Тарих • 09 Сәуір, 2018

Шәуешектен жеткен жәдігер

1074 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ХХ ғасырдың басында, 1917 жылы Орынборда жалпы Қазақ құрылтайы өтіп, Алашорда үкіметі құрылып, оның басқару органы Семейге қоныстанғаннан кейін, яғни 1918 жылдың көктемінде ұлт қайраткерлері Алаш қаласына жиналып ақылдасады. Мұндағы мақсат – шеттегі қазақтарға барып, оларға Алаш идеясын насихаттау. Басқосуға Абай мектебінің өкілдері – Көкбай Жанатайұлы мен Тұрағұл Абайұлы және атақ­ты балуан Қажымұқан Мұңайт­пасұлы қатысады.

Шәуешектен жеткен жәдігер

Сөйтіп 1918 жылы жазға салым Қытай елін бетке алып Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Салық Аманжолов, Райымжан Мәрсековтер жолға шығады. Олар төтелей тартып Шәуешек қаласына барады. Осы тұста Шыңжаң өлкесінде 150 мыңнан астам қазақ болған екен.

Ахаңдар әуелі, кезінде Семей­де тұрып, Шәуешекке қо­ныс аудар­­ған көпес Рамазан Шәнішев­тің үйіне түседі. Елді жинап, келген мақсаттарын айтады. Осы кез­десуда әйгілі әнші, ақын Әсет Най­ман­бай­ұлы да болады. Ақынның екі жыл бұрын, яғни 1916 жы­лы осы өлкеге біржола қоныс аудар­ған кезі-тін.

Алаш арыстарының бұл сапарынан қалған екі жәдігер бар. Біріншісі – Әсет ақының басқосуда айтқан шағын толғауы болса, екіншісі – Ахаң-Жақаңдар күтіп алушылармен бірге түскен фотосы. Бұл суретті түсірген адам – Мұхаметжан Әбдікерімұлы. Ол Шәуешекте орыс мектебінде оқыған, 1915 жылдан бастап фотоға түсірумен шұғылданған адам екен.

Алматылық шежіре қария Уақап Қыдырханның айтуын­ша, бұл кісінің ұлты өзбек. 1950 жыл­дардың ортасында Қазақстанға қоныс аударған. Қысқасы, фотограф Мұ­ха­мед­жан жоғарыдағы фотоны өзі­мен бірге Алматыға алып келген.

Бертінде, 1989 жылы арыс­тар ақталып, алашордашыларды қысқан құрсау босаған тұста, яғни 1990 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің 18 мамыр күнгі санына «Асыл ағаларды суретке кім түсірді?» деген тақырыпта мақала жарияланып, фото тұңғыш рет жарыққа шыққан екен.

Соңғы жылдары аталмыш фотоның ізіне түсіп, біршама зерттеген шыңжандық әдебиеттанушы Білісбек Әбдіразақ өзінің 2014 жылы Үрімжі қаласында жарық көрген «Жұңго қазақ баспасөзінің қысқаша тариxи» атты еңбегінде, жоғарыдағы жәдігерді 1956 жылы Мұхамеджан Балқаш Бапиннің нұсқауымен академик Аxмет Жұбановқа көрсетеді. А.Жұбанов топ адамның шетінде отырған Әсет ақынның суретін ғана таңдап алып, өзінің «Замана бұлбұлы» атты кітабына енгізген дейді. Замана бағамын аңдаған жә­ді­­гердің иесі кейін бұл фотоны се­нім­ді сақтаушы деп Бауыр­жан Момышұлына сыйлайды. Жо­ға­рыдағы «Қазақ әдебиеті» га­з­е­тін­де жарияланған сурет Бау­кең ба­тыр­дың арxивінен алыныпты.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»