Медицина • 30 Наурыз, 2018

Баспанамен қамту – негізгі басымдықтардың бірі

1114 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Ел­басы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты (ӘЭСИ) Қазақстандағы тұрғын үй бағдар­лама­­ларын іске асыруды талдауға арналған сарапшылық кез­десу өткізді.

Баспанамен қамту – негізгі басымдықтардың бірі

Алматыда ұйымдастырылған бұл шара Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаевтың бес әлеуметтік бастамасының бірі – «Әрбір отба­сына баспана алудың жаңа мүм­кіндіктерін беру» міндетін орындау шеңберінде «Қазақстандағы тұр­ғын үй саясатының мәсе­лелері» тақырыбына арналды. 

ӘЭСИ осы сектордың бас­ты сарапшылары мен қызмет­кер­леріне: даму институттарына, екінші деңгейлі банктерге, құ­рылыс компанияларына, со­нымен қатар риэлторлық агент­тіктерге және жылжымайтын мүлік нарығының басқа субъек­тілеріне пікір алмасу үшін өзінің алаңын ұсынды. 

Қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты міндеттерінің бірі. Дегенмен, мемлекет тұрғын үй құрылысына қаржы беріп, әлеуметтік мәсе­лелерді ғана шешпейді, ол эко­но­миканың құрылыс, құрылыс материалдарын өндіру, солармен шектес өңдеу, көлік, банк секторлары сияқты салаларды ынталандырады. 

Жиында ӘЭСИ бағдар­ла­ма­сының басшысы Сергей Дом­нин Елбасының 2018 жылғы Жол­дауында халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткіштерін БҰҰ-ның стандарттарының (2030 жылға дейін бір адамға 30 шаршы метр) деңгейіне жеткізу мақсаты қойылғанын айтты. Оның айтуы бойынша, соңғы 10 жылда тұрғын үймен қамтамасыз ету 30%-ға өсті, ал келесі 12 жыл ішінде оны 40%-ға артты­ру жоспарланған (шамамен жы­лына 3,3%). Бұл жерде өсіп келе жатқан демографиялық дина­мика есепке алынған: 2007-2017 жылдар аралығында халық саны 1,5% артты. Ал тұр­ғын үй құрылысына бөлінген инвестициялар орта есеппен жы­лына 8,7%-ға ұлғайған, соны­мен бірге құрылысы аяқталған тұр­ғын үйді тапсыру 5,5%-ға өскен. 

– Бұл мақсатқа тез арада қол жеткізу үшін инвестиция­лар динамикасын арттыру қажет болады, бірақ олар қазір де өте жоғары деңгейде. Қазақ­стан­дық­тардың тұрғын үй жағдай­ларын жақсарту міндеті түрлі құ­ралдарды қолдану арқылы орындалуда. «7 – 20 – 25» механизмі енгі­зілгеннен кейін елімізде екі же­ңіл­дікті ипотекалық мөлшер­леме болады, олар – «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 10% және жаңа механизм бойынша 7%. Бұл тұрғын үй құрылыс жинақтар жүйесін, құрылыс ком­па­нияларындағы борышкерлер­ге мөлшерлемелерін қаражат­тан­дыру, тұрғын үй инфрақұры­лы­мына мемлекеттік инвестиция­лар, жалдамалы және коммер­циялық тұрғын үй бағдар­ламаларын, үлестік құрылысты демеу шараларын қамтиды, – деді С. Домнин.

Осыған байланысты сарапшылар аталған құралдардың әрқайсысы қаншалықты тиімді жұмыс істейді және олардың кешенді әсері қандай, қазіргі жағдайда бөлек құралдарды қолдану орынды ма (мысалы, ипотекалық қарыздардың секью­ритизациясы), мемлекеттік бағдарламалардың механизмдері және тұрғын үй саласындағы мем­лекеттік саясат қалай өзге­руі керек деген мәселелерді тал­қылады. 

Тұрғын үй бағдарламаларын түзету басталды. Жақында «Нұрлы жер» бағдарламасы бо­йынша Үкімет қаулысының жо­басы жарияланды, онда бағдар­ламаның бюджетін 24 млрд тең­геге арттыру жоспарланған, бірақ бағыттардың тізімінен үлестік құрылысты демеу алынып тас­талған. Дегенмен, «7 – 20 – 25» механизмі өзге бағдарламалардан қаншалықты ерекше болатыны, жаңа ипотекалық кредиттеудің егжей-тегжейі және шарттары қандай болатыны белгісіз.

Дәл осы мәселелер ӘЭСИ ұйым­дастырған сарапшылық кез­десудегі белсенді талқы­лау­дың тақырыбына айналды.

Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ