Парламент • 09 Сәуір, 2018

Қорғаныстың әлеуеті білім мен ғылымда

370 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кеше Мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божконың төрағалық етуімен «Әскери білім беру, ғылымды дамыту және әскери-патриоттық тәрбиені қалыптастыру» тақырыбында Үкімет сағаты өтті.

Қорғаныстың әлеуеті білім мен ғылымда

Жиынды ашқан вице-спикер Елбасы, Жоғарғы Бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен тәуелсіздік жылдары елімізде заманауи әскер қалыптасып, аяғынан нық тұрып, соңғы үлгідегі қару-жарақпен жарақтандырылып, білікті мамандардың жинақталғандығын атап өтті. Оның айтуынша, әскерилердің, әскери міндетін өтеушілердің әлеуметтік жағдайы да айтарлықтай жақсарған.

«Президент 2017 жылы әскери білім мен ғылымды дамытудың негізгі бағыттарын айқындайтын әскери доктринаны мақұлдады. Ал соңғы он жылдықта әскери қауіптің сипаты өзгергендігін ескерсек, анағұрлым дәл және тиімді қарулар пайда болып, соғысты дистанциондық жүргізу тәсілі сұранысқа ие болып отыр. Бұл біздің де қарулы күштерді қайта жарақтап, әскери мамандар мен ғылымды жаңаша оқытуды талап етеді. Әсіресе қазақ әскері өз ісін жетік білетін отаншыл, мемлекетшіл тұлғалардан құралуы тиіс»,  деді Мәжіліс төрағасының орынбасары.  

Үкімет сағатындағы негізгі баяндамашы Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов келтірген мәліметтер осы тақырыптарды кеңінен қамтыды.

– Тәуелсіз Қазақстанның Қарулы күштері жыл сайын өз қуатын, жауынгерлік қабілетін арттыруда. Қарулы күштердің құрылуымен кәсіби кадр даярлау мәселесі туындады. Атқарылған жұмыс нәтижесінде бүгін еліміздегі ұлттық әскери білім жүйесі құрылды. Ол барлық қазіргі заман талабына жауап береді. Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан – әскери кадр даярлаудың толық циклі құрылған аз мемлекеттердің бірі болды» – деді С.Жасұзақов.

Жуырда Жоғарғы Бас қолбасшының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетіне ерекше мәртебе берілді. Қазір аталған университет Орталық Азияда әскери білім беру жүйесіндегі озық әскери ғылыми-білім беру орталығы болып есептеледі. Бұл оқу орны Еуразия университеттері қауымдастығы, Оксфорд Академиялық Одағы, Азия университеттері қауымдастығы құрамына кірді.

Қорғаныс министрі өз басшылық ететін саладағы білім мен ғылымның ауыз толтырып айтар жетістіктерін байыппен баяндады. Ол шетелде әскери кадр даярлау үдерісінің бәсеңдеп, тек Қазақстанда оқытылмайтын мамандықтар бойынша ғана жастардың өзге мемлекеттерде білім алатындығын атап өтті.

Министр мектептердегі алғашқы әскери дайындық пәндерінен бастап қамтып, әскери ғылым докторларын әзірлеуге дейінгі аралықтағы жүйелі жұмыстарды баяндап өтті.

Министрдің мәлімдеуінше, соңғы жылдары барлық әскери оқу орындарына оқуға түсуге конкурс деңгейі артқан. Нақтырақ айтқанда, талапкерлердің Ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша орташа балы 2014 жылы 60-тан 2017 жылы 95 балға дейін көтерілді.

Сонымен қатар, Ұлттық қорғаныс университетінде жаңадан 9 факультет құрылған. Ондағы қашықтан білім беру технологиясын арқылы 108 әскери қызметші мен қызметші білім алуда. Жыл сайын 3500-ден астам адам қайта даярлау және біліктілікті арттыру жүйесі арқылы білімдерін жетілдіріп отыр.

Ал Құрлық әскерлерінің Әскери институтында 2016 жылы материалдық-техникалық және әскери-медициналық қамтамасыз ету мамандықтары бойынша даярлау басталды.

С.Жасұзақовтың айтуынша, Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында «Ұшқышсыз ұшу аппаратын басқару» мамандарын даярлау басталған. 

Сондай-ақ 2016 жылдан бастап Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында алғаш рет радиоэлектрондық барлау және радиоэлектрондық күрес, ақпаратты қорғау маманын даярлау қолға алынған.  

Министрдің айтуына қарағанда, елімізде 2020 жылға дейінгі «Ұлтжанды жас сарбаз» әскери-патриоттық жұмысын жетілдіру ережесі әзірленді. Аталған қозғалыстың логотипі бекітіліп, жас патриоттың киім үлгісін тігу, имидждік өнімді шығару жолға қойылған. Осы ұйымның табысты жұмысының нәтижесінде әскери-патриоттық клубтар саны 2828-ге дейін артып, 73164 бала қамтылған.

Ал қорғаныс саласының  бірқатар олқы тұстары депутаттардың сауалдарынан кейін айқындалды. Мәселен, соңғы кездері әскери ұшқыштардың азаматтың салаға жаппай ауысулары белең алған. Өткен жылдың өзінде 25 адам жалақысы мол жеке авиакомпанияларға кетіп қалған. Мұның себебі Сәкен Жасұзақов әскери ұшқыштардың жалақыларының төмендігімен байланыстырады.

– Ресейлік әскери ұшқыштар айына 800 мың рубль көлемінде еңбекақы алады. Ал қазақстандық ұшқыштардың жалақылары 270 мың теңгені құрайды. Мен осы мәселе бойынша Мемлекет басшысына хат жазып, ұшқыштардың еңбекақыларын кем дегенде 450-500 мың теңгеге көтеруді сұрадым, – деді Қорғаныс министрі.   

Сонымен қатар, «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның талаптарының кесірінен әскери курсанттар мен сарбаздарды тамақтандыру жүйесі бұзылудың алдында тұр екен. Мысалы әрбір сарбаздың күнделікті үш мезгіл тамақтануы үшін бюджеттен 1200 теңге бөлініп отырғанымен, тендер шарты бойынша кәсіпкерлер бұл қызметтің бағасын 650-900 теңгеге дейін төмендетіп ұсынып, жеңімпаз атанып отыр. 

Аталған мәселе бойынша да қорғаныс министрлігі Үкіметке арнайы хат жолдаған. Министрді ұсынысын қолдаған Мәжіліс төрағасының орынбасары сарбаздар мен курсанттардың ашқұрсақ жүруіне жол берілмеу керектігін ескертті.      Қосымша баяндамашы, Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің Төрағасы Мұхтар Ерман Тәуелсіздік жылдарында алыс-жақын 12 елде 5963 әскери қызметші білім алғандығына тоқталды. Қазақстанның әскери өкілдері Ресей, Беларусь, АҚШ, Еуропа және Азия елдері. Ұлттық қорғаныс университетінің магистранттары мен докторанттарының шетелдерде тәжірибеден өтуі өзінің тиімділігін көрсеткен. Ал біздің елімізде Армениядан – 3, Тәжікстаннан – 192 және Қырғызстаннан – 291 курсант оқып жатыр.                                           

– Алайда, әскери университеттердегі тәрбие жұмысының деңгейі жақсы деп айта алмаймыз. Бас әскери прокурордың мәліметі бойынша 2017 жылда қорғаныс саласында 27 қылмыс тіркелді, атап айтсақ әскери жарғыдан тыс жағдай, парақорлық, тіпті кісі өлтіру де орын алған.  2018 жылы үш қылмыс тіркелді. Осы мәселеге ерекше назар аудару қажет және университет басшыларын тікелей жауапкершілікке тарту керек, – дей келе М.Ерман саяси-тәрбиелік жұмыстарда көршілес елдердің оңды тәжірибелерін пайдалануды ұсынды.  

Депутаттар Қорғаныс министріне әскери білім мен ғылымның бүгіні мен болашағы, жастарды патриоттық тұрғыда тәрбиелеу, білікті мамандармен қамтылу деңгейіне байланысты сауалдарын жолдап, тұшымды жауаптарын алды.

Біз сөзбен айтқанда ұлттық мүддемізді сақтау, аумақтық тұтастық пен егемендікті қорғау кепілі болып саналатын Қорғаныс саласының жай-күйі кеңінен талқыланды. 

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»