Үкімет • 25 Сәуір, 2018

Үкімет отырысында мал шаруашылығын дамыту жайы қаралды

198 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мал шаруашылығын дамыту жайы қаралды. Сондай-ақ кедендік әкімшілендіруді жетілдіру, сонымен қатар медициналық жабдықтарды сатып алу, бірыңғай номенклатурасын қалыптастыру және сервистік қызмет көрсету мәселелері талқыланды.

Үкімет отырысында мал шаруашылығын дамыту жайы қаралды

Мал шаруашылығына маңыз беріледі

Етті мал шаруашылығын дамытудың 2018-2027 жылдарға арналған бағдарламасының тұжырымдамасымен Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев таныс­тырды. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы саласының стра­тегиялық даму бағыттарына тал­дау жүргізіліп, нәтижесінде ауыл­шаруашылық өнімдерін экс­портқа бағыттау және импортты алмастыруға бағытталған 15 басым бағыттар анықталған.
Министрліктің мәліметіне сүйен­сек, бағдарламаны жү­зе­­ге асыру жаңа мал өсіру­ші-фер­мерлер класын құру­ға мүм­кін­дік береді. Бағдар­лама аясында фермерлік шаруа­шы­лықтар са­нының 20 мыңнан 100 мыңға дейін өсуіне, ауыл тұрғындарына жұмыс орындарын 100 мыңнан 500 мыңға дейін ұлғайтуға, сондай-ақ ІҚМ санын 7 млн-нан 15 млн басқа дейін көбейтуге, сиыр және қой еті өндірісін 600 мың тонна­дан 1,6 млн тоннаға дейін арттыруға, экспорттан түсетін пайда көлемін $2,4 млрд дейін ұлғайтуға, бір жұмысшыға еңбек өнімділігін $1000-дан $8000-ға дейін өсіруге жол ашыл­мақ.

Ауыл шаруашылығы минис­тр­­лігі етті мал шаруашы­лығын дамыту бағдарламасын жүзеге асырудың нақты міндеттері мен мерзімдері көрсетілген егжей-тегжейлі жол картасын әзірлеген. Жол картасын АӨК-ті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына енгізу ұсынылған. 

Ал «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ бас­қарма төрағасы Нұрлыбек Мәле­лов өз баяндамасында Қаз­Агро құрылымы арқылы жаңа бағ­дар­ламаның жоба­сын іске асыру аясында фермерлік шаруа­шы­лықтарды – шағын бизнес субъек­тілерін қаржыландыру жос­пар­ланғанын атап өтті. Осы­лайша фермерлер малдарды одан әрі көбейтіп өсіру үшін төлдейтін мал сатып алуға, ауыл­шаруашылық техникасын және мал азығы өндірісіне жабдықтар сатып алуға, мал ұстайтын орындарды салуға, айналым қаражаттарын толықтыруға және бизнес жүргізуге қажетті өзге де мақсаттарға 15 жыл мерзімге пайыздық мөлшерлемені субсидиялауды ескере отырып, жылына 4%-ға несие ала алады. Биыл фермерлерді қаржыландыруға барлығы шамамен 50 млрд теңге бағыттау жоспарланған.

Бағдарламаның тұжы­рым­дамасы Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі сияқты халықаралық ұйымдар сарапшыларының қаты­суымен әзірленді, олар өз қара­жаттарын тарту арқылы бағ­дарламаны іске асыруға бел­сенді түрде атсалысатын болады. Мәселен, Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы өкілі Ато Браун өз сөзінде бұл бағдарлама Қазақстанның экономиканы әр­та­раптандыру тұрғысынан таң­даған өсу үлгісі үшін өте маңызды екенін айтты. Ауыл шаруашылығындағы сауданы дамытудың маңыздылығы аталып өтті, себебі қазақстандық өнімдер Ресей, Қытай және Орталық Азия нарықтарында жоғары сұранысқа ие. 

Сондай-ақ жиында «Ат­а­ме­кен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов өз кезе­гінде жаңа бағдарлама мал шаруа­шылығын дамытуға оң әсерін тигізетінін атап өтті. «Бұл бағ­дарлама тек етті мал шаруа­шылығы мәселелерін ғана емес, сондай-ақ жайылымдарды тиім­ді пайдалану, суармалы жайы­лымдардың көлемін арттыру секілді маңызды мәселелерді де қозғайды. Бағдарлама жем-шөп өндірісін дамытуға бағыт­талғанын ерекше атап өткім келеді», деді А. Мырзахметов.

Сонымен қатар ол Inalca Eurasia компаниясы жобаны қуаттылығы жылына 180 мың мал соятын ет комбинатының құрылысы бойынша іске асыруды мамыр айының соңында бастауды жоспарлап отырғанын айтты. Ал «Астық индустриясы» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі Әлжан Хабиев ұлттық бағдарлама ет индустриясында бизнесін дамыту үшін не қажет екенін анық түсінетін инвестор тілінде жазылғанын атап өтті. 

 Жиында сондай-ақ бірқатар облыс әкімдері және Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Ө.Шө­кеев сөз сөйледі. Мәселені қарау қорытындысы бойынша Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында аграрлық сектор экономиканың жаңа драйвері болуы керек деген міндет қойғанын еске салды.

Кедендік үдерістер автоматтандырылды

Үкімет отырысында кедендік әкімшілендіруді жетілдіру мәселелері бойынша «Астана-1» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі жобасын іске асыру барысы туралы Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов пен Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев баяндады.
Б.Сұлтановтың айтуынша, кедендік әкімшілендіруді жетілдіру «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының, биыл күшіне енген жаңа Кеден кодексінің нормалары аясында жүргізіліп жатыр. БҰҰ ЮНКТАД-пен бірлесіп «Астана-1» ақпараттық жүйесі енгізілуде. Мәселен, 2017 жылғы 1 қазаннан бастап «Кедендік транзит» кіші жүйесі іске қосылды, 200 мыңнан астам транзиттік декларация ресімделді, оның ішінде 92%-дан астамы (180 мыңнан астам транзиттік декларация) 1 минуттан аспайтын уақытта шығарылды. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап «Экспорт» кедендік рәсімі бо­йынша «Кедендік декларациялау» кіші жүйесі іске қосылған.

«Биылғы 1 сәуірден бастап импорт бойынша және қалған кедендік рәсімдер бойынша «Астана-1» ақпараттық жүйесі жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда импорт бойынша тауарларға арналған 16,3 мың декларация ресімделген, одан тауарларға арналған декларациялардың 90%-ы «жасыл дәліз» арқылы автоматты режімде шығарылды», деді Б.Сұлтанов.

Ал өз кезегінде Ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаев «Ақпараттандыру туралы» заңға сәйкес «Астана-1» ақ­па­раттық жүйесін құру туралы техникалық міндет бекітіл­генін айтты. Осы жылдың сәуір айында «Астана-1» ақпарат­тық жүйесі мен оны «Е-лицен­зиялау» Мемлекеттік деректер қо­рымен ықпалдастыру жүзеге асырылғанын жеткізді. Министр­дің мәліметінше, жол карта­сы әзірленіп, бекітілді. Оның ая­сында талап етілетін құжат­тар саны азайтылып, қызмет көрсету мерзімі 26 жұмыс күні­нен 8 жұмыс күніне дейін қысқар­тылады, сондай-ақ атқарылатын жұмыс жартылай автоматтандырудан толық автоматтандыруға көшіріледі. 

Бүгінде 63 кеден бекеті жер­дегі байланыс арналары арқылы, 8 өткізу бекеті – спутниктік байланыс арқылы желіге қосылған.
Сонымен қатар «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А.Мыр­захметов «Астана-1» АЖ-ны енгізу саласындағы мәселелер мен оның бизнеске тигізер пай­да­сы туралы айтып берді. Сон­дай-ақ Премьер-Министрдің бі­рін­ші орынбасары А.Мамин мен Премьер-Министрдің орын­ба­­сары А.Жұмағалиев талқы­лан­ған мәселеге қатысты пікір білдірді.


 
Медициналық жабдықтар жаңаруда

Жиында медициналық жаб­дық­тарды сатып алу, бірыңғай номенклатурасын қалып­тастыру және сервистік қыз­мет көрсету мәселелері жөнінде Денсаулық сақтау минис­трі Елжан Біртанов есеп берді. Министрдің мәлі­ме­тін­ше, жа­рақ­тандырудың ең тө­менгі нор­мативтеріне сәйкес ме­­ди­ци­налық техникамен жарақ­танды­рудың орташа пайызы 65,2%. Мемлекеттік денсаулық сақ­тау ұйымдарындағы меди­ци­на­лық техниканың тозуы 35%-дан астам. Медициналық тех­ника­ны жа­ңартуға деген қа­жеттілік жыл сайын 96 млрд тең­гені құрайды.

2016 жылдан бастап 2018 жыл­дар кезеңінде жалпы сомасы 128 млрд-тан астам теңгеге ме­ди­циналық техника сатып алын­ған. Бұдан өзге жыл сайын жер­гілікті атқарушы органдар мате­риалдық-техникалық жа­рақ­тандыруға жалпы сипаттағы трансферттер бөледі.

«Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін Денсаулық сақтау министрлігі медициналық техниканы пайдалану тиімділігін талдау мақ­сатында 2017 жылғы мамыр-маусым кезеңдерінде 2012-2016 жылдар аралығында сатып алын­ған техникаға кезең-кезең­мен тек­серіс жүргізді. Құны 5 млн-нан ас­там теңге тұратын меди­цина­лық техникаға талдау жа­сал­ды. Жүргізілген аудит қо­ры­тын­дысы бойынша бұзу­шы­лық­тар анықталып, тиісті шаралар қабылданды», деді Е.Біртанов. 

Қажеттілікке жүргізілген талдаудан кейін және МЖӘ мен лизинг арқылы жасалған шарттардың өсуінің оң қарқынын ескере отырып, министрлік осы механизмдерді қолдану арқылы денсаулық сақтау ұйымдарын жарақтандыру жөнінде шешім қабылдаған. 2016-2018 жылдар кезеңінде 4,9 млрд теңге сомасына 241 лизингтік жоба іске асырылған. «Жылдың соңына дейін медициналық ұйымдарды цифрландырып, оларға қым­бат тұратын медициналық жаб­дықтарды қосу арқылы барлық мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында мониторинг жүйесін енгізу жоспарланып отыр», деді Е.Біртанов.

Бұл бағытта өңірлерде жүр­гізіліп жатқан жұмыстар туралы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев, Атырау облы­сының әкімі Н.Ноғаев, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ.Ақ­са­қалов баяндады. Сондай-ақ «Ата­мекен» ҰКП басқарма төра­ғасы А.Мырзахметов пікір білдірді.
Премьер-Министр мәселені қарау қорытындысы бойынша Денсаулық сақтау министрлігіне жергілікті атқарушы органдармен және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп осы бағыттағы жұ­мыс­тарды жалғастыруды тапсырды. Бұдан өзге рационалды жоспарлау және медициналық техниканы сатып алудың жөнділігі мәсе­ле­леріне назар аудару тапсырылды. Бұл жабдықтың тұрып қалу және оны тиімсіз пайдалану қаупін азайтады.

Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»