Қазақстан • 17 Мамыр, 2018

Цифрлық инфрақұрылымды дамыту маңызды

1143 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2017 жылғы атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарлары туралы халық алдындағы есептік кездесуі өтті. Жиынға Астана қаласының тұрғындары, сарапшылар қауымдастығының және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Жиында баяндама жасаған министр Дәурен Абаев ведомство алдына қойылған міндеттердің орындалу барысына тоқталып, ақпарат пен коммуникация, сондай-ақ халыққа қызмет көрсету салаларында жүзеге асып жатқан жобалар туралы мәлімдеді.

Цифрлық инфрақұрылымды дамыту маңызды

Елбасы бастамалары, еліміздің ақ­па­­рат­­тық саясаты, мемлекет ат­қа­рып жатқ­ан іргелі шаралар ту­ра­лы халық­қа жан-жақты ақ­па­рат беру ісінде респуб­лика­лық Бірың­ғай медиа жоспардың тиім­ді жүзеге асып жатқанын атап өт­кен ми­­нистр телекоммуникация инф­ра­құры­лы­мын дамыту ба­ғы­тын­дағы ілкімді істерге де тоқ­талды. 

Соның ішінде, ерекше атап айтатын мәселе, министрлік биылдан бастап еліміздің аймақтарын кезең-кезеңімен цифрлық хабар таратуға көшіре бастайды. Жыл соңына дейін Маңғыстау, Жамбыл мен Оңтүстік Қазақстан облыстарында телерадио хабарларын тарату ісі толық цифрлық форматқа алмастырылады. Сонымен қатар, аналогтық хабар тарату тоқ­татылады. Ал еліміздің өзге де өңір­­лері цифрлық хабар тара­туға 2020 жыл­дың соңына дейін көшіріледі деп жоспар­ланып отыр. Бұл жоба еліміздің көрші елдермен іргелес жатқан елді мекен­дер­ге қатысты көптен бері айтылып келе жатқан өзекті мәселе – жергілікті тұрғындар үшін отандық телеарналар мен радиолардың қолжетімді болуын қамтамасыз етпек. 

– Ауылды жерлерде 15-ке жуық, ал облыс орталықтарында 30-дай жоғары сапалы телеарна тегін көрсетіледі. Сондай-ақ «Отау ТВ» отандық спутник операторын дамыту мақсатында жаңа «Отау+» ақылы пакетін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Оның құрамында шетелдік түрлі жанрдағы белгілі 14 телеарна болады, – деп атап өтті Дәурен Абаев. 2017 жылдың соңында Ақпарат және коммуникациялар бағытындағы заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізіл­генін айтқан министр, қоғамдық орын­дарда, мемлекеттік органдар мен ұйым­дарда тек қана отандық телеарналарды көрсету қажеттілігі туралы міндет­теме белгіленгенін алға тартты. Сондай-ақ Елбасы тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясын­дағы жобалар жөнінде баян­дай келе, қала мен ауыл арасындағы цифрлық теңсіздікті жоюдың маңыздылығына екпін қойды.

– Қазір еліміздің 13 миллионнан астам тұрғынына жоға­ры жылдамдықты интернет қол­жетімді. 10 мыңнан астам тұрғы­ны бар елді мекендерде 3G, ал 50 мыңнан астам тұрғыны бар елді мекендерде 4G үлгісіндегі байланыс орнатылған. Өткен жылы еліміздегі барлық аудан орталығы 4G үлгісімен қамтылды. Министрліктің алдағы уақытта атқаратын міндеті – ауылдық елді мекендерге кеңжолақты интернет жеткізу. Ол үшін қазіргі кезде Мемлекет пен жекеменшік серіктестігі бойынша тиісті жоба іске асырылып жатыр. Аталған жоба аясында 2021 жыл­ға дейін 2 миллионнан астам тұрғыны бар 1249 ауылдық елді мекен жоғары жыл­дам­дықты интернет желісімен қамты­лады, – деді Дәурен Абаев. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығын цифрлан­дыру, электронды сауда мен қаржы тех­но­логия­ларын дамыту сынды бағдарла­ма­ның негізгі мін­деттеріне жол аша түсері сөзсіз. 

Халыққа қызмет көрсету саласында да атқарылған жұмыстар ауқымды. Бүгінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы барлық мемлекеттік қызметтердің 83 пайызын (621 қызмет) көрсетіп келеді.

Экономикалық тиімділікті арт­тыру­дың заманауи мүмкін­дік­терін дамыту бойынша министр­лік проактивті қызмет­тер (ХҚКО-ға баруды талап етпей­тін), «Paper free» принципі (толы­қтай қағазсыз үдеріс), цифр­лы халыққа қызмет көрсе­ту орталықтарын құру бағыт­тары негізінде атқарылатын мін­дет­терді жалғастыра бер­ді. Бұл тараптағы жобалау про­цес­тері бойынша тәжірибе же­тіле түсетінін айтқан министр жыл соңына дейін цифрлы ха­лыққа қызмет көрсету орта­лық­­­тары республиканың әр облыс орталығында ашылатынын жеткізді. 

– Енді ХҚО-ның жұмысы толығымен авто­маттандыры­лып, қызметтерді опера­тор­дың көмегінсіз алуға болады. Алғаш рет мұндай ХҚО Астанада жыл басында ашыл­ған еді. Оның ашылуына дейін рези­дент емес тұлғалар алты мекемеге де­йін ба­рып, әрқайсында жеке кезекке тұруға мәж­бүр болатын. Бүгінде бұл қызмет­тер­дің барлығы бір жерде «бір терезе» қағи­да­ты бо­йынша беріледі, – деді министр.

Жұртшылықпен кездесуде министр ұялы байланыс қызметіне, электронды үкімет жұмысына, БАҚ саласындағы мәселелерге қатысты жиынға қатысушы­лар қойған және министрлік блогына келіп түскен бірқатар сұрақтарға жауап берді. Министрдің сөзіне қарағанда, шалғайдағы елді мекендерді ұялы байланыспен қамту шаралары жалғаса береді. «Қазір мыңнан астам тұрғыны бар елді мекендерде ұялы байланыс бар. Тағы осындай 500 елді мекенге байланыс қызметін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл тарапта ұялы байланыс операторларына тиісті міндеттемелер жүктелді», деді халыққа есеп беру кездесуінде Ақпарат және коммуникациялар министрі. 

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»