Аймақтар • 24 Мамыр, 2018

Қасым-Жомарт Тоқаев: Өңірлердің өркендеуі – ел дамуының негізі

556 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кеше Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысына іссапармен барып, халықпен кездесті, бірқатар өндіріс орындарын аралап, облыстың даму көрсеткіштерімен танысты, Елбасының қоғамдық-саяси саладағы реформаларының барысы туралы әңгімеледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев: Өңірлердің өркендеуі – ел дамуының негізі

«Тарихы бай, қазыналы мекен Атырау еліміздегі инвестиция көлемінің үштен бір бөлігін қамтамасыз етіп, ірі отандық және шетелдік компаниялардың қаржы­лық мүд­делері шоғырланған өңір. Бұл елі­міз­де өндірілетін көмірсутегі шикізаты­ның негізгі экспорттаушысы ретінде, рес­­пуб­­ликалық бюджетке қомақты кіріс тү­­с­і­­ре­тін донор өңірлердің қатарында», – деді Сенат Төрағасы кездесуге жи­­налған халықтың алдында сөйлеген сөзінде.

Сенат Төрағасы Қ.Тоқаевтың Атырау хал­қымен кездесуде айтқан: өңірлерді бюд­жет кірістерін ұлғайтуға ынталанды­ру, инновациялық, цифрлық экономиканы меңгеру, агроөнеркәсіптік кешенді жаң­­ғырту, бизнеске мемлекеттік қолдау көр­­сету, жастар саясаты және адам капи­та­лын дамыту, тағы да басқа мем­лекет­тік сая­сат­тың өзекті мәселелері жөнін­дегі ойларын қысқаша тұжырымдап ұсын­ғанды жөн көрдік.

Бюджет жүйесі тиімді игеруді қажет етеді

Елдің экономикалық әл-ауқаты өңір­лердің бәсекеге қабілеттілігіне тіке­лей тәуелді. Сондықтан өңірлерді бюд­жет кірістерін ұлғайтуға ынталандыру өңірлік саясаттың басым бағдары болуы қажет. Бұл орайда, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының бюджеттік процесті және коммуналдық меншікті басқарудағы құзыретін кеңейту мақсатында ағымдағы жылдан бастап аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдар мен ауылдық округтердің дербес бюджеті енгізілді.

Алайда еліміздің бюджет жүйесі әлі де болса жетілдіруді қажет ететінін мо­йындауымыз керек. Жергілікті бюджеттің кірісін толықтыратын қаражат көзі негізі­н­ен республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттерден құралып отыр. Бұл мәселелерді Парламент депутаттары Үкі­мет алдында тұрақты түрде көтеріп келе­ді. Бюджет мәселесін теңгерімді түр­де шешу Атырау облысы үшін де тиім­ді болар еді. 

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығын өңірлік бюджеттерге беру жоспарланған. Бұл әкімдердің салық базасын кеңейтуге деген ынтасын арттыратыны анық.

Орталықтағы және жергілікті жерлер­дегі атқарушы билік органдары әрбір өңірдің әлеуетін ескере отырып, бюджетті толықтыру көздерін анықтап, резервтерін іздестіруі тиіс.

Цифрлы экономиканы меңгеруде сылдыр сөз бен құрғақ ұранға орын жоқ

Мемлекет басшысы өз Жолдауында Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында елдің табысты дамуының жаңа бағытын тұжырымдап берді. Бұл – стратегиялық құжат. Оны іске асыруға баршамыз аса жоғары жауапкершілікпен қарауға тиіспіз, бұл мәселені сөзбұйдаға салып кейінге қалдыруға болмайды. «Сылдыр сөз» бен «құрғақ ұран» нақты іске көлеңкесін түсірмеуі тиіс.

Қазақстан өте қысқа мерзімде техно­ло­гиялық жаңғыртуды, инновация­лық индустрияландыруды, адам капиталын дамытуды, кәсіпкерлікке нақты қол­дау көрсетуді, сонымен қатар базалық сала­лар болып табылатын аграрлық сектор­ды, көлікті және логистикалық инфрақ­ұры­лымды дамытуды қолға алуы тиіс.

Ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламалары өзгере бермеуі тиіс

Агроөнеркәсіптік кешенді жаңғырту барысында еңбек өнімділігі мен экспорт әлеуетін арттыруға ерекше көңіл бөлінетін болады. Өнімнің сапасы мен экологиялық тазалығын сақтай отырып, ауыл шаруашылығын қарқынды дамыту – біздің алдымызда тұрған басты мақсат болып табылады.

Үкімет Ауыл шаруашылығын дамыту тұжырымдамасын айқындауды нақтылай түсуі қажет. Тұжырымдамалар мен бағ­дар­ламалардың жиі өзгеріске ұшы­рауы стратегиялық жағынан ешқан­дай пайда әкелмейді, керісінше осы маңызды сала­ның тұралауына себеп болатыны анық.

Бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету және бизнесті қолдау шараларының жаңа топтамасын әзірлеуді электрондық форматқа ауыстыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуіміз керек. Әсіресе өңірлердегі бизнестің ахуалын жақсарту бойынша сенімді әрекеттерге кірісуіміз қажет. Биылғы жылы Парламент тиісті заңдарға еліміздегі кәсіпкерлік қызметті одан әрі ынталандыру мен дамытуға бағытталған түзетулерді қабылдады.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар жайы өзекті

Әлеуметтік саясат азаматтарды толық­қанды экономикалық болмысқа бейім­деу арқылы жүзеге асырылатын болады. Әлеуметтік көмекке арқа сүйеп, тек мем­лекеттің жәрдемінен дәметіп оты­ра беруге бой үйрететін жағдайларға біз тос­қауыл қоюымыз қажет. Қазақстан – бұрынғы кеңестік республикалар ішін­де өз азаматтарына ауқымды жәрдем көр­­­сетіп келе жатқан жалғыз мемлекет. Бір ғана ауыл шаруашылығының өзін­де же­­ңіл­­дікпен берілетін несиелерді қоса ал­­ғанда, бірнеше субсидиялардың түрлері бар.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың мәселесі толық шешімін таппай отыр. Олар­дың саны 2 миллионнан асып түсті. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың едә­уір бөлігі, яғни 70 пайыздан астамы, ауыл шаруашылығы мен сауда саласына тиесілі.

Президент Үкіметке өзін-өзі жұмыс­пен қамтығандардың мәселесіне үлкен ыждаҺаттылықпен аса мұқият қарауды тапсырған болатын. Салық салудан бұрын оларға мемлекетпен өзара іс-қимыл жасаудың түсінікті әрі ыңғайлы тетігін ұсыну қажет. Жаңа мамандық алуы­на, жұмысқа тұруына, өз ісін бастауына кеңі­нен мүмкіндік беру керек. Ол үшін бұл санат­тағыларды тығырықтан шығаруды ынта­ландыратын экономикалық жағдай туғызуды ойластырған жөн. Бұл жерде бюрократтық әкімшілік әдістер орынсыз.

Халықтың әл-ауқатын арттыру – бүкіл мемлекет саясатының басты мақ­саты. Мемлекет басшысының «7-20-25» бағ­дарл­амасы еліміздің барлық өңір­лерін­дегі көптеген отбасына өз тұр­ғын үйін сатып алуға мүмкіндік бере­ді. Жеңіл­детілген шағын несие беру кө­лемін ұлғайту азаматтардың көпшілігіне өз ісін ашуға нақты жағдай жасайды. Қосым­­ша білім беру гранттарын бөлу және жаң­адан жатақханалар салу мыңда­ған жас қазақстандықтар үшін қолай­лы мүмкіндіктерге жол ашады.

Қазақ тілінің мәртебесін арттыру маңызды

Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру бойын­ша жұмыс жалғасуда. Ендігі өзек­ті мәселе – қазақ тілін қоғамдағы ла­йық­ты орны­на көтеріп, мәртебесін одан әрі артты­ру. Тәуелсіздік жылдары ана тілі­мізді да­мы­­ту жолында едәуір оң өзге­ріс­тер орын алды, осы үрдісті жалғастыра беруі­­міз қа­­жет. Мұны сөз қадірін өз қаді­р­і­нен кем көр­­мейтін әрбір қазақтың пары­зы деп білемін.

Өз халқының тарихын, салт-дәстүрі мен мәдениетін құрметтейтін рухта тәр­биеленген, прогресс пен инновацияға бейім жаңа буын – қазақ жастары түбе­гейлі рухани жаңғыруды жүзеге асыратын аса қуатты күш және бұл істе шешуші рөл атқаруы тиіс.

Сенат Төрағасы, сондай-ақ шикізаттық емес саланы, оның ішінде өнеркәсіпті, сау­­­да мен қызмет көрсету салаларын да­мы­­­туға, ауыл шаруашылығында тамақ өнер­­­к­ә­сі­бін және балық ресурстарын қай­та өң­­­­деу­­ді дамытуда Атырау облысы­ның мүм­­кін­діктері мол екеніне назар аудартты.

Сөз соңында Қ.Тоқаев «Біз, депутаттар, өз тарапымыздан өңірлердің тиімді дамуына бағытталған бастамаларға қолдау көрсетіп, жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқаруды заңнамалық тұр­ғыдан жетілдіруді қамтамасыз ететін бола­мыз. Қазақстанның жаңа әлем­дегі көш­бас­шы елдердің қатарына кіруін қам­та­­ма­сыз етуде бізде қажетті жағдай­лардың бәрі бар. Біздің халқымыз ең озық ел­де­рдің қатарындағы әлеуметтік жағы­нан бақуат­ты мемлекетте өмір сүруге лайық», – деді.

Қ.Тоқаев сапар аясында аймақтың экономикалық әлеуетімен танысты. Сапар бағдарламасы бойынша «Атырау мұнай өңдеу зауыты» «Жігермұнайсервис», «АтырауМұнайМаш», «Атырау­Агро­Феликс», «Caspian Royal Fish» жауап­кер­шілігі шектеулі серіктестіктеріне барып, жұмысшылармен кездесті.

Әділбек ҚАБА