Қазақстан • 08 Маусым, 2018

Алматыда «Әлеуметтану: жаңа ұрпаққа жаңа оқулықтар» атты дөңгелек үстел өтті

531 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыдағы «Ғылым ордасы» ғимаратының Орталық ғылыми кітапханасында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты және Ұлттық аударма бюросының ұйытқы болуымен «Әлеуметтану: жаңа ұрпаққа жаңа оқулықтар» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды.  

Алматыда «Әлеуметтану: жаңа ұрпаққа жаңа оқулықтар» атты дөңгелек үстел өтті

Бүгінде Ұлттық аударма бюросы дай­ын­­да­ған 18 оқулық барлық ЖОО кітап­­хана­ларына таратылды. Оның екеуі әлеуметтану бойын­ша әзірленген оқу­лықтар, атап айтқанда, әлем­дік әлеу­меттану ғылымының ең беделді өкілі Джордж Рицердің «Әлеуметтану теориясы» және америкалық әлеуметтанушы Дэвид Бринкерхофтың «Әлеуметтану негіз­де­рі» деп аталатын оқулықтарына білім шаңы­рақтарындағы ұстаздар мен студенттер қазірдің өзінде қызығушылық танытып, мазмұнымен танысуды бастап кетті. Биылғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап білім беру процесіне енгізілгелі отырған алғашқы 18 оқу­лықтың сапасы мен салмағына байланысты әлеу­меттану ғылымы мамандарының нақты ұсы­ныстарын тыңдап, талқылау үшін арнайы ұйым­дастырылған басқосу бірқатар дәйекті пайым-көзқарастардың алаңы болуымен назар аудартты. 

Басқосу мақсаты – әлеуметтану бой­ын­­ша жаңа оқулықтарды білім беру про­­цесіне енгізу жайын талқылау және со­ған байланыс­ты ой тұжыру. Жиынды жүр­­­гізген әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің әлеуметтік даму жөніндегі про­рек­торы, әлеуметтану ғылымдарының док­торы Шол­пан Жаманбалаева, ҚР Прези­д­енті жанын­дағы ҚСЗИ әлеуметтік-эко­но­микалық зерт­­теулер орталығының же­текшісі Ләззат Нұрқатова алғашқы оқу­лық­тар қатарында қазақ тіліне тұңғыш рет аударылып, қазақстандық әлеуметтану ғылымының кітап қорын толықтырған қос оқулықтың жеке тұлғаның кәсіби да­муында алатын рөлін ерекше атап өт­ті. Қоғамдағы өзекті мәселелерді клас­си­ка­лық және қазіргі көзқарастарды ұш­тас­тыра отырып талдаған бұл еңбек­тер­дің Қазақстанда жаңадан қанат жайып ке­ле жатқан жас ғылым саласы болып сана­латын әлеуметтану әлеуетін көтеріп, өркендетудегі маңызы да өз алдына бір төбе жетістік.

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынып, мемлекеттік бағдар­ла­маға айнал­дырылып, қоғамға тарту жа­сап отырған жобаға жетекшілік етіп, жа­ңа­лығы мол әдебиеттерді тәржімалау ісіне мамандарды жұмылдырып отырған Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кен­жеханұлы «100 жаңа оқулық» жобасы төңірегінде жаса­лып жатқан жұмысқа жан-жақты тоқ­тал­ды. «Бүгінгі әңгіме оқулықтардың маз­­­мұнына үңілуден туып отыр. Шын мә­­нінде, Орталықтан әзірленген оқу­лық­­тар қазіргі қазақстандық білім беру жүйесіне, ғылымдағы жас буын мамандарды қалыптастырудағы оның ерекше маңыздылығына, бүгінгідей өте жылдам жүріп жатқан қоғамдағы өзгерістерге тек әлеуметтанушылар ғана емес, басқа салада білім алып жатқан жас мамандар да тереңірек үңіліп, олардың жеке адам ретінде, маман ретінде қалыптасуына көмектесетін құралдар болса екен деп ойладық. Сол себепті оқулықтарды ірік­теп, таңдаған кезде мамандардың басын қосып, кең талқылау жүргізген болатынбыз. Сол кеңесу кезінде жоғары оқу орындарының мамандары 800-ге тарта оқулыққа ұсыныс берген еді. Соның ішін­де әлеуметтанушылар кәсіпке керек кітап­тардың ішінен сұрыптап, екшеп, бү­гін жарыққа шығып отырған осы екі оқу­лықты атаған болатын», деді Рауан Кенжеханұлы. 

Оқулықтардың ғылыми салмағын, әдіс­темелік мәселесін сөз етіп, дөңгелек үстел ба­сында ортаға салынған тақы­рып­ты егжей-тег­жейлі талқылаған жоға­ры оқу орын­дарының оқы­тушылары, әлеу­мет­танушы ғалымдар білім бағытында бас­талған іргелі жұмыстың келешекте де әрі қарай да жалғасын табуы керегін ба­са айтты. 

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ