Қазақстан • 06 Маусым, 2018

Менингиттің алғашқы белгілері қандай?

10239 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Белгілі ғалым, иммунология және инфекциялық аурулар жөніндегі маман Қанатжан Әлібеков Facebook желісіндегі парақшасында менингококк инфекциясы жайлы ой бөлісті.

Менингиттің алғашқы белгілері қандай?

«Алматыдан алыста жүргендіктен жағдайды нақты бағамдай алмай отырғаныма түсіністікпен қарайсыздар деп ойлаймын. Дегенмен шалғайда жүргеніме қарамастан аз да болсын қол ұшын созып, көмек көрсеткім келеді», деп бастады ол сөзінің басын.

Оның айтуынша менингит жұқпалы аурулардың қатарында болғандықтан алғашқы белгілері бірден білінбейді. Бірақ түптеп қарайтын болса «хабаршы кезеңі» барын байқауға болады.

Бактериалды менингиттің алғаш белгілері небәрі бірнеше сағаттың ішінде қозуы мүмкін. Яғни, бұл дерттің кезеңі өте қысқа.

Бастапқы белгілері

Ғалым өз сөзінде қауіпті инфекцияның мынадай белгілерін атап көрсетті:

*Бастапқыда бас қатты ауырады;

*Мойынның артқы жағы ауырғанына байланысты иегін кеудесіне дейін соза алмайды;

*Жүрегі айнып, құсады;

*Есін жоғалтады, не істеп жүргенін өзі білмейді, ерсі қылықтары пайда болады;

*Басы айналады;

*Жарық сәулелерге сезімталдығы пайда болады;

*Ас іше алмайды, тәбетін толықтай жоғалтады;

*Егер өршіп кетсе сіңірі тартылып, коматозды күйге түседі.

Инфекцияның қанға таралғанын байқауға болатын қосымша белгілер де болады:

• тері түсі өзгеріп кетеді,

• іші түйреп ауырады

• қолы мен табанының температурасы түсіп кетеді

• тері бөртіп кетеді (әдетте ашық қызыл немесе қызылкүрең түсті болып келеді)

• бұлшық ет пен буындардың ауруы, демнің жиілеуі, дененің қалтырауы.

«Егер мына белгілердің біреуі байқалған жағдайда, міндетті түрде дәрігердің көмегіне жүгінген жөн. Алматыда болсаңыз, дереу жедел жәрдем шақыртып, дәрігерлерге ауру белгілерін нақтылап айту керек. Егер жедел жәрдем тез арада келе алмаса, онда науқасты жақын маңдағы клиникалардың біріне жылдам жеткізу керек», деді Қанатжан Әлібеков.

Ал емделу жолдарын нақты көрсете алмайтынын айтып өтіп, оның себебін науқастың дұрыс емді тек білікті дәрігерлер мен ем жолдарын кәсіби деңгейде ұсына алатын мамандардан ғана ала алатынмен байланыстырды.

Имунологтың айтуынша бұл инфекция әдетте мұрын қуысында пайда болып, сол жерден таралады.

Антибиотик

«Рифампин препараты қосымша антибиотик болып саналатыны туралы пікірмен келісемін. Адам денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігін ескерер болсақ, бұл дәрінің қысқа курсы менингит дертінің алдын алуға көмектеседі. Сондықтан, бұл дертке ұшыраған адамның ауруын ушықтырып алмай, оларды тез арада тексеруден өткізген абзал», деп кеңес етті.

Менингит өршіп кеткен жағдайда науқастың туыстарын эпидемиологиялық тексерістен өткізіп, емдеуге кірісу керек. Бұл ең бастысы!

«Эпидемияның барлық жағдайында мұндай зерттеулер инфекцияның өршіп кетуінен сақтайды. Осыған байланысты эпидемиолог мамандар науқастың кіммен байланыста болғанын толығымен зерттеуден өткізеді. Себебі, кез келген адам ауру таратушы болғанымен, оның белгілерін сезбеуі мүмкін», деді ол.

Тағы бір айта кететіні, менингококктық менингиттен емделуге қосымша ретінде жақын адамдарға қолданылатын антибактериалды профилактика жүйесі бар.

«Бұл кеңейтілген профилактика шарасы менингококктық инфекцияның міндетті ем жолына жатпайтынын бірден айтқым келеді. Бірақ, бұл ем жолы қоғамдық мекемелердегі қызметкерлер үшін қолайлы. Мысалға мектептер, мектеп жасына дейінгі білім беретін орталықтар, көппәтерлі үйлер, университет кампустары, спорт командалары т.б. болуы мүмкін», деді ғалым.

«Қазіргі уақытта антибиотиктердің қай түрін қолдану керек екенін нақты айта алмаймын, себебі, бұл қазақстандық дәрігерлердің жұмысы. Қазақстан мен АҚШ-тың антибиотиктерапиясы әр түрлі екенін естен шығармау керек», деп сөзін қорытындылады Қанатжан Әлібеков.

Айта кетейік, Қанатжан Әлібеков – ғалым, иммунология және инфекциялық аурулар жөнінен маман. Әскери дәрігер, полковник, Биология Ғылымының Докторы және Биотехнология Ғылымының Докторы дәрежелеріне ие. Кеңес Әскері кезінде Биопрепараттың алғашқы Төрағасы қызметін атқарды. Ол 1992 жылы Америка Құрама Штаттарына кетіп, Америка азаматтығын алды және биоқорғаныс консультанты, зерттеуші және кәсіпкер болып қызмет атқарды.

Дайындаған

Ботакөз АМАЛБЕКОВА,

Миражан МАХАН

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенттері