Білім • 06 Маусым, 2018

Астанада «Қолдайық, ауыл мектебін!» акциясы өтті

557 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Назарбаев зияткерлік мектептерінің құрылғанына 10 жыл толуына орай «Қолдайық, ауыл мектебін!» акциясы өтті. Еліміздің барлық өңірін қамтыған шараға оқушылар, ұстаздар, ата-аналар және демеушілер қатысты. Осылайша, кезекті оқу жылының соңымен тұспа-тұс келген акция аясында зияткерлік мектеп мерейтойы алыс ауылдарда да атап өтілді. Мәселен, өскемендік оқушылар облыс орталығынан 700 шақырым қашықтықта орналасқан Күршім ауданындағы Марқакөл жеріне сапарлады.  

 

Астанада «Қолдайық, ауыл мектебін!» акциясы өтті

«Қолдайық, ауыл мекте­бін!» акциясы аясында ауыл мек­тептеріне Алматы қаласындағы физика-ма­тематика бағытындағы Назарбаев зият­керлік мектебі құрастырған 3D принтерлері сыйға берілді. Ме­рекелік керуен шалғайдағы білім ошақтарына 6 мыңға жуық кітап, 3 мыңға тарта бөлме гүлде­рі және спорттық ойындарға арналған құралдарды да сыйлады. Әртүрлі әдебиеттерді зияткерлік мектептің оқушылары мен ұстаз­дары оқу орнында дәстүрге айнал­ған «Bookrossing» акциясы бо­йынша жинаған болатын. Ал сыныптарға ерекше сән берген өсімдіктерді зияткер­лік мектептің оқушылары мектептің жылыжайларында өсірді. Сондай-ақ мектептердің дәліз­деріне «Оқу. Іздену. Талап­тану», жаңартылған білім беру мазмұны аясындағы әдістемелік тақталар ілінді. Ауыл балаларын әсіресе «100 кітап» жоба­сы, «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» мақаласына негіз­дел­ген іс-шаралар ерекше қызық­тырды.

Ең әуелі «Назарбаев зияткер­лік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова мен Астана қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Мейрам Жәкеновтің тартуын Ақмола облысындағы Қазқалашық ауылының мектебі иеленді. Қазқалашық оқушылары зияткерлік мектептердің он жыл­дығына орай «Black & Whitе» студиясы түсіріп жатқан «10 жыл­дық белестер» атты деректі фильмнің кейіпкерлері де болды. Ал Алматы қаласындағы физи­ка-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің қауымдастығы жуырда жарық­қа шыққан «Бастау» атты оқушы­лардың шығармалар жинағын Жамбыл ауданының мектебіне табыстаса, Шымкент өңірінде аталған акция сенбіліктен бас­талды. Аймақтағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зият­керлік мектебінің ұстаз­дары мен оқушылары Төле би ауда­нындағы Тасарық ауы­лына екі күн бұрын арнайы келіп мектептің қабырғаларын бе­зен­дірді. Мұндағы оқу орны­ның екінші қабатына қазақ­тың әйгілі ғұламалары әл-Фара­би, Абай, Мұхтар Әуезов, Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұр­сы­новтың асыл сөздері жа­зылған туын­дылары ілініп, Қазақ­стан­ның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұрышы жә­не ақпараттық стенд орналасты. 

– Әріптестерімізге еліміздегі жетекші мектептердің үздік оқы­тушылары мен дарынды шәкірттері арнайы келіп, бұрын болмаған мереке ұйымдастырды, – дейді Павлодар облысындағы Майқайың орта мектебінің директоры Самал Сақтасынқызы. Оның айтуынша, Баянауылда Назарбаев мектебінің күні өткі­зілетінін естіген өзге де серіктес мектептердің мұғалімдері атал­ған шараға арнайы келіп, тәжі­рибе алаңына қосылған екен.

«Назарбаев зияткерлік мек­теп­тері» дербес білім беру ұйы­­мы басқарма төрағасының орынбасары Назипа Аюбаева Жамбыл облысындағы Қостөбе орта мектебінде болды. Ол өз кездесуінде NIS Рrogramme оқыту бағдарламасының халықаралық деңгейде мойындалғанын рас­тады. «Бес жыл бұрын жұмы­сымызды бастағанда көбі күдік­пен қарады. Бүгін ұжымдық еңбек­тің жемісін көріп отырмыз. Өйткені барлық аймақта құрылған Назарбаев зияткерлік мектеп­тері орта білім беру ұйым­дарын жетелеп келеді», деді Назипа Алтынбекқызы. 

Осы іспетті «Ойлау дизайны», үштілділік, «CLIL» әдісі, «STEAM-XXI ғасырға қажетті дағды­ларды дамытудың жаңа жолы» негізінде оқушылардың зерт­теушілік қабілетін арттыру бағытындағы сұрақтар Ақтө­бе облысының Мәртөк ауда­нындағы Родников орта мек­тебінде талқыға түсті. «Қол­дайық, ауыл мектебін!» акциясы Атырау облысындағы Жан­бай ауылының мәдениет үйін­­де қорытындыланды. Мұн­да атыраулық балалар Әбіш Кекілбаевтың «Ақырғы аялдама» шығармасын сахналық драма және көлеңке театры арқылы ұсынды. 

Акцияға Тұңғыш Прези­дент кітапханасы қолдау көр­сетті. «Абырой» ұлттық құн­ды­­лықтарды дамыту қоры, белгілі медиаменеджер Би­бігүл Жексенбай мыңдаған шығар­маларды, Мұқағали Мақа­таев­тың өлеңдер жинағының электронды нұсқасын сыйға тартты. Шалғайдағы мектептерге кең көлемді кітап қорын табыстауға «Деловой мир Астана» ЖШС ерекше қолдау білдірді. Ал «Қазцинк» металлургиялық ком­­паниясының қаржылай қолдауы­мен 300-ге тарта футбол, баскетбол және волейбол доптары сатып алынды.

Думан АНАШ,

«Егемен Қазақстан»