Аймақтар • 27 Наурыз, 2018

Солтүстікте мың орындық жатақхана салынады

350 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мем­лекеттік университеті өңір­дегі бірден-бір жоғары оқу орны саналады. Оның қабыр­ғасы­нан қанат қаққан мыңдаған түлек­тер еліміздің әр қиырында же­місті еңбек етіп жүр. Алайда соңғы кезеңде осында оқитын студенттердің саны 10 мыңнан 3,5 мыңға дейін кеміп, еңсесі түсіп кеткен болатын.

Солтүстікте мың орындық жатақхана салынады

Оның әрқилы себептеріне тоқталмай-ақ қояйық, ең бас­тысы, орын алған олқылықтар­ды түзетуге жаңа басшы­лық­тың білек сыбана кіріске­нін жақсылықтың жаршысына балағанымыз жөн шығар. Былтыр тегін білім алуға тілек білдіргендердің 30 пайызы грантқа қабылданды. 2015 жылы бұл көрсеткіш 13 пайыз төңірегінде болғанын ескерсек, сөз жоқ, ілгерілеу бар. Қазір мұнда білім алып жатқан сту­денттердің үштен бірі мемлекет қаражаты есебінен оқиды. 48 бағыт бойынша мамандар даяр­ланады. Алда 23 бакалавриат мамандығы қосылады.

– Президент Үндеуінің үшінші бастамасында сту­дент­­тердің білім алуының қол­жетімділігі мен оқу сапасына ерекше назар ауда­рыл­ған. Ол үшін көптеген әлеу­мет­тік мүм­кін­діктер тудырыла­тыны атап айтылған. Біз де студент жас­тарды жайлы жатақханалармен қамтамасыз етудің жолдарын қарастырып отырмыз, – деген еді университет ректоры Серік Өмірбаев «Президенттің бес бас­тамасы» үндеуі талқыланған актив жиынында.

Араға күндер салып оқу орны­ның проректоры Ербол Иса­қаевпен хабарласқанымызда, мың орынды жатақхана салу мақсатымен екі нұсқа әзір­ленгенін, бұдан өзге де әлеу­меттік қамқорлықтар жасалатынын ­жеткізді. Бірінші нұсқа бо­йынша 5 қабатты екі жатақхана тұр­­ғызу ойластырылған. Екін­шісінде 12-14 қабатты зәулім ғи­м­арат салу қарастырылған. Тиім­ді дегені таңдап алынады. Жаңа нысанның бөлмелері жайлы пәтерлерге ұқсатып салынады. Асхана, душ жұмыс істейді. Бұдан бөлек жаттығу залы, кір жуатын бөлме орналасады, деді ол. Бүгінгі күні үш жатақханада 1026 студент тұрады. Кезекті сарғая күтушілердің қатары қалың. Қалғандары баспана жал­дауға мәжбүр. Жалдау баға­сы қымбат әрі қала шетінен қаты­най­тындықтан түрлі қолбай­лау тудыратыны анық.

Сол сияқты университет база­сы негізінде алғаш рет ме­ди­цина мамандығына талап­керлер қабылданып, ауыл шаруашылығы кафедрасы құрылады. Жуырда университет ректоры грантына арналған байқаудың шешуші кезеңі өтті. 130 үміткердің арасынан ең үздіктері іріктеліп алынды. Жеңімпаздар төрт жыл бойы тегін оқу мүмкіндігін иеленсе, екінші орын алғандарға – 50, үшінші орын алғандарға 25 пайыздық жеңілдік бері­леді. Өңірде мұға­лімдер жетіс­пей­тіндіктен мате­ма­тика, био­логия, геогра­фия, педагоги­ка және бастауыш оқу әдістемесі сияқ­ты маман­­дық­тарға басымдық беріл­ген. Қазір «Серпін» бағ­дарламасы аясында 800-дей жас білім алуда. Бұл бағытта да ауқымды шаралар жалғасын таппақ.

Университет басшылығының айтуынша, 2020 жылға таман студенттердің санын 8 мыңға дейін жеткізу межеленген.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы