Тарих • 23 Мамыр, 2018

Есімі елдің есінде: Әбубәкір Әлиұлы

1254 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Кешегі қияметі де қиянаты да көп, Кеңес Одағы дейтін қы­­зыл империяның тұсында да қайнаған өмір, қарбалас тіршілік болды, қазақтың талай азаматы қайраткер атанды, маңдайы жарқырап съездер мен сессиялардың төрінде отырды. Сол кезеңде бұйырған қыз­метті біз де абыроймен атқар­дық. Елге белгілі талай аза­мат­тармен аралас-құралас та бол­дық. Көпшілігін ардақтап аға тұттық. Аруағыңнан айна­лайын Димекеңнің нұрына бал­қып, шапағатына шомылдық. Асан­бай Асқаровпен, Әліпбай Алыбаевпен, Өзбекәлі Жәні­беков­пен, Өмірбек Жолдас­бековпен, сол тұста-ақ жалындап келе жатқан жас жолбарыс Нұрсұлтан Назарбаевпен сыйлас та сырлас болдық.

Есімі елдің есінде: Әбубәкір Әлиұлы

Өмірдің өзі жолықтырған, тағдыр табыстырған, қанаттаса қызмет атқарған сондай асыл ағалардың бірі – Әбубәкір Әлиұлы Тыныбаев еді. Аңқыл­даған ақкөңіл, кіршіксіз таза, сезімтал да сергек кісі еді. Әбе­кеңмен ол кісі Талдықорған об­лыс­тық партия комитетінің бірінші хатшысы боп келген кезден бастап ағалы-інілідей жақын араластық.

Қай заманда болмасын ер-аза­маттың халық алдында атақ-абыройының артып, бе­­дел құрметке бөленуіне ел үшін атқарған еңбектері ықпал ете­тіні анық. Адал еңбек, төк­кен тердің арқасында Әбу­­бәкір Әлиұлы елімізде су ша­руа­шылы­ғы саласының белгілі маманы болды. Ке­зінде Әбе­кеңнің Мелиорация және су ша­­руашылығы министрлігін, одан кейін Тал­дықорған облысын басқарып, кең-бай­тақ Қазақ жерінің ерні кезерген ал­қап­тарын ернеуінен суға толтырып, мәуелі баққа айналдырғаны біздің бұл айт­қанымыздың айқын дәлелі бола алады. 

Әбубәкір Әлиұлы таршылық заманда туып, қиыншылықта  ғұмыр кешкен, бейнеттің ауыр тауқыметін тарта жүріп, өзінің күш жігер-қайратымен, ақ адал еңбегімен ерте есейіп ел қатарына қосылған азамат. Ешнәрсе өзді­гінен бола қалмайтынын, бар­лығы да ерен еңбекпен, жан­кешті тірлікпен келетінін ұғын­ған қайраткер. Әбекеңнің Тал­дықорған облысын басқарған, ел үшін бел жазбай еңбек еткен кез­дерін әрқашан сағынышпен еске аламын. Жұмысты жанын беріп істейтініне, тазалығына, адалдығына, өзіне тапсырылған жауап­кершілік жүгін сезінетін азаматтық болмысына әркез тәнті болушы едік. 

Әбекең әсіресе кіндік қаны тамған Сыр өңірінің өсіп-өр­кендеуіне өлшеусіз үлес қосты, мұны қалың жұртшылық әлі күн­ге ұмыта қойған жоқ. Ол Қазалы аудандық партия комитетінің бі­рінші хатшысы болған жылдары туған жерінің еліміздегі ауыл шаруашылығына қолайлы аймаққа айналуы үшін барын салды. Жазы ми қайнатар ыстық аймақта ауыл шаруашылығын өркендету үшін бірінші кезекте суландыру жүйесін шешу аса маңызды мәселе еді. Бас­тауын көрші елдерден алатын Сырдарияның суын жаз айларында үнемді пайдаланып, ел игілігіне жарату мәселесі сол кез­­де шешілген болатын. 

Су шаруашылығы бойынша маман­дан­ған Әбубәкір Тыныбаев ағамыз бұл мәселені оңтайлы шешуге өзінің алған білімін барынша пайдаланып, шаңы шығып жататын ауданды ақ күріші жай­­қал­ған жасыл желекке айналдырды. Бұл шындығында сол кезде талай басшыларды ойлан­дырып-толғандырған мәселе еді. Сол үшін де Әбекеңді Қазалы жұрты әлі күнге дейін аузынан тастамай әңгіме қы­лады. Су тап­шылығынан зардап ше­гіп, тұйыққа тірелген жылдары қиын­дық­тан қисынды жол тауып шық­қан тап­қырлығын оның зор еңбегін, білімі мен болмы­сын, ұтқыр ойын, ұтымды ұйым­­дастырушылық қабілетін, аза­мат­тық ар-ожданын жерлес­тері жоғары бағалайды. 

Ертеректе ағамыздың су ша­р­уа­шылығына қатысты айт­қан мына бір әңгімесі есімде қа­лып­ты. «Сырдарияның оң және сол жағалауында орналас­қан шаруашылықтарға суды бұрын­ғыдай бір мезгілде емес, күн аралатып беру жүйесін ен­гіздік. Өйткені су көлемі өскен сайын оның ағыны да күшейеді. Демек, су бір жақ жағалаудағы шаруа­шы­лықтарға толық мөлшерде, қажетті  мер­­зімде  жететінін бай­қадық. Су­дың ағыны күшейіп, жүр­дек болған са­йын оның ысырабы  азаяды. Су топыраққа сіңіп, буға айналып үлгермейді. Егер суды бөлген жағдайда оның діттеген жеріне жетуі өте қиын. Қызылорданың су ша­руа­шылығын басқарған жылдары осындай амал-тәсілдерді қолда­нып, шаруашылықтарды судан тарық­тыр­мау­ға бар күш-жігерімді жұмсадым»,  дейтін еді.  

Әбубәкір Әлиұлы Қазалы ауда­нын бас­қарып тұрғанда іргелес жатқан Арал ауданының хатшысы болған Тәкей Есетов ағамыздың Әбекең жайында мына бір естелік айтқаны бар еді.

– Арал мен Қазалының шекарасында «Ақбай» деген алқап бар. Сол жерге Әбубәкір замандасым көптен бері көз тігіп жүріпті. Бір күні кездескенімізде «Қос ауданның халқы еңбекқор, егін егіп, оның пайдасын көрейін десе су тапшы. Егер «Ақбай» алқабынан су қоймасын салатын болсақ, жер емген шаруалар ала жаздай егінін суарып, қамбасын дәнге толтырып алар еді. Екі ауданның күшін біріктіріп, су қоймасын салайық, кейін болашақ ұрпақ бізге алғысын айтып жүреді» деп ұсыныс жасады. Су саласының білікті маманы ретінде облысымызға аты шық­қан Әбекеңнің бұл ойы менің көкейіме қона кетті. Су иесі Сү­лей­меннің өзі берекелі іске бел буып, білек сыбана кіріскенде мен қалай бас тартайын. Қолдай кеттім. Міне, сол Әбекеңнің бас­тамасымен пайда болған сол су қоймасының қызығын Қаза­лы мен Арал халқы әлі күнге дейін көріп келеді. Мұны енді кемең­герлік демей, не дейсіз? – деп Тәкей Есетов ағамыз ағынан жа­рыл­ған болатын.

Мейірім бар жерде адамгер­шілік қалыптасады. Ағамыздың балалық шағы жылылық пен мейірімге толы қарапайым қазақ ауы­лында өтті. Қарапайым от­ба­­сында тәрбиеленіп, еңбек­­сүйгіштік бала жастан қалып­тасты. Өнегелі отбасында тәлім алған Әбубәкірдің өмірде қарақан басын ғана емес, халық мүддесін ойлайтын елжанды азамат болып өсуіне сол ата-ана тәрбиесі көп септігін тигізді. 

Қызылорда облысында табан аудармай еңбек еткен 18 жыл ішінде Әбубәкір Әлиұлы кү­ріш дақылын суарудың жаңа­ инженерлік алқаптарын жоба­лау­ға, тың жерлерді игеруге, об­лыс­тың бар­лық аудан­­да­рын­да үлкен  каналдар са­луға белсене қатысты, көлде­тіп суа­ру жүйесін дамытты. Соны­мен қатар Сыр өңірінде Әбу­бә­кір Әли­ұлының ті­келей қаты­суымен жайылымдарды су­ландыру, елді мекендерді сумен қам­та­масыз ету жөнінде үлкен жұ­мыстар ат­қарылды. Облыста ауыл­шаруашылық да­қылдарын егетін алқаптардың көлемі күрт артып, Сырдың ақмаржаны атанған – күріш дақылының өнім­ділігі облыс бойынша әр гектарына шаққанда 50 центнерге дейін жетті. Суармалы жерлердің жалпы көлемі 235 мың гектарға дейін ұлғайып, күріштің ауыспалы егісі 150 мың гектарға дейін артты. Нәтижесінде Қызылорда об­лысы еліміздегі негізгі күріш өсіруші аймаққа айналып, Одақ бо­йынша күріштің бестен бірін, ал Қазақстан бойынша 75 пайызын өндіретін мүмкіндікке ие болды.

Өз басым сол жылдары ел бас­қа­рып, халық мүддесі жолында аянбай ең­бек еткен азаматтардың өмір жолынан қазіргі биліктегі басшылар үлгі-өнеге алуы керек деп есептеймін. Ол кез­дегі бас­шылардың көпшілігі шетінен идея­шыл, мақсаткер еді. Алға қойған мақ­сатына қол жеткізу жолында бар күш-жігерін сарп етіп жұмсайтын-ды. Бүгінде Әбекеңдей еңбекқор, мемлекет мүддесіне жан-тәнімен берілген адамдар көп емес. Өз басым сонау Кеңес заманында үндемей жүріп үйдей іс тын­дыр­ған асыл азаматтардың тізімін жасай бас­тасам Әбубәкір Әлиұлы есімі бір­ден ауызға орала кетеді. Сол сәтте-ақ тұғыр­лы тұлғаның еңбек жолы, кісілік кел­беті әсерлі фильм көргендей көз алдың­нан өтіп, жан дүниеңді шуаққа бө­­леп, көңіліңді жадыратады. Сол сияқ­ты Әбубәкір Әлиұлымен бол­ған әрбір кездесудегі әңгімесі жадымда жаң­ғы­рып тұрады. Әдетте көп журналистер: «Адам бойындағы қандай қасиеттерді бағалайсыз?» деген сауалды қойып жатады. Оларға Ұлы Абай айтқандай, адам бойында болуға тиіс талап, еңбек, те­рең ой, қанағат, рахым сынды асыл қасиеттерді бала кезден бойға сіңіріп, үнемі ұштап отыру керек екенін айтамын. Өз басым Әбекеңнің  бойынан осы­ данышпан Абай көрсетіп берген бес асыл қасиетті анық байқағандай боламын. Бес асыл қасиетті бойына жиған адамды өмірі текке өтпеген «нағыз адам» деп атайтынымыз да содан. 

Иә, адам баласы анасынан ақылды болып тумайды. Бірақ Құдай берген сананы ұштап, өмірдің ащы-тұщысын татқан адам ақылы толысып, салмақты адамға айналатыны сөзсіз. 

Сол себепті де парасат-пайы­мы жоғары, ақыл-ойы асқақ, сезімі сергек, білімі терең, таби­ғаты таза,  өрісі  кең, өресі  биік, бітімі  бөлек Әбекеңдей ұлт­жан­ды азаматты өзіме парасатты аға санап, оның бойындағы асыл қасиеттерін үнемі өзіме үл­гі еттім.  

1977 жылы Талдықорған педагогика институтының ректоры болып тағайындалып, білікті ма­ман дайындау ісіне бел буып, білек сыбана кірістім. Сол кезде Талдықорған облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Әріпбай Алыбаев ағамыз еді. Әріпбай ағамыз өз ортасына іскерлігімен танылған талапшыл басшылардың бірі болатын. Мал шаруашылығы са­ласын бір кісідей білетін Алыбаев мен ректорлық қыз­метке тағайындалғаннан кейін Жетісуда көп аялдаған жоқ. Ша­руаның жайын жетік білетін маман орталық билікке қажет болғаннан кейін Әрекең Ет-сүт өнеркәсібі министрі болып тағайындалып, Алматыға ауысты. Осы аралықта Сақан Құсайынов Талдықорған облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалды. Бірақ сол жылдары қуаңшылық болып, күйі қашып, шатқаяқтаған шаруашылықты тез арада оңал­ту­дың сәті түспеген соң, Дін­мұхамед Қонаев облыс басшысын ауыстырып Жетісуға сол кезде республиканың суландыру ісіне көп еңбек сіңірген Әбубәкір Тыныбаевты тағайындады. 

Әбубәкір Әлиұлы Талды­қорған облысының басшылығына келгеннен кейін көп уақыт өтпей-ақ, Жетісу жері түлеп сала берді. Ол кісінің қажырлы еңбегінің арқасында 1981 жылы облыс қол жеткізген толағай табыстардың ар­қасында КОКП Орталық партия комитетінің, КСРО Министрлер кеңе­сі­нің, Бүкілодақтық кәсіподақтар кеңе­сінің және Бүкілодақтық орталық комсомол комитетінің ауыс­палы Қызыл Туын жеңіп алды. Ал 1983 жылдың қо­рытындысы бойынша Қазақстан Орталық партия комитетінің, ҚазКСР Ми­нистрлер кеңесінің және Қа­зақ­­станның кәсіподақтар кеңе­сі­нің, Қазақстан ор­талық комсомол коми­те­тінің ауыспалы Қызыл Туы тағы да Талдықорған облысының көгінде жел­бірегені есімде. 1982-1984-1985 жылдары ауа райы ауыл шаруашылығы сала­сына қолайсыз болса да Талдықорған облысы КСРО-ның бес жылдық жоспарын жоғары деңгейде орындап, биік белесті бағындырды. Сондай-ақ облыс орталығы Талдықорған қаласында біраз  жұмыстар атқа­рылды. Қала тазалық жағынан шырайлы шаһар мәртебесіне ие болып, Кеңестер Одағының Орталық партия комитетінің, КСРО Министрлер кеңесінің, Бүкілодақтық кәсіподақтар ке­ңе­сінің және Бүкілодақтық комсомол орталық комитетінің ауыс­палы Қызыл Туына ие бол­ды. Осылайша Әбубәкір Тыны­баев аз ғана уақыттың ішін­де Талдықорған облысын Қа­зақ­станды былай қойып, бүкіл Одақ бойынша экономикасы қуат­ты өңірге айналдырып, елі­міздің абыройын асқақтатты. 

Ол кезде Димекең аталған облысты басқаруды кез келген адамға сеніп тапсыра бермейтін-ді. Оның өзіндік сыры да бар-тұғын. Тұтас республика көз тігіп отырған облыстағы жүйелі жұмыс тұтас республиканың түпкілікті экономикасына ықпал ететіні белгілі. Сондықтан Ди­ме­кең облыстың бірінші хатшы­лығына бейнелеп айтсақ от пен судан өткен, жұмыстың мә­нін біліп, ұршықтай үйіретін азамат­тарды тағайындауды дағ­дыға айналдырған болатын. Менің жұмысым шаруашы­лық жұмыстарымен тікелей сабақтасып жатпаса да, Әбекең­мен жақын араласып, жақынырақ танысудың сәті сол жылдары түсті. 

Біздер көбінде Әбекеңді су шаруа­шылығы саласында қамшы салдырмай жұмыс істеп, биік белесті бағындырған басшы ре­тін­де танимыз. Иә, Әбубәкір Әлиұлының республиканың суландыру жүйесін дамытып, Қазақстанды Иран бағына айналдыру жолында сіңірген еңбегін ешкім жоққа шығара алмайды. Әбекең әсіресе Талдықорған облысын басқарған сәтінде бойында жаңа іскерлік қабілетін таныта түсті. Сол жылдары ағамыздың орталық билікте әбден ысылып, мол тәжірибе жинағанын анық аңғардым. 

Әбубәкір Әлиұлы Талды­қор­ғанды басқарған 1981-1986 жылдары облыстың шаруашылық саласы оңалды, елді мекендерде мәдениет үйлері, жаңа жо­бамен аурухана, орта мектеп, балабақшалар салынды. Осылайша жұмысты тиімді бас­қарудың арқасында Жетісу аз ғана уақыттың ішінде үлкен эко­номикалық табыстарға қол жеткізді.

Бір таңғаларлығы, Әбекең мың сан шаруаны атқарса да шаршау дегенді білмейтін-ді. Ол кісі қазақтың дәстүрлі өнерінен күш алып, жанартаудай жалындап жүретін. Ағамыздың көңілі түскенде әуелетіп ән салып, жан-жүрегіңді бір ғажайып күйге түсіретіні де бар еді. Бір күні ағамызға үйімнің төрінде ілу­лі тұратын Мұса Әділов деген шебердің қолынан шыққан домбыраны сыйға тартқым келді. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын аяулы ағамыз менің бұл сыйыма жас балаша қуанды. Бірақ үлкен қызметте жүріп айналасындағылардан бір сабақ жіп алмауға әдеттенген ағамыз: «Мырзатай, ел біліп қойса, осыны да әжептәуір сөз қылады деп бірден елп ете қалмады. Бірақ, кейіннен жүргізушісін жіберіп, сол домбыраны алдырған еді. Бүгінде биені түгімен, түйені жүгімен жұтып жатқан заманда биліктегі кейбір бауырларыма ағамыздың осындай асыл қасиеті жетпей жатқандай көрінеді. 

Қамшының сабындай қысқа ғұмы­рын­да өмірі жарқын, айтқаны нақыл, ел ағасының жа­сына келсе де жас кездегі қарқынынан танбай өмірдің жыры, отырыстың гүлі болып жүре­тін азаматтар болады. Ондай азаматтар жастық шағында да ел ағасына айналған сәтінде де болмысын бұзбай сақтап қа­лады. Өмір бақи төңірегімен сый­ластықта болады. Сондықтан да шығар, Әбекең жа­йында сыр тарқатқанда әңгіменің ауаны сыйластыққа қарай еріксіз тарта береді.  

Әбекең құрметті демалысқа шық­қаннан кейін де ара қаты­насымыз үзілген жоқ. Мен Дип­­­ло­матиялық академияны бас­қарған жылдары немересі Оралды жетектеп әкеліп, қолыма тапсырды. Бүгінде сол Орал баламыз еліміздің абырой-беделін асқақтатып, республикалық дең­гейде қызмет жасап, табыс­ты еңбек етуде. Бұл енді Орал­жанның ата үмітін ақтағаны деп біле­мін. 

Әбекең жөнінде таңды таңға ұрып әңгіме айтуға болады. Мен өзім­нің  біраз естеліктерімде абзал азаматтың еңбегі жайын­да жазып та жүрмін. Шүкір, ұрпақ­тары ата-ана алдындағы парыздарын орындап, ұлықтап келеді. Ұлы – Нәби Тыныбаев елі үшін еңбек етіп, әкеден мирас болған еңбекқорлық қасиетінің қалпын бұзбай Отанға қызмет етуде. Асыл ағаның алтын асықтай қыздары да жетіліп, бір-бір қауым елге айналып, Әбекеңнің көре алмаған қызықтарын көруде.

Әбубәкір ағамыз табиғатынан сезім­тал, жаңалыққа жаны құмар, ізденгіш, не нәрсені үйренуге бейім, көп білуге құштар, дарынды, адамгершілік қасиеті жоғары, мейірімді, кез келген нәрсеге балаша қуанатын кісі еді. Қалың ойдың құшағында жүретін ағамыз терең ойлап, тереңнен сөз қозғайтын, байыппен, байсалдылықпен елдің, жердің жағдайын, арғы-бергі тарихын, тағдыры жайында қы­зықты әңгімелердің ма­йын тамызып тұрып айтатын әңгі­ме­шіл қасиеті де бар-тын. Ол ақ­көңіл, адамға сенгіш, өсек-аяңмен ісі жоқ, ешкімнің көңілін қалдырмайтын, біреудің алдын кесіп өтпейтін, асып-тасымайтын, жаны тынбай еңбек етуге даяр тұратын абзал адам болатын. 

Әбубәкір Тыныбаевтың Үкі­мет пен халықтың алдындағы сіңірген еңбегі жоғары баға­ланып, Ленин, үш мәрте Еңбек Қызыл Ту және «Халықтар Дос­тығы» ордендерімен, Қазақ  КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. КСРО 11 шақырылымның және 9, 10 шақырылымдарының Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің, бірнеше шақы­рыл­ған Талдықорған және Қызылорда облыстарының халық депутаттары ке­ңес­терінің депутаты болды, КОКП және Қа­­зақстан Компартиясының бір­­неше съез­деріне делегат болып сайланды.

Еліміздің өркендеуіне өлшеу­сіз үлес қосқан асыл азамат, бел­гілі мемлекет қайраткері Әбу­бәкір Тыныбаевтың атқар­ған жұмыстары еліміздің қай облысына барсаңыз да алды­ңыздан шығады. Ол кісінің басшылығымен салған су қой­малары мен тораптары әлі күнге дейін халық игілігі үшін жұмыс істеуде. Сондықтан да елі үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбек еткен Әбекеңнің туғанына 90 жыл толуына байланыс­ты, асыл ағамыздың киелі рухын еске алып, азаматты ардақтауға арналған іс-шаралар Жетісу өңірі мен Қызылорда облыстарында тиісті деңгейде аталып өтеді деген ойдамын. 

Асылдарды ардақтау арт­та қалған тірілердің парызы. Өйт­кені ел үшін еңбек еткен ерлер­дің өмірі өскелең жас ұрпаққа қай жағынан да үлгі болып қала бермек. 

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ