Аймақтар • 07 Мамыр, 2018

Қасым Қайсеновтің 100 жылдығы туған жерінде тойланды

1914 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биыл - Халық ҚаҺарманы, партизан, жазушы Қасым Қайсеновтің дүниеге келгеніне 100 жыл. Бүгін Отан қорғаушылар мерекесінде батырдың туған жері Ұлан ауданының орталығы - Қасым Қайсенов кентінде дара тұлғаның ғасырлық мерейтойы кең көлемде аталып өтті.

Қасым Қайсеновтің 100 жылдығы туған жерінде тойланды

Мерейтойлық шаралар легі батырлар аллеясынан басталды. Қаһарманды еске алуға арналған митингте облыс әкімінің орынбасары Шалқар Байбеков, Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Дүйсенбинов, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет пен батырдың туысыНәйла Мәжренова сөз алып, құттықтауларын жеткізді. «Қасымның ерлігі – қазақтың ерлігі. Кешегі Қабанбайлар мен Көкжал Барақтардың лайықты жалғасы», деді облыс әкімі Даниал Ахметовтің құттықтауын оқып берген Шалқар Байбеков.

Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет өзінің құттықтау сөзінде Қасым Қайсенов батырлардың батыры, ердің ері, қаһарманның қаһарманы, қайраткер жазушы екендігіне тоқталып:

Қазақтың хас батыры Қасым ағам,

Намысы найзағайдай асыл адам.

Жауларын жай түскендей жайпаған жан,

Толыпты Толағайдай ғасыр оған.

 

Ажалдың қолы жетпес алыптарға,

Жеткізген алыптар ғой жарық таңға.

Қаһарман Қасым батыр мәңгі жасар,

Мәңгілік қазақ деген халық барда, - деп тілегін жыр шумақтарымен түйіндеді.

Митинг аяқталғаннан кейін алыс-жақыннан келген қонақтар «100 жылға - 100 тал» акциясының аясында ағаш көшеттерін отырғызды. Мерекелік шаралар бұдан әрі аудандық Мәдениет үйінде жалғасын тапты. Салтанатты шара Ұлан ауданының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың құттықтау сөзімен ашылды. «Біз бабамыздың мерейтойын Отан қорғаушылар күніне әдейі орайластырып қойдық. Өйткені, батырдың өмірі, қайсарлығы, қиын-қыстау заманда төккен қаны мен тері бүгінгі өскелең ұрпаққа, Отан қорғаушыларымызға үлгі-өнеге. Ұлы Отан соғысына біздің ауданнан 9 499 адам аттанса, соның 2447-сі елге оралмаған, 1547-сі хабарсыз кеткен. Осы 9 мыңның барлығы да батыр,  ал Қасым Қайсенов - жарық жұлдыз»,  деді ол.

Салтанатты шара барысында Семейдегі «Жидебай Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық музейінің директоры Болат Жүнісбеков Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құтықтау хатын оқып берді.

Жиында сөз алған жазушы, журналист Сәдібек Түгел Қасым Қайсеновтің батыр замандастарымен қарым-қатынасы мен сыйластығын тілге тиек етті. «Бауыржан Момышұлы атамызды Ұлы Отан соғысының 10 жылдығында туған жері Жуалы жұрты қонаққа шақырып, сый-құрмет көрсетіпті. Баукең жанына Қасым Қайсеновті ерте барыпты. «Бауке, соғыс, ерлік, батырлық туралы айтыңызшы» деп қолқалапты жерлестері. Сонда батыр бір сағатқа жуық уақыт сөйлеген сөзінің көбін Қасым ағаға арнапты. «Халқым, Сіздерге батыр керек пе? Міне, Қасым Қайсенов. Сіздерге жаужүрек керек пе? Міне, Қасым Қайсенов. Кешегі қараңғы түндерде, Карпаттың ну ормандарында жау тылына түсіп, фашистердің зәресін алып, мойындарын бұрап, бізге жол ашқан - Қасым Қайсенов» деп ұлы Бауыржан Момышұлы Қасекеңе үлкен баға беріпті. Батырдың батырды мойындауы. Батырдың батырға құрметі. Заманында Қасым атамызға Украйна мен Беларуссияның бүкіл партизандары, жауынгер достары,  қолбасшылары, зиялы қауым өз бағасын беріп кеткен», деді жазушы.

Батырды еске алуға арналған салтанатты жиын барысында көрермендер назарына Өскемендегі облыстық драма театр әртістері әзірлеген «Ер Қасымы қазақтың» атты композиция ұсынылды. Дара тұлғаның ғасырлық тойына арнайы келген белгілі актер, Қасым Қайсенов туралы түсірілген сериалда батыр рөлін сомдаған Қуандық Қыстықбаев та бұл күні сахнаға шығып, монолог оқып берді. Актер қаһарманның жерлестеріне өзі түскен сериал жайында да әңгімелеп, бұл туынды өзіне үлкен жауапкершілік жүктегенін, сонымен қатар аталған киноның режиссері Қасым Қайсенов туралы тағы да «Арсенал» атты 4 серияның сценарийін жазып қойғанын, алайда қаржының жоқтығынан түсіруге мүмкіндік болмай жатқанын да сөз арасында айтып өтті. «Режиссермен хабарласып тұрамын. «Сценарийдің жазылғанына 4-5 жылдың жүзі болды. Қазақ халқы өз батырларыңды құрметтемейді екенсіңдер» деп намысыма тиіп қояды. Бұл енді болашақтың еншісіндегі іс. Жаны жомарт жандар табылса кино түсірілер деп ойлаймын», дейді ол.

Салтанатты шара барысында Ұлан ауданының құрметті азаматы, меценат, Ауған соғысының ардагері Қайрат Мусин батырдың 100 жылдығына арнайы шығарылған орденді аудан әкімі Н.Сақтағановқа, батырдың ұлы Болатқа, Б.Дүйсенбиновке, Ұ.Есдәулетке, М.Мұзапаровқа, С.Түгелге, Е.Нұразхан мен Қ.Қыстықбаевқа табыс етті. Сонымен қатар Ұлан ауданының әкімі Н.Сақтағанов батырдың ұлы Болат Қайсеновке көлік кілтін тапсырды.

Мерекелік шара бұдан ары бокстан жасөспірімдер арасындағы республикалық турнир мен халықаралық әскери-патриоттық ән байқауымен жалғасты.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Ұлан ауданы

Суреттерді түсірген Тілеубек ШАЯХМЕТ