Әдебиет • 17 Маусым, 2018

Түркияда дәстүрлі өнер фестивалі өтті

323 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының ұйытқы болуымен Түркияда дәстүрлі өнер фестивалі өтті.

Түркияда дәстүрлі өнер фестивалі өтті

Мерекеге түбі бір түркі елдері Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан мен Түркиядан өнерпаздар қатысты. Осынау фестивальде Қызылорда облысының Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі қазақтың дәстүрлі ән күйі мен жыраулық өнерін көпшілікке сыйлап, үлкен құрметке ие болды.

ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымына биыл – 25 жыл. Елбасымыздың бастамасымен 1993 жылы құрылған іргелі ұйым осы уақытқа дейін түркі әлемінің мәдени-рухани дүниесін жан-жақты насихаттап, бауырлас елдер арасында ынтымақтастықтың нығаюына өлшеусіз үлес қосып келеді.

– Қызылорда облыстық филармонияның жанынан құрылған Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі бұл өнер фестиваліне қазақ елінің, қала берді Сыр бойының және алыс-жақын елдердің композиторларының шығармаларымен келіп, түркітілдес елдердің өнер фестиваліне қатысып жатыр. Мұндағы халық бізді өте жылы қабылдады. Қошеметтерін көрсетіп, концертімізді жақсы тамашалады.

Өнер фестивалінің гала концерті елдің бас қаласы – Анкарада ашық аспан аясында өтті. Кешке қатысқан Түркияның белгілі саясаткерлері, зиялы қауым мен халықаралық ұйымдардың өкілдері сахнада жасындай жарқылдаған қазақстандық өнерпаздарының шеберлігіне тәнті болып, құрмет-қошемет білдірді. Ұйымдастырушылар келесі жылы бұл фестивальдің аясын кеңейтіп, дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отыр,-дейді Қызылорда облыстық филармонияның директоры Талғат Мақашов.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ