Футбол • 12 Маусым, 2018

ӘЧ: «Үш жолақтылардың» үміті зор

606 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Франция құрамасы қазіргі таңда футболдан алпауыт мемлекет саналады. Себебі бұл ел әлемге бірнеше талантты ойыншы мен жаттықтырушыны сыйлаған. Әлі де саңлақ футболшыларды тәрбиелеп шығаруда. Жаһанға осындай шеберлерді сыйлай тұра, өздері әлем чемпионатында бір-ақ рет топ жарған. Оның өзі осыдан 20 жыл бұрын өз елдерінде өткен біріншілікте болған еді. Қазіргі уақытта 1998 жылы чемпион атанған футболшылардың көбі жаттықтырушылыққа ауысып, әрқайсысы өз алдарына тағы бір тарих жазуда.

ӘЧ: «Үш жолақтылардың» үміті зор

Бапкер Дешам бабында

Сол жылдары құраманың үздігі және капитаны болған Ди­дье Дешам қазіргі таңда Фран­ция құрамасының бас жат­тық­­ты­рушы қызметінде елдің бас ко­мандасын әлем чемпионаты­на бастап барады. Мақсат – 1998 жылғы жетістікті қайталау. Жалпы, Франция 2006 жылы Гер­манияда өткен доп додасын­да бас жүлдені жеңіп алуға бір табан жақын қалды. Алайда Зи­дан бастаған құрамаға финалда сәттілік жетіспеді. Финалдағы Франция – Италия матчы әлі күнге дейін жанкүйерлердің есін­де шығар. Драмаға толы кездесуде Франция ойын соңындағы пенальти сериясында ғана жеңіліп қалған еді. Сонымен қатар бұл матчта Франция құра­масының үздігі Зинедин Зидан­ның қызыл қағаз алып, ойыннан қуылғанын жанкүйерлер әлі ұмы­та қоймаған болуы керек.

Франция құрамасы әлем чем­пи­онатындағы тұңғыш жүл­десіне 1958 жылы Швецияда өткен ала доп аламанында қол жеткізді. Араға 28 жыл салып, 1986 жылы Мексикада өткен футбол тойын­да үздік үштіктің қатарынан кө­рінді. Бұл әлем чемпионатына француздар Еуропа чемпионы ре­тінде аттанған болатын. Бі­рақ жар­тылай финалда ГФР құ­ра­ма­сынан жеңіліп, үшінші орын үшін өткен матчта Бельгия құ­ра­масынан басым түскен-ді.

Жалпы, Франция әлем чем­пионатына 1930 жылдан бе­рі қатысып келеді. Реттік сан бойынша биыл 15-ші рет жаһан­дық додаға қатысқалы тұр. Соңғы әлем чемпионатында француздар ши­рек финалға дейін жетіп, же­тін­ші орынды иеленді.

Ресейге салынған даңғыл жол

Франция құрамасы 2018 жыл­ғы әлем чемпионатына ірік­теу кезеңінде еш қиындықсыз, ар­тық күш жұмсамай бірінші­лік­тің финалдық кезеңіне жолдама алды. «Үш жолақты» елдің қар­сы­ластары Нидерланд, Швеция, Беларусь, Люксембург және Болгария құрамалары болған еді. Еуропалық көзқарас бойынша, өте лайықты және маңызды топ са­налған-тын. Десе де Болгария мен Нидерланд құрамаларында қа­зір буын алмасу дәуірі жүріп жат­қан соң, нәтижелері де көңіл көн­шітерлік емес. Сондықтан ірік­теу кезеңінде француздардың  негізгі қарсыластары Швеция құ­рамасы болды. Және де ірік­теу матчтарында Златан Ибраг­имовичсіз қалған Швеция құ­р­а­масынан сырт алаңдағы кездесуде жеңіліп қалды. 

Жалпы, іріктеу бәсекесінде «А» тобында сынға түскен Франция 10 матчтың жетеуінде же­­­ңіс­ке жетіп, екеуінде тең ойнады. Бұл нәтиже француздарды әлем чемпионатына бару үшін толық қанағаттандыратын еді. Оли­вье Жиру мен Антуан Гриз­манн команданың үздік шабуылшылары атанды. Екеуі төрт голдан салды. Франция құрамасы аз гол соққанын ескерсек (17 гол), қалған күшті әлем чемпионатына сақтап қалған сияқты.

Топтық кезеңдегі тартыс

Франция құрамасы әлем чемпионатының топтық кезе­ңін­де Дания, Перу және Аустралия құ­рамаларымен сынға түседі. Футбол мамандарының болжауынша, Дешамның шәкірттері қарсыластарын еш қиындықсыз жеңіп, топта бірінші орын ие­ле­неді. Ал плей-офф кезеңінде фран­цуздарға оңайға соқпайын деп тұр. Франция жартылай фи­налға шығар болса, олар Неймар бас­таған әлемнің бес дүркін чемпиондары Бразилия құрамасымен кездесуі ықтимал. Егер Франция құрамасы бразилиялық футболшыларды жеңетін болса, араға 20 жыл салып қайта чемпиондық кубокты иеленуі әбден мүмкін.

Франция құрамасының тізімі

қақпашылар: Уго Льорис («Тоттенхэм», Англия), Стив Ман­данда («Марсель»), Альфонс Ареола (ПСЖ).

қорғаушылар: Рафаэль Варан («Реал», Испания), Адиль Рами («Марсель»), Самюэль Умтити («Барселона», Испания), Преснель Кимпембе (ПСЖ), Джибриль Сидибе («Монако»), Бенжамен Павар («Штутгарт», Германия), Бенжамен Менди («Манчестер Сити», Англия), Люка Эрнандес («Атлетико», Испания), 

жартылай қорғаушылар: Поль Погба («МЮ», Англия), Н’Голо Канте («Челси», Англия), Блез Матюиди («Ювентус», Италия), Корентен Толиссо («Бавария», Германия), Стивен Н’Зонзи («Севилья», Испания), Усман Дембеле («Барселона», Испания), Флориан Товен («Марсель»), Тома Лемар («Монако»), Набиль Фекир («Лион»).

шабуылшылар: Антуан Гризманн («Атлетико», Испания), Оливье Жиру («Челси», Англия), Килиан Мбаппе (ПСЖ).

Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»