Қазақстан • 13 Маусым, 2018

Сахнаны жалаңаштанудан қалай қорғаймыз?

421 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазір әлеуметтік желілерді, сайттарды, әртістердің жеке парақшаларын ашып қараңыз, шалқаңыздан түсе жаздайсыз. Ар-ұяттан жұрдай танымал жұлдыздарымыздың ашық-шашық суреттері биттей өріп жүр. Міне, әйгілі әншіміз Айдана Меденованың Араб Әмірліктеріндегі бал күндері. Әне, Мақпал Исабекованың шетелдегі шаттыққа толы сәттері. Ерке Есмахан, Кәмшат Жолдыбаеваның жарқ-жұрқ еткен «ғажап» суреттеріне қарап, тіп­ті, «сүйсінесіз». «Қалаулым» бағ­дар­­ламасында қонақта болған осы Кәмшат Жолдыбаеваның екі қызбен бірге билегенін көріп, тіпті таң-тамаша қалдық. Ал «Джейран» тобының әншісі Алтынай Жолдыбаеваның «стилі» тіптен бөлек. «Кешью» тобы да сахнаға жартылай жалаңаш шық­қан­­ды хош көретін сыңайлы. Бір тамсандырары, «мінсіз мүсіндерімен» жұртты қызықтырып қойғысы келетіндер қатары тіптен көп. 

Сахнаны жалаңаштанудан қалай қорғаймыз?

Мұны айтасыз, киелі сахнаға ашық-шашық шығатын кей­бір әнші­ле­рімізді көргенде кірер­ге жер таппай қиналамыз. «31 канал» аталатын телеарна әртіс­тердің жат­қан-тұрғанынан бастап, не ішіп, не жейтініне дейін тәптіштеп, терме­леп көрсетуден жалықпай келеді. Бұ­дан басқа да арналар қалыспайды. Кейде ойлаймын: өнер иелері өздерін жан-жақты насихаттау үшін оларға ақы төлейді ме екен деп. Әйтпесе, әнші­лер­дің отбасы, ошақ қасындағы өмірі кімге дәрі болыпты? Қандай баспана алғаны немесе салғаны, қандай көлікпен жүретіні, қандай киім киетіні, іссапарларға қандай көліктермен бара­тыны, қандай қонақүйлерге түсе­тіні, не ішетіні, кімдермен байла­ныс жасайтыны, қонаққа кімдерді ша­қы­ратыны, баласының бесік тойын қалай өткізгені, баласына кімнің ат қойып бер­гені, баласын сүндетке отыр­ғыз­ғаны, перзентханадағы келін­ше­гі мен баласын қандай салтанатпен алып шыққаны, ыңғайсыздау болса да айтайық, естігенде бет түгілі безеу ұялады. Құдайым-ай, түгін қалдырмай көр­сеткенде, «мынадай сый-құрметті пат­шалар мен хандар, әміршілер, коро­льдер, президенттер, канцлерлер де бастарынан өткермеген шығар» деп еріксіз ойланасыз. Оларды алақанға салып, бастарынан құс ұшырмай мәпелегеніміз соншалық, Төреғали Төрәлі дегені тізгіннен шығып кеткені былай тұрсын, өзінің концертіне келген дап-дардай адамға ауызына келгенін айтып, шатып-пұтты. Арада шамалы уақыт өтпей-ақ бұл батыр атасындай кісіден кешірім сұраған болып, киелі сахнаның төріне қайта шық­ты. Бүгінде жер-жерді аралап, кон­церттерін беріп жүр. Оған ешкім еш­теңе демейді. Оған не істесе де бәрі жа­расатын сияқты. 

Осындайда кешегі Біржан сал, Ақан сері, Естай, Мәди, Әміре, Балуан Шолақ, Кенен,тағы басқалары еріксіз еске түседі. Одан беріде Күләш, Роза, Ғарифолла, Рашит, Мүсілім, Жәнібек, қазір ортамызда жүрген Қай­рат Байбосынов, Әлібек Дінішев, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Айгүл Қосанова, тағы басқалары ән әлемін­де бұл­бұлдай сайрап, қырандай қалық­та­ғанымен, кейбір Ай батпай жатып жарқырайтын «жұлдыздардай» оғаш қылық танытқандарын естімеппіз.

Айтпағымыз бұл емес еді. Жал­пы, қазақтың киелі сахнасын ұят­сыз­­дардан қалай қорғауға болады? Теле­арналардағы масқа­ра­лыққа қа­шан тыйым жасалады? Бүгін­де қазақ қоғамы алдындағы күрмеуі қиын сұрақтардың бірі осы сияқты. Салалық минис­трліктер басшыларының бұл орайда не ойлағандары бар?

Ұлы Даланың заңдары бойынша ұлағатты ұландарға, қылықты қыздарға салынған тыйымдар мен тоқтамдар бар. Соның ішінде «қызға қырық үйден тыйым, қала берсе қара күңнен тыйым» деген тәмсілдің мәні тереңде. Ал енді «біз қыздәуреннен өткенбіз, не істесек те жараса береді» деп ойлайтындар мықтап қателеседі. «Әйел бұзылса, әлем бұзылады» де­ген­­ді даналар текке айтпаған. Есер еркек­терге де ескерту жасайтын кез жет­ті. Түбі мұның соңы жақсылыққа әке­ліп соқтырмасы анық.

Сахна – киелі орын. Ал киелі атау­лымен ойнауға болмайтынын есі дұрыс адам жақсы біледі. Жұрт ал­дына жартылай жалаңаш шығып, өзің­нің қадіріңді кетіріп қана қоймай, сах­наның құтын қашырасың. Өнер адам­дары қанша дегенмен елдің көз а­лдында жүреді. Жастар, киелі өнер­ді сүйетіндер соларға еліктеп өс­е­ді. Өнер адамдарының барлығы жур­налдың бірінші бетіне жалаңаш суреті шыққанын мақтаныш көретін Ресейдегі «ТНТ» телеарнасының жүр­гізушісі Анфиса Чехова емес. Қазақтың менталитеті бөлек дәстүрі басқа. Ендеше тым еркінсіп, ойыма кел­г­енін істейтін өнер иелеріне бір тоқ­тау болуы тиіс!

Қазақ – ең алдымен Ар мен Намыс­ты бірінші кезекке қойған халық. Ендеше, өз Арымызды өзіміз аяққа тап­тамайық. Ар мен Намыс өлген күні Қазақ өледі. Олай болса, өнер адамдарының ашық-шашық қалай болса солай киініп жүруіне тыйым салатын бір заң керек-ақ! 

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,

 Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі

ШЫМКЕНТ