Қазақстан • 14 Мамыр, 2018

Жаңаарқалық жаужүрек – ел жадында

485 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қарағанды қаласының іргесіндегі Спасск әскери полигонында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде ұрпаққа үлгі болар тарихи негізді шара өтті. Ұлы Жеңіс мерекесі мен Курск иініндегі әйгілі шайқастың 75 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған «Та­рихта қалған батырлар» атты әске­ри квест Кеңес Одағының Батыры Аман­тай Дәулетбековтің ерлігіне арналды. 

Жаңаарқалық жаужүрек – ел жадында

Амантай Дәулетбеков 1917 жылы Қара­ғанды облысының Жаңаарқа ауданында туған. 1943 жылы Поныри қалашығы маңын­да болған қиян-кескі ұрыста ішінде жаңаарқалық жауынгер де бар шағын әскер жау қоршауында қалады. Бар күшімен лап қойған жауға ақтық деміне дейін қарсы тұрып, табандылық танытқан ерлер өңмеңдеген басқыншылардың бетін қайтарды. Ерлікпен қаза тапқан Амантай Дәулетбековке Кеңес Одағының Батыры атағы­ беріледі.

«Дала сахнасындағы» көріністі соғыс уа­қытындағыдай әсерлі ету үшін «Ас­тана» өңірлік қолбасшылығы шараға қаты­сушыларды полигонмен қатар, әскери техникамен, артиллериялық қарулармен, дала асха­насымен, медициналық палаткалармен қамтамасыз етті. Ал жау әскерлерінің рөлін ойнау үшін «Орталық» өңірлік қолбасшылығының әске­рилері арнайы келді. 

Шараға дайындық жұмыстары жоғары деңгейде жүргені байқалады. Екі жақтың әскерлеріне, санитарларға тігілген арнайы киім үлгілерін айтпағанда, әр тараптың өзіне сай қару-жарақтардың макетіне дейін көрер көзге шындай етіп жасалған.

Әскери-тарихи квестке екі жүзден астам адам қатысты. Олардың дені негізінен колледж студенттері, спортшылар және басқа да ерікті қатысушылар. Оларды тасымалдау үшін арнайы автобустар да бөлінген. Шараны Қарағанды қаласының әкімдігі мен мәслихатының, «Нұр Отан» партия­сы қалалық филиалының қолдауымен, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі және Жаңа Майқұдық мәдениет үйі ұйымдастырды.

Даладағы көрініс оны көрген жандарды, әсіресе құрметті қонақ ретінде шақырылған соғыс ардагерлерін айтарлықтай әсерге бөледі. Әрекеттердің шынайылығынан болар, үлкендер жағы көзіне жас алды. Ұлы Отан соғысының ардагері Григорий Степенко айтқандай, жас ұрпақ бабаларының ерлік істерін естен шығармауы үшін осындай ша­ра­ларды жиірек ұйымдастырып отырған абзал.

Осы шараға Амантай Дәулетбековтің шөбересі Рахман Әбішев арнайы шақырылған болатын. «Адамзат үшін қасіретті шақтар қайталанбауы тиіс, – дейді батырдың ұрпа­ғы. – Елбасы Н. Назарбаевтың ұстанып отыр­ған бейбіт саясатының арқасында қазір аспанымыз ашық, күніміз шуақты. Жүзден астам ұлт­тар бір шаңырақтың астында тату-тәтті тір­лік кешіп жатырмыз, осы мамыражай өмі­ріміз мәңгілік деп сенемін».

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ