Аймақтар • 05 Сәуір, 2018

Жамбылда индустриялық аймақ құруға мүмкіндік мол

467 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Негізінен Жамбыл облысы индустриялық аймақ құруға қолайлы өңір. Еліміздегі индустрия­ландыру бағдарламасы аясында ағымдағы жылы облыс аумағынан 4 индустриялық аймақ құру жос­парланып отыр. 

Жамбылда индустриялық аймақ құруға мүмкіндік мол

Сондықтан да индустриялық аймақ құруға жа­уапты мекемелер әуелі аймақтарға кәсіпкерлерді тарту, кәсіпкерлердің сұранысқа ие өнім түрлерін шығару мүмкіндіктерін зерделеу, сондай-ақ оларды құрудың қаржыландыру тетігін қарастыру жұмыстарын ұйымдастыруы қажет. Бүгінгі таңда өңірде индустриялық және аграрлы-индустриялық аймақтар құру аса маңызды болып отыр.

Қазірде аталған мәселе бойынша өңірдің әрбір аудандары мен облыс орталығында жер телімдерін бөлу жұмыстары басталды. Мәселен, Тараз қаласының тұрғындары үшін бір кезде «Промзона» аталып кеткен ауданнан индустриялық аймақ құру үшін 68 гектар жер бөлінген. Алайда олардың тең жартысы кезінде жекеменшікке өтіп кеткен екен. Бірақ жер иелерінің кейбірі өз үлестерін мемлекетке сатуға келісім берсе, енді бірі оны жеке матсатқа пайдалануды көздеп отыр. Дей тұрғанмен қала әкімдігі бүгінде 38,8 гектар алқапқа 2,5 миллиард теңгеге индустриялық аймақ құруды жоспарлап отырғанын жеткізді. Көрсетілген қаржының негізгі бөлігіне аймаққа инфрақұрылым тарту жоспарланған.

 Бүгінгі таңда облыс әкімдігі тарапынан келешекте индустриялық аймақтардың аумағын кеңейту, өндірістік нысандарды дамыту жос­парлары мен салық бойынша берешек қарыз көлемін нақтылау, сондай-ақ Жамбыл облысында сұранысқа ие кәсіп түрімен айналысуға ниет еткен өзге өңірлердің кәсіпкерлеріне қолдау білдіру және индустриялық аймақ кәсіпкерлерінің өнімдерін сұранысқа ие ету, оларға түрлі жеңілдіктер жасау бағытында нақты жұмыстарды қолға алу тапсырылып отыр. Аталған тапсырмалар мен ұсы­ныс­тар толықтай орындалған жағдай­да Әулиеата өңірінің индус­трия­лық аймақ құрудағы әлеуеті айрықша көрінбек.

 Сонымен қатар бұл бағыттағы жұмыстар облыс аудандарында да басталып кетті. Айталық, Талас ау­данында аталған мақсатқа 40 гек­тар жер бөлініп, ондағы тиісті жұ­мыс­тарды жүргізудің жалпы құны 1 миллиард 27 миллион теңгеге баға­ланған. Айта кететін бір мәселе, Талас ауданындағы бөлінген 40 гектар жердің 20 гектар жеріне кәсіпкерлер тарапынан бүгінде сұраныс түсіп үлгеріпті. Ал Сарысу ауданы өңірдегі жер көлемі жөнінен үлкен ауданның бірі. Сондықтан осы ауданнан индустриялық аймақ құру үшін 60 гектар жер бөлінгенмен, аудан орталығы Жаңатас қала­сы­нан шалғай орналасқан жер телім­деріне инфрақұрылым тарту жұмыстары едәуір қаржыны қажет етеді. Сондықтан да бүгінгі таңда ау­дандағы индустриялық аймақ құру мәселесі үшін аталған мақсатқа арналған жер Жаңатас қаласы аумағынан қарастырылып отыр.

Шу ауданы да өңірдегі әлеуеті мүмкіндігі жоғары ауданның бірі. Сондықтан да ауданда 25 гектар жерге индустриялық аймақ құры­латын болады. Сол секілді Қордай, Жамбыл аудандарының да бұл тұрғыдан мүмкіндігі мол. Жалпы, индустриялық аймақ құру мәселесі бүгінде өңірде қарқын алып отыр. Әрине индустриялық аймақ құру мәселесінде облыстың жер қорын тиімді пайдалану мәселесі алға шығады. Жамбыл облысында жал­пы жер көлемі 14 миллион гектар­ға жуықтайды. Сондықтан да бүгін­де өңірде жер қорын тиімді пайда­ла­ну арқылы индустриялық аймақтар құруға деген сұраныс жоғары.

 Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлеуметтің әлеуетін арттыру үшін, экономиканың деңгейін көтеру үшін өз жолдауларында түрлі бағ­дар­ламалар арқылы жұмыс істеу қажет­тігін айтып келеді. Сондықтан да бү­гінде елімізде кәсіпкерлікті қол­дау мәселесі кең өріс алып отыр. Ендігі жерде индустриялық аймақ құру кезінде кәсіпкерлер сұра­нысқа ие өнім түрлерін шығарып, экономиканың қарышты дамуына жол ашса, онда бұл да мақсаттың орындалып, жобаның жүзеге асқаны.

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы