Аймақтар • 04 Сәуір, 2018

Қызылорда: Владимир Божко шы­ны зауы­тының жұмысымен танысты

285 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде Индус­трия­ландыру картасы аясында өн­діріс орындары көбейіп келеді және болашақта олар елге жұ­мыс орнын беретін ірі орталық­тарға айналады.

Қызылорда: Владимир Божко шы­ны зауы­тының жұмысымен танысты

Қызылорда облысына ісса­пар­мен келген Парламент Мәжі­лісі Төрағасының орынбасары Владимир Божко шы­ны зауы­тының жұмысымен танысқан­да индустриялық-иннова­циялық даму бағдарла­масы аясында іске қосылған ірі жобаға сәттілік тіледі.

Қызылорда облысындағы индустриялық аймақтан 50 гек­тар жер алған шыны зауыты «Orda Glass» серіктестігінің бас­қарма төрағасы Ержан Сағым­баев кәсіпорын толық күшіне енген жағдайда соңғы техно­логиямен жабдықталған әлемдегі үшінші зауыттың бірі болатындығын айтады. Қытайдың «China Triumph Inter­national» компаниясымен бірлесіп жұмыс істеп жатқан зауыт жылына 197 мың тоннадан астам шыны табақша шығармақ. Көп кәсіпорындардың өндіріске керекті шикізат елімізде жоқ болғандықтан көршілес респуб­ли­калардан керегін алып жүргені белгілі. Мәселен, Шым­кенттегі «Керамик» зауыты. Мемлекет басшысының өзі келіп, тұсауын кескен керамика зауыты талай инвестор ауыстырып, жү­руінен тұруы көп болған. Себе­бі керамикаға керекті құм Ук­раина мемлекетінен тасымал­дан­­ғандықтан жұмсалған шы­ғын­ның орнын жаба алмады. Кейін «Зерде» компаниясы қо­лына алды. Әйтсе де шикізат қиын­дығы айналып өтіп жатқан жоқ.

Ал «Orda Glass» компания­сы­ның мықтылығы, шикізатқа қажеттілік түгелге дерлік облыс аймағынан табылып отыр. Арал ауданындағы кварц құмы, доломит және әктас шы­ны зауытының кемесін өрге жүз­дір­мек. Бүгінде тек сырттан каль­цийлендірілген сода әкелінеді. Бұл мәселе де оябын табатын секілді. Ержан Сағымбаев соданы «Арал-тұз» АҚ-пен бірлесе отырып өңірде өндіруге болатындығын айтады. Мұндай жағдайда өндіріске керекті шикізат жүз пайыз дерлік облыс аумағында алынады.

Салыстырмалы түрде айт­сақ, мұндай ірі шыны зауыты Жапо­ния және Қытай мемлекетінде ғана бар екен. Облыстағы шыны зауытының серіктесі «China Triumph International» компа­ниясы әлемге әйгілі кәсіпорын­дардың бірі. Әдетте көп азаматтар шетелдік әріптестіктен бой жияды, іштей қауіп ойлайды. Әсілінде серіктестіктен қорқуға болмайды. Екі күшті компа­ния­ның бір-бірін қолдап, дем беруі әлемдік жақсы тәжірибе. Қытай инвесторлары шыны зауытының қызметкерлерін тәжірибе алмасу бағытында шетелде оқытуға мүдделі болып отыр.

Шыны зауытының басқарма төрағасы болашақта кәсіпорында «Apple», «LG», «Nokia» сынды ірі компаниялардың өнімдері – планшет, смартфон және өзге де гаджеттерге арналған ультра­жіңішке шынылар жасала­тындығын айтады.

– Одан бөлек зауытта микроскоп, дүрбілерге де арнап өнімдер шығару қолға алынбақ. Зауыт жұмысын жолға қойып, аяққа тұрғаннан соң ғарышқа ұшырылып жатқан зымырандарға қолданылатын әйнектер жасау да ойда бар, – дейді басқарма төрағасы.

Бүгінгі дамыған технология дәуірі ондай болмақ қайда дегенді айтқызбайды. Әлемге әйгілі «Siemens» брендтік компа­нияның тарихын оқып, таң қалған едік. Германияда Сименс деген өнертапқыш ғалым болған. Қиялы басына сыйма­ған, бірақ қалтасы жұқа ғалым-инженер үнемі жаңа техноло­гиялардың жобасын жасап, дәулетті адамдардың есігін қа­ғып жүреді екен. Көбісі ақы­лынан айныған өнертапқышты қа­былдамаған. Тамшы тасты теседі. Алдынан орайлап шы­ғып қоймағаннан кейін бір кәсіп­кер Сименстің жобаларын өн­діріске жаратып көрген екен, соның нәтижесінде медицина саласында орны ерек қондыр­ғылар дүниеге келген. Ал та­рихта ол кәсіпкердің емес, кезінде көзіне ешкім ілмеген «Siemens»-тің аты қалды. Үл­кен іс кіші бастамалардан құра­лады. Қызылордадағы шыны зауы­тының болашағы туралы айтар болсақ, орындалмайтын жоба еместігін осыдан көре беріңіз.

Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы