Қазақстан • 27 Наурыз, 2018

Серік Өтешов: Бес бастама қалың бұқараның көкейінде жүрген өміршең мәселелер

272 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Парламент палаталарының бірлескен отырысында Елбасы Н.Ә.Назарбаев жария еткен бес әлеуметтік бастама қалың бұқара арасында қызу қолдау тапты. 

Серік Өтешов: Бес бастама қалың бұқараның көкейінде жүрген өміршең мәселелер

Бүгінгі таңда еліміздің әлеу­­­меттік-экономикалық да­муын­да үлкен маңызға ие – әр отбасын тұр­ғын жаймен қам­тамасыз ету және оған мүм­кін­дік қалып­тас­тыру, салыстыр­ма­лы түрде төмен жалақы ала­тын жұмысшылардың табы­сын молайту үшін салық жүктемесін он есеге азайтып, бір пайызға түсіру, жоғары білімге қолжетімділікті арттыру және оның сапасын көтеру, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету үшін же­ңілдетілген шағын несие көле­мін арттыру, елдің орталық және солтүстік аймақтарына газ тарту бағдарламаларының әлеуметтің әлеуетін көтеруге қосары мол болмақ.

Президент соңғы жылдары қоғамдағы маңызды мәселе­лерге жеке-жеке сала бойынша бағдарлама арнап келеді. Саясатта сындарлы реформалар іске асырылды. Идеологияда бұл «Рухани жаңғыру» түрінде көрініс тапты. Экономика дәс­түрлі жолдаулардың берік те­мір­­қазығы болып келеді. Енді міне, барлық бағдарламалардың басты тірегі іспетті әлеуметтік сала­ға тағы да айрықша назар аударылып отыр.

Жалпы, бес бастаманың бар­лығы бірдей қалың бұқараның көкейінде жүрген, шешімін күтіп тұрған өміршең мәселелер. «Бес әлеуметтік бастама» осы бағытта жақсы жобаларды іске асыруға жол ашады. Алдағы елеулі жұмыстарға орай заңнамаларға, нормативтік актілерге де тиісті түзетулер жасалмақшы. Біз аталған бастамалар ішінен ел экономикасының қомақты бө­лігін құрайтын шағын және орта бизнеске қаржылай қолдау көрсету туралы сөз етсек дейміз.

Облыстық мәслихаттың ал­да­­ғы кезекті сессиясында «Нәти­­желі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамы­тудың 2017-2021 жылдарға ар­нал­ған бағдарламасын» Қара­ған­ды облысында 2017 жылы іске асыру барысы туралы» мәселе қарал­мақшы. Облыста тұ­рақты жұмыс орындарын көбей­ту, азаматтарды оқыту және қайта оқыту, сондай-ақ жаңа жобаларды іске асыру үшін кредит­тер бөлу бойынша жү­йе­­лі жұ­мыстар жүргізілуде. Бағ­дар­­ла­ма­ны іске асыруға 2017 жылы 7,2 млрд теңге бөлінді. Еңбек нарығындағы жағдай тұрақты. Жұмыссыздық деңгейі өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда төмендеп, 4,7%-ды құрады.

Шағын кәсіпкерлікті қаржы­ландыру мәселелері Қазақстан азаматтарының кәсіпкерлікпен айналысуына қолайлы құқықтық және экономикалық жағдайлар жасау мақсатын көздейді. Төр­тінші әлеуметтік бастамада Ел­басы 2018 жылы жеңілдетілген шағын несие көлемін арттыру үшін қосымша 20 миллиард теңге бөлу керек екенін айт­ты. Бұл өз кезегінде шағын және орта бизнесті дамытуға қо­­сым­­­ша тың серпін беретіні сөз­­сіз. Микрокредиттеу шаруа­сын енді бастап жатқан кәсіп­керлер үшін басты проблема – өз ісін ашуға қаржы көз­дерінің қолжетімділігін шешуге мүмкіндік береді. Өткен жылы 827 кәсіпкер 4,5 млрд теңге көлемінде микрокредиттер алды. Бұл ауылдық жерлерді дамытуға, көптеген мәселелерді оңтайлы шешуге ықпал етті. 700 жаңа жұмыс орындары ашылды.

Жалпы, өңірлерде шағын кәсіпкерлік пен бизнесті дамыту тек халықты жұмыспен қамтамасыз етіп қана қоймай, олардың әлеуметтік, рухани, эко­номикалық іргелі мәсе­ле­лерін шешуге ықпалын тигі­зеді. Жаңа жұмыс орындарын шағын кәсіп­керлік пен бизнес арқылы қалып­тастыру – халықты кә­сіпкерлік қызмет саласына да белсенді түрде тартуға мүм­­кіндік береді. Шағын биз­нес­тің негізгі мақсаты – халық­ты жұмыспен қамту, оның әлеу­мет­тік мәселе­лерін шешу, ең­бек­ке деген белсенділігін дамыту.

Жаңа бастамалар, жаңа әлеу­меттік жобалар мемлекетіміздің алдындағы жаңа белес және тәуелсіз мемлекетіміздің алдына қойылған замана талабы десек те болады. Бұл бастамаларды біз жай ғана талқылап қоймай, онда айшықталған талаптар мен мін­деттерді орындауға тал­пын­ғанымыз жөн. Оны қолдап, іске асыруымыз керек.

Серік ӨТЕШОВ,
Қарағанды облыстық мәслихатының хатшысы