Білім • 20 Сәуір, 2018

Қостанай педагогикалық институты университет мәртебесін алды

1582 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түрлі өзгерістерді бастан кешсе де, еліміздің білім беру саласы ұдайы даму үстінде. Уақытпен бірге тыныстаған осы саланың дамуына Қостанай мемлекеттік педагогикалық инс­титуты қай кезеңде де орасан үлес қосып отырды. Уақыт сұранысын сезінген білім ордасы Үкімет қаулысымен педа­гогикалық университет мәртебесін алып отыр. 

Қостанай педагогикалық институты университет мәртебесін алды

Педагогика институтын бітірген қостанайлық жастар әрі қарай жоғары білімін магистратура, докторантура дәрежесінде жалғастыру үшін олар Алматыдағы екі жоғары оқу орнына немесе іргедегі Ресейдің педагогика университеттеріне баруы керек болатын. Институттан кейін отбасын құрып, мектептерде қызмет істейтін мұғалімдерге магистратурада оқу қиындық туғызатын. 

Жоғары оқу орнының жаңа мәртебесі бізге магистратура мен докторантуралық оқу бағдарламаларын ашуға заңды мүмкіндік берді. Біз психология және педагогика мамандығы бойынша магистратура лицензиясын алып та үлгердік. Алдағы жылдары түлектер 12-13 мамандық бо­йынша магистратура оқу бағдарламасын сырттан іздемей, өзімізде оқитын болады, дейді университет ректоры Еркін Әбіл. Сонымен қатар білім ордасында бір-екі мамандық бойынша докторантура оқу бағдарламасын ашуға дайындық жұмыстары жүргізілуде. 

Жаңа педагогикалық университетте студенттердің алаңсыз білім алуы үшін әлеуметтік қолайлы жағдай да жасалады. Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуінен бастау алатын жұмыстар қазірдің өзінде қолға алынды. Биыл 86 орындық бір жатақхананың құрылысы бас ­талады. Төрт жылда университетте барлығы 444 орындық жатақ­хана кешені бой түзейтін болады. Университет рек­торының айтуынша, алдағы жылдары білім ордасы студент­терді жатақханамен толық қамтиды. 

Қостанай мемлекеттік педагогикалық университеті институт болып тұрғанда да оған жастар тек Қостанай төңірегінен ғана емес, Қазақстанның солтүстік облыстарынан да келіп оқитын. Қазір «Серпін» бағдарламасы бойынша Қазақстанның оңтүстік облыстарынан, бір семестрге Қытайдан келіп оқып жатқан жастар бар. Жатақхана мәселесі шешімін тапқан уақытта университет ұжымы Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, Түрікменстаннан, көрші Ресейден де талапкерлер тартуды, оларға арнап қосымша бағдарлама жасауды да ойластырып отыр. 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ