Өнер • 26 Сәуір, 2018

Бурабайдағы тарих мұражайы жаңартылады

688 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

1999 жылы Бурабай курортты аймағында Абылай ханның 280 жылдық мерейтойына орай ашылған Тарих мұражайының сыртқы келбеті мен ішкі көрінісі жұтаң тартып тұрушы еді.

Бурабайдағы тарих мұражайы жаңартылады

Енді осы олқылықтың орны толтырылмақ. Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен жергілікті тұрғындар мен демалысқа келушілер үшін киелі өңірдің мәдениетін, тарихын және этнографиясын көрсететін аталған нысан жөндеуден өткізіліп, есігін қайта ашатын болады.

Негізінен мұражай «Бурабай Даму» Визит-орталығында орналасқан және көне дәуірден бастап қазіргі кезге дейінгі аймақ тарихын қамтитын үш залдан тұрады. Соның тарих залында қазақ қоғамының мәдени-шаруашылық салтымен жақын танысуға мүмкіндік бар. Ал екінші – этнография залында қазақтардың ұлттық қолөнері шығармашылығы, этномәдениеті және үй ша­руашылығында қолданған заттары қойылатынын атай кеткен орынды.

Үшінші залдың тұ­жырымдамасына сәйкес, мұн­да Бурабай аймағының та­биғаты мен тарихын зерттеуге үлкен үлес қосқан зерт­теушілер мен атақты акаде­мик­тердің өмір­лері мен шы­ғармашылығына қатысты жәдігерлер қойы­латы­ны белгілі болып отыр. Мұра­жай экспонаттарының денін жер­гілікті зерттеуші Әмина Тұр­­сынбаеваның материалдары құрамақ. Реті келгенде айта кетейік, Бурабайдың тарихы Абылай хан мен Кенесары есімдерімен тығыз байланыс­ты. Мұражайда сенсорлық дүң­гіршектер, LED-экрандар, мо­ноблоктар орнатылып, онда тарихи, танымдық фильмдер көрсетіледі. Және де Бурабай этнографиясы мен тарихы жө­нінде интерактивтік оқулар өткі­зіледі деп күтілуде. Аталған нысанның ашылуы 18 мамырға – Халықаралық мұражайлар күніне орайластырылып отыр.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы