойы түрмеге қамау жазасы енгізілді. Сондай-ақ ондай қылмыскерлерге шартты жаза беру, кешіріммен келісімге келу, т.б. қолданыл­майтын болды.

Алайда қылмыс санының өсуі өкілетті органдар жұмысының жеткіліксіздігін көрсетіп отыр. Сонымен бірге қазір баланың ата-ананың алдындағы, қоғам алдын­дағы міндеті ұмытылып, тек құқы туралы әңгі­мелер ғана жиі айтылатын болды. Мұның да өзіндік жетіспейтін жақтары бар.

Осы мәселелердің бәрін Мәжі­лістің жалпы отырысында айта отырып, біз Үкімет басшысы Бақыт­жан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдадық. Онда балалар мен жасөспірімдерге қатысты қылмыстардың өршуін тоқтату үшін барлық мемлекеттік органдардың, жергілікті басқару органдарының және қоғамдық институттардың іс-әрекеттерін үйлестіретін заңнамалық нормаларды жетілдіруді қарастырған заң жобасын әзірлеу керектігін ұсындық.

Сәуле Айтпаева,

Мәжіліс депутаты