Өнер • 30 Наурыз, 2018

Бақыт пен үйлесімнің іңкәр мекені

837 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қылқалам шебері түспен және формамен, кеңістікпен және сызықпен батыл жұмыс істейді, сезім сыры рухтың күшімен өріле біткен жігерлі де көркем, сиқырлы образдар тудырады. Оның әрбір туындысы асқан шеберлікпен, стилистикалық мәдениетке, ерекше көңіл күйге, махаббат пен мейірім шуағына толы. Жоғарыдағы жолдар суретші Айгүл Хакімжанованың қолтаңбасы хақында. 

Бақыт пен үйлесімнің іңкәр мекені

Суреттерді түсірген Расул СӘЛІМҰЛЫ

Суретшінің шығармашы­лық әлемге келуіне әжесі, Қа­зақ­­­станның халық жазушысы Мәриям Хакімжанованың ық­­палы зор. Суретшінің бала ке­зінде олардың үйіне Сәбит Мұқанов, Айша Ғалымбаева, Ғафу Қайырбеков, Фариза Оң­ғар­сынова, Бибігүл Тө­легенова, Ма­ғираш Қожахметова, Мән­шүк Мәметованың анасы Әми­на апа және тағы басқа да осындай тамаша адамдар жиі келіп, қонақ болған. Осы се­беп­ті олардың шаңырағына өнер мен жігердің киесі қонған де­седі. 

Ә. Қастеев атындағы Мем­ле­ке­ттік өнер музейіне барып су­ретшінің «Кең даланың әсем сәу­лелері аясында» деп аталған же­ке шығармашылық көрмесін та­машалаудың сәті түсті. Көр­ме­ге суретшінің жеке коллек­ция­сынан алынған 50-ден астам графикалық жұмысы қой­ылған. Суретші «жазда ағам екеу­мізді туыстарымызға алып баратындықтан, ауыл өмірінің тынысы жаныма жақын болып өстім» деп еске алады. «Мәңгілік жылы», «Бақыт құсы», «Әулие ағаш», «Ескі құ­дық», «Тәтті ұйқы», «Сазсыр­­най тартып тұрған қыз» атты жұмыстарын ең жарқын балалық әсердің жалғасы десек болады.

«Айгүл Хакімжанованың шығармашылығында халық ертегілерінің таңғажайыптығы  көне аңыздардың құпиялығы мен оның жан сезімінің сұлу­лы­ғы өріле біткен. Ол өзінің әр­бір жұмысында көпшілігі жұм­ақ десе, кейбірі балалық шақ деп атайтын бақыт пен үй­лесімнің ғайып болған әле­мі­не қайта оралып отырады.  Айгүлдің көркемдік стилі мен қолтаңбасы, тақырыптары мен сюжеттері қалай қалыптасып, қалай өзгергенін, тұтастай ал­ған­да, оның картина әлемінің қа­лай пайда болғанын көруге бо­латын, сонымен бірге әр­дай­ым бола бермейтін мүм­кін­шілік жасайды», дейді көрме же­тек­шісі Ғалия Әли. 

Айгүл Хакімжанова «Кер­құла атты Кендебай», «Даниял­дың сиқырлы түстері», «Нарғыз ту­ралы дастан» сияқты көп­те­ген қазақ ертегілері мен ба­ла­­лар кітаптарына арнап та­ма­­ша иллюстрациялар жаса­ды. Экспозицияда халық ер­те­гілері мен қазіргі заман ав­тор­ларының әңгімелеріне са­лынған иллюстрациялар мен гра­фи­калық эскиздер мен этюд­тер­ді тамашалауға бо­ла­ды. Әр шы­ғарма өзіне тән қай­та­лан­бай­тын сиқырымен ерек­ше­ле­неді. Терең ойға тарта түседі. Қ­ыл­қалам иесінің «Құ­пия­лардан тыс» деп аталған кар­тинасынан терезеге телміре қараған үшеуді көрдік.  Бұл сурет үш жеткіншектің қи­мылын ғана емес, олардың кө­ңіл терезесінен көрінген та­залықты аңғартады. Бұл сурет – бақыт пен үйле­сі­мнің іңкәр мекені...

Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен қазақстан»

АЛМАТЫ