Білім • 22 Мамыр, 2018

ҰБТ форматында өзгеріс жоқ

505 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жуырда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында, Білім және ғылым министрінің орынбасары Асхат Аймағамбетов пен «Ұлттық тестілеу орталығының» директоры Рамазан Әлімқұлов биылғы ұлттық бірыңғай тестілеу науқанына дайындық туралы әңгімеледі.

ҰБТ форматында өзгеріс жоқ

Ағымдағы жылы ҰБТ алдын ала белгіленген 167 орында өтеді. Оның ішінде 48-і жоғары оқу орнында, 3-еуі колледж­дер­де, 116-сы мектеп базасында ұйымдастырылмақ. Р.Әлім­­құлов­тың айтуынша, биылғы ҰБТ форматында өзгеріс жоқ. Яғни был­тыр қабылданған жаңа формат нег­ізінде өтеді. 2017 жыл­­дың 1 қаңтарындағы «Білім туралы» заңына енгізілген өзге­ріс­терге сәйкес, мектеп бітірушілерге арналған емтихандар екі ке­зеңнен тұрады. Оның бірі қорытынды аттестаттау болса, екін­шісі – ҰБТ.

– Биыл ҰБТ сынағы он бесінші мәрте өтпек. 2004 жылдан бері ҰБТ-ға 1 млн 600 мың адам қатысты. Жыл өткен сайын тестілеу технологиясы жетілдіріліп келеді. Соңғы екі жылда апелляцияға берушілер саны екі есеге төмендеді. Ағым­дағы жылы сұрақтарды жетілдіру бойынша бірқатар жұмыс атқарылды. Әсіресе функциялық сауаттылық бо­йынша тест тапсырмалары әлдеқайда жетілдіріле түсті, – деп атап өтті вице-министр А.Аймағамбетов.

Бұл тарапта Р.Әлімқұловтың айтуынша, тест сұрақтары­ның 50 пайызы жаңартылған. Мәселен, былтыр 40 мың сұрақ болса, биыл 119 мың сұрақ бар. Оның ішінде 3 мыңдай сұрақ ағылшын тілінде. Осы 119 мың сұрақтың 11 пайызы функ­циялық сауаттылық бойынша, ал 37 пайызы бір немесе бірнеше дұрыс жауаптарға құрылған сұрақтар болып келеді.

ҰБТ-ға қатысуға өтінімдерді қабылдау ағымдағы жылдың 10 наурызынан 10 мамырына дейін жүргізіледі. Ал тестілеу уақыты биылғы 20 маусымнан 1 шілдеге дейін өткізіл­мек. Биыл мектепті 146 мың түлек бітірсе, олардың басым бөлігі ҰБТ-ны қазақ тілінде тапсыруға өтінім бергені қуан­тады. ҰБТ 5 пән бойынша, атап айтқанда 3 міндетті және таң­даған мамандығына сәйкес 2 бейінді пән бойынша өтеді.

Айта кетерлігі, ҰБТ байқауында «Алтын белгі» иелерінің жина­ған балы өзгелермен тең болған жағдайда ғана басым­дық­қа ие болады. Биыл 7 мыңға жуық «Алтын белгі» иелері ҰБТ-да бағын сынамақ. Сондай-ақ ҰБТ-ны ағылшын тілінде тапсыруға болады.

Былтыр аудиториялардан тікелей онлайн трансляция жүйесі енгізілгені белгілі. Бұл ҰБТ-ның ашық, әділ өтуін қамтамасыз етеді. Былтыр онлайн көрсетілім 35 пайызға қолданылса, биыл цифрландыру бағдарламасы аясында бұл көрсеткіш арта түспек. Ұлттық тестілеу орталығының басшысы тестілеу кезінде «Мемлекеттік құпия туралы» заңға сәйкес ешбір жауап алдын ала берілмейтіндіктен ата-аналар мен талапкерлердің «тестілеу жауаптары» ретінде алдын ала сататын алаяқтарға алданбауын, тек өз біліміне сенуі, берілген уақытты тиімді пайдалануы керектігін өтінді.

Сондай-ақ биыл Елбасының бес әлеуметтік бастамасы аясында қосымша 20 мың грант бөлінді. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтарға арналғандықтан талапкерлердің басым бөлігі физика мен математика пәнін таңдауға құлшыныс танытып отыр.

Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»