Қазақстан • 10 Сәуір, 2018

«Мен қазақпын» атты халықаралық жоба өз жұмысын қайта бастайды

807 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әнімізді әспеттеп, термемізді дәріптеп, күйімізді күллі қазақтың құлағына сіңіріп, ұлттық құндылығымызды ұлықтауға сүбелі үлес қосатын «Мен қазақпын» атты халықаралық мегажоба өз жұмысын қайта бастайды. Осыған орай Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихаты өтіп, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков және «Qazaqstan» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қарин қатысып, жобаның алдағы жоспарларымен бөлісті.

«Мен қазақпын» атты халықаралық жоба өз жұмысын қайта бастайды

Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі дәстүрлі әнші-термеші, күйшілердің басын бір арнада тоғыстырып, еліміздің әр аймағында қалыптасқан өнер мектептерінің таңдаулы туындыларын дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған байқау, атадан-балаға мұра болып келе жатқан төл өнеріміз күй, жыр-термені дамытып, заманға сай жаңашаландырып, өскелең ұрпаққа насихаттауды көздейді.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрілігінің қолдауымен «Qazaqstan» РТРК» АҚ бірлесіп 2017 жылы «Мен  Қазақпын» атты халықаралық телевизиялық мегажобасын жүзеге асырған болатын.

«Qazaqstan» РТРК АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қарин биыл, «Мен қазақпын» жобасына еліміздің 14 аймағынан, 170 аудан қатысады деп жоспарланып отырғанын тілге тиек етті.

«Сондай-ақ, әдеттегідей шетелдегі қандастарымызды тарту үшін Ресейдің Астрахан, Моңғолияның Баян-Өлгей және Қырғызстанда ұйымдастыру жұмыстарын жүргізетін боламыз. Бұл жоба ұлттық төл өнерімізді дамыту ғана емес, жаңа есімдер ашумен қатар, еліміздегі әнші-термешілер мен күйшілердің өнерін кеңінен насихаттау», деді ол.

Өткен жылы, бұл ауқымды жобаға 3000-нан астам үміткер өтініш білдіріп,  облыстық іріктеуге 700-дей адам қатысқан болатын. Ал, Астанада өткен телевизиялық жобаға 57 өнерпаз бақ сынасып, өнерлерін ортаға салды. Үш айға созылған телевизиялық байқауда әнші, күйші, термешілердің үздігін анықтауға қазылар алқасымен бірге көрермендер де дауыс беру арқылы атсалысты. Осылайша «Мен қазақпын» мегажобасының бірінші маусымдағы шығарылымы Тәуелсіздік күні қарсаңында мәреге жетті. Жеңімпаздарды марапаттау Астана қаласы Орталық концерт залында өтіп, финалистер және өнер шеберлерінің қатысуымен гала концерт өтті.  Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған «Мен қазақпын» мега жобасына өнерпаздарды тарту үшін шет елдерге іссапар ұйымдастырылып, Қытай, Ресей, Моңғолия елдерінде тұратын қандастарымыз да өнерлерін көрсетуіге мүмкіндік алған болатын.

Жиынға қатысқан Мырзатай Жолдасбеков жаһандану заманын да әркімнің шылауында кетіп қалмау үшін, дербестігімізді, ұлттық кодымызды, атадан жеткен асыл мұрамызды сақтау керектігін алға тартты.

«Аталған жобаны ұйымдастырудағы негізгі міндет осы деп есептеймін. Біздің бала кезімізде мұндай ақпарат құралдары жоқ. Үлкендердің айтқан ертегі жырларымен ержеттік. Өз басым Майлықожаның өсиетімен өстім деп айта аламын. Өйткені ақыл мен парасатта, қайырымдылықта сонда», деді М.Жолдасбеков.

Сондай-ақ, жоба аясында әр өңірдің тарихына,  ел ішіндегі ағайынның тұрмыс-тіршілігіне байланысты 20 фильм  дайындалып, эфирге шыққан еді. Айта кетейік, шығармашылық ұжымның еңбегі лайықты бағаланып биыл өткен «Тұмар» Ұлттық телевизиялық байқауында «Үздік ойын-сауық жоба» аталымын жеңіп алды.

Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»