Қазақстан • 22 Маусым, 2018

Астана - 20: Астананы көшірудің астарында ұлт мүддесі тұрды

6010 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Астана дегенде, ең алдымен, барша әлем таныған, сәні мен салтанаты көз тартқан осынау сәулетті шаһардың ел тарихында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жүзеге асырған аса ауқымды бірегей жоба екенін атап айтуымыз керек.

Астана - 20: Астананы көшірудің астарында ұлт мүддесі тұрды

Рас, егемендіктің алғашқы жылдарында нарықтық эконо­ми­каға көше бастағанда, ұтқа­ны­мыздан ұтылғанымыз көп бол­ды. Өйткені бұл жолды біз таң­даған жоқпыз, біз үшін оны бас­қалар таңдады. Дәлірек айтсақ, дамыған капиталистік елдер, олар­дың нұсқауын бұлжытпай орын­дайтын Халықаралық валюта қоры және Дүниежүзі­лік банк сияқты құрылым­дар. Бұрын жүріп көрмеген бұл жол­ға не дайын­дығы жоқ, не білік­ті маман­дары жоқ, не қар­жысы жоқ егемендік туын көтер­ген ондаған ел (Ресей бас­­таған) алпауыт мемле­кеттер мен жоғарыда аталған халық­­ара­лық ұйымдардың ұсыны­сы мен өктем талабының негізінде түстік. Сондықтан оны Қазақстан­ның же­ке өз таңдауы деп айта алмаймыз.

Сол сияқты Қазақстанның бұрынғы астаналары Орынбор, Қызылорда, Алматы да біздің ха­лық­тың өз таңдауымен бой кө­тер­­мегені белгілі. Оларды таң­дау және Қазақстанның бірінші бас­шы­ларын тағайындау тек Кеңес империясының, Мәскеудің құ­зы­рында болды. Осындай таң­дау мен тағайындаулар біз­дің ел­дің емес, империяның мүд­де­сін бұлжытпай орындауға көз­делгенін де жақсы білеміз. 

Ал астананы Алматыдан Ақ­мо­лоға көшіру туралы айт­сақ, ол – Тұңғыш Президент Нұр­­­сұлтан Әбішұлы Назарбаев ұсын­­ған, оның соңынан ерген ха­лық қол­даған жоба. Оның стра­те­гия­лық маңызы зор, ел бо­ла­­шағының арқауы десек жаңы­лыс­паймыз. 

Алғашқыда астананы жаңа орынға көшіру туралы Президент ойын қолдағандар аз болды. Сол уақытта Президент бас­шы­лы­ғымен жұмыс істеген Мем­ле­кеттік кеңестің 1993 жыл­ғы ке­зекті бір отырысы әлі есімде. Құрамында Салық Зима­нов, Шерхан Мұртаза, Иван Щего­ли­хин, Жабайхан Әбділдин, Манаш Қо­зыбаев, басқа да ел ағалары мен қайраткерлер бар Кеңес күн тәртібіндегі мәселелерді қа­рап, шешім қабылдап, тарауға ай­нал­ған­да Нұрсұлтан Әбішұлы бас­қа­ларға рахметін айтып, бізден – Кеңес мүшелерінен тағы бір мә­селе жөнінде пікір алмасу үшін кідіре тұруды өтінді.
Біз орындарымызға қайта жайғас­қанда Нұрсұлтан Әбішұлы: «Астананы Алматыдан ел ор­тасына – Ақмолаға ауыс­тыру керек деген ойым бар. Еге­мен еліміздің болашақ дамуын жаңа астанадан бастасақ деймін. Сіздер бұған қалай қарайсыздар» деп сұрады. Біз, кеңес мүшелері, бұрын ойға келмеген, барынша тың, елді елең еткізетін осындай соны пікірге: «Ақмоланың ауасы жақсы, бірақ ойлану керек» деген мардымсыз бір-екі сөзден артық ештеңе айта алмадық. 

Осылай десек те, мынау алай-түлей басталған жаңа заманда, елімізде бір жарым жылдай жүріп жатқан на­рық экономикасы оң нәтиже бермей, кері­сінше, экономиканы тығырыққа тіреп, халық тұрмысы күрт төмендеген тұста, қалта бос, қаржы тапшы кезде мұндай ауқымды жобаны іске асыру мүмкін емес қой. Алматы сияқты жылы орнымыздан басқа жерге көшу бұл бір орны жоқ қиял емес пе деген күдік те ойы­мызда тұрды. Көп ұзамай бұл соны жаңалық халыққа тарады. Ел ішінде, баспасөз беттерінде, депутаттар арасында, әртүрлі басқосуларда астана туралы қызу пікірталас басталды. Мұн­дай пікірталастар көпке дейін, 1997 жыл­дың қысында астана Алматыдан Ақ­молаға көшкенге дейін жалғасты. 

Алғашқыда Президент идеясын қолдағандар аз, құптамағандар көп болды. Бірақ Мемлекет басшысы өз ұстанымынан таймады. Осы жобаны өзінің терең ойластырғанын, астананы өзгерту тек бір қаланы екінші қаламен ауыстыру ғана емес, оның қазақ елінің тиімді дамуына, болашағына әсер ететінін халыққа айтып, түсіндірумен болды. Арнайы комиссия құрып, жаңа қонысқа көшіп, ол жерде оңтайлы орналасудың жобасын жасады. Елдің экономикалық дамуында, әлеуметтік, саяси, мәдени дамуда болашақ аста­наның орнын анықтайтын алғашқы жобалар жарық көрді. Жаңа астананың стратегиялық маңызы туралы насихат бір сәт те толастаған жоқ. Осындай асық­пай, баянды түрде жасалған жұмыс оң нәтижесін берді, жобаны қалың бұ­қара қолдады. Сондықтан бүгінгі Қа­зақ елінің Астанасы егемен халықтың өзі таңдаған, Елбасының өзі ұсынған стратегиялық жоба деп айтуымызға толық негіз бар.

Өз астанасын бір жерден екінші жерге, бір қаладан екінші қалаға кө­шіру әлем елдерінде, мемлекеттер тарихында бар құбылыс. Бұл бір ғана топқа немесе бір аумаққа ғана қатысты іс емес, тұтас бір елге, бір халыққа тікелей қа­тыс­ты болғандықтан, осындай көшіп-қонудың астарында, оның негізгі себебі болып ұлт мүддесі тұра­ды. Елдің ордасын сырттан төнетін қауіптен сақтау мақсатымен, тұрмысқа қолайлы немесе суы мол өзен, теңіз жағаларына көшіру әлемде кішігірім де, үлкен де астаналардың тарихында бар.

Сол сияқты Президенттің астананы ауыстыру ұсынысының астарында еге­мендікті ғасырлар бойы армандап, оған жаңа ғана қолы жеткен халықтың ұзақ уақыт­тардан қалыптасып, бірақ осы күнге дейін дұрыс шешімін таппаған ұлттық мүддесі жатты. Атап айтсақ, ең бірінші себеп астананы еліміздің гео­графиялық орталығына көшіру болды. Бұл тек қана егемендіктің тұсында емес, бұдан ұзағырақ бұрын ел ішінде айтылып жүрген көкейкесті мәселелердің бірі еді. 

Бабаларымыздың Еуразия кеңіс­тігінің ұлан-байтақ бір бөлігін бізге атамекен етіп қалдырып кеткенін зор мақтан етеміз, бірақ астананың елдің бір шетінде болуы оның қауіпсіздігі туралы, жалпы елдің тұтастығы туралы, ішкі жол қатынастарының тиім­ділігі туралы ойластыруды талап етті. Ақмола болса қазақ жерінің ғана емес, жалпы Еуразия кеңістігінің геогра­фиялық орталығы, жоғарыда айтылған талаптарға сәйкестігі немесе оларды орындауға мүмкіндігі мол елді мекен болды.

Оның еліміздің өзге өңірлерімен бірдей қашықтықта болуы мемлекеттік басқару жүйесінің жұмысына, инфра­құрылым, жол қатынастарына тиімді еді. Елде болып жатқан демографиялық өзгерістердің дұрыс бағытта шешілуіне де ықпалы мол болатын. Елбасы бір сөзінде «Қаланы (Алматыны) батыс, шығыс және оңтүстік бағытта да­­мы­туға табиғи шектеулер көп, ол ас­тана­да құрылыс салуға тежеу болады. Ал­матыда сейсмикалық қауіптің жоға­рылығына байланысты ондағы құрылыс құны қымбат. Алматыны одан әрі дамыта беру мемлекетке тым қымбат түседі. Он­дағы мен мұндағы құрылыстың айыр­машылығы 2,5 есе. Алматының экологиялық жағдайы қыл үстінде... Ақмо­ланың экологиясы қалыпты» деп астананы ауыстырудың басқа да себеп­терін айтқан болатын.

Сонымен қатар «Астананы көшіру арқылы Алматының жаңаша дамуы­на, қаланың екінші рет түлеуіне мүм­кіндік береміз... Алматы әлі ұзақ жылдар бойы іскерлік, қаржылық, ғылыми және мәдени орталық болып, елдің күллі эко­номикалық және қоғамдық саяси өмі­ріне белсенді ықпал етеді, халықтың санасына сіңіп те үлгергендей, оңтүстік астана болып қала береді» деп біздің аса көркем, бірегей мегаполисіміз Алматының орны мен болашағын айқындап беріп еді Нұрсұлтан Әбішұлы. 

Ақмола болса көлік-коммуникация инфрақұрылымы біршама дамыған, Еуропа мен Азияның жылдан жылға өсіп келе жатқан экономикалық бай­ла­ны­сының, бір-бірімен тауар ал­масуының алтын көпірі болуға толық мүм­­кіндігі бар қала. Сонымен қатар астананың республика орталығында болуы еліміздің өндіргіш күштерін барынша тиімді дамытуға, осы саладағы сыңаржақтықты еңсеруге, кейбір жерлерде орын алған жұмыссыздықпен күресуге, астана төңірегінде жаңа технологиялық өндірістерді, әсіресе ауылға керек машина жасау өндірісін та­биғи түрде дамытуға мол мүмкіндік бе­реді. 

Осы айтылған жағдайлар оларды халыққа баянды түрде түсіндіруімен қатар, Астанаға көшіру туралы құ­рыл­ған мемлекеттік комиссияның тиянақты жасаған жоба, іс-шарала­­рының арқауы болды. 1997 жылы көшіп келген сәттен Астанада өте қызу құрылыс жұмыстары басталды. Тұрғын үйлер, әкімшілік ғима­раттар, қаланың оң және сол жаға­лауын қосатын бірнеше көпір салу, оң жағалаудағы үйлерді күрделі жөн­деуден өткізу, көшелерін асфальт­тау, тағы басқа сан қилы құрылыстар мен абаттандыру істері көп ұзамай-ақ шаһардың ажарын аша бастады. Өт­кен 20 жылдың ішінде тұрғын үй құ­рылысына 1 трлн 600 млрд теңге жұм­салып, жалпы саны 180 мың пәтерді құ­райтын 1265 көп пәтерлі тұрғын үй бой көтеріп, астаналықтарға берілген екен. Тек соңғы бес жылда Астанада 9,0 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, яғни 300 мың адам тұратын жаңа шағын аудан немесе облыс орталығына пара-пар жаңа бір елді мекен дүниеге келді деп айта аламыз. Бұл жаңа Астанада жасалған өте ауқымды, жігерлі істердің бір көрінісі.

Астана – қай елде болса да мемле­кеттің бас­шылық орталығы. Ол да заман тала­бына, басқару жүйесінің тиімді жұмыс істеу талабына сай болуы керек. Бәріміз Ақорда деп құрметпен атаған ел Президентінің жұмыс орны. Қазақстан Парламенті ғимараттары, Жоғарғы сот, Үкімет үйі бұлар көз тартатын, жаңа ақпарат­тық-коммуникациялық технология­ларымен жабдықталған, сонымен Астананың ажарлы бет-пердесіне өз үлесін қосқан ғимараттар. 

Солармен қатар Астана көшінің алғаш­қы жылдарында салынған теңде­сіз ғимараттар мұнда халықаралық дәре­жедегі, не болмаса республикалық ауқымы үлкен жиындарды сапалы түрде өткізуге мүмкіндік тудырып, бұрын Парижде, Лондонда, Нью-Йоркте, басқа да әлем қалаларында өтетін ха­лық­аралық кездесулердің кейбіреуі бір­тіндеп Қазақ елінің Астанасына ауысып жатқанын да аңғаруға болады. 

Астанаға қойылатын бірінші та­лап – елдің саяси орталығы болып қалыптасу. Осы міндетін де жа­ңа ел­ор­дамыз толық атқара бастады. Бас қаламызда қабылданған шешім­дерге, онда түрлі дәрежеде көтерілген мәселелерге халық әр уақытта да құлағын түруде. Елімізде жүріп жатқан сан­ алуан реформа осы жерден басталып, өңірлердің дамуына ықпал мен жігер қосып отыр.

2010 жылдың басында еліміз Еуро­падағы қауіпсіздік және ынтымақ­тас­тық ұйымына төрағалық етті. Төраға мәртебесін алған Қазақстан 11 жыл бойы болмаған ЕҚЫҰ самиттін өткізді. Оған 56 мемлекет басшылары, БҰҰ, НАТО өкілдері, барлығы 2,5 мың делегат жиылып, 1,5 мыңнан астам БАҚ өкілдері келді. Саммит жұмы­сының нәтижелі болғаны сондай, «Астана рухы» деген ұғым ха­лық­аралық қатынастар әлеміне тұрақты түрде енді және де осындай қатынастарға керек сенімнің, келісімге келудің, бірлікке шақырудың жаңа символына айналды.

Астана діни конфессиялар өкіл­дерінің бір-бірімен пікір алмасатын тұрақты алаңына айналды. Мынау ұрыс-керіс, бір-бірін түсінбеушілік әлем кеңістігінде көбейе басталған тұста берекесі тасыған бейбіт елдің үлгі­сін көрсетіп отырған Қазақстанға әртүрлі бітімгер топтар, халықаралық ұжымдар өкілдері кейбір елдерде болып жатқан дау жан-жалды, ұрыс-керісті тоқтатып, бітімге келу жолын іздестіру мақсатында жиі келетінін байқаймыз. Осындай кездесулердің тағы бір себебі әлемдегі сыртқы саясат саласында мәмілегерлігімен танылған Нұрсұлтан Әбішұлымен пікір алысу және де ұзақ уақыт бейбіт қалпы мен тұрақтылығын сақтап отырған Қазақстан қоғамының озық үлгісімен де танысу екенін айта кетуіміз керек. 
Қай астана болса да оған сол елдің мәдени орталығы болуы жазылған. Бұрын шағын ғана мәдениет үйі, әлем түгілі республикаға белгілі шығар­машылық тобы немесе ұйымы жоқ, әсіресе біздің ұлттық болмысымызды жақсы көрсете алатын театрлары, бас­қа өнерпаздар ұжымы жоқ қала қазір Еура­зия кеңістігінде көпке танымал, өнердің қай саласы болса да жан-жақты дамыған мәдениет орталығы болып қалыптасты. Дәл осындай қарқынды даму білім саласында да жүріп жатыр. Қазір Астана мектептерінде 143 мың бала оқиды, жыл сайын оқушылар саны 15-18 мың балалармен көбеюде.    

Бір мақаламен осы 20 жыл ішіндегі жетістіктердің бәрін баяндау мүмкін емес. Астанада емханалар саны еселеп өсті, бұрын көптеген қатерлі аурулар­дан шетелдерге емделуге барушы едік, содан көбінің сапалы емі қазір өз Ас­танамызда, өз елімізде жасалады. Спорт әлемі де адам таңғалатындай өсті. Елі ішіндегі, спорт жарыстары, халықаралық спорт форумдары қазір Астанада, Алматыда өтетін болды. Жалпылай айтқанда Астананың жай-күйі, оның тұрғындарға қолайлығы жылдан-жылға өсу үстінде. 

Бір кездерде Ақмоладағы ауылша­руашылық оқу орнының ректоры қыз­метінде мен отбасыммен осы қалада тұрғанмын. Қыс болса ЖЭО-дан жы­лу жетпей және жарылып кеткен құбыр­­ларды 30-35 градус аяздарда 2-3 метр жер астын қазып, тауып алып, қай­та жалғап қаланың коммуналдық қыз­меткерлерінің, қала әкімшілігінің, тіпті тұрғындардың да берекесі кетіп жататын. Осы 20 жыл ішінде (алғашқы қысты қоспағанда) Астанада бір рет те жылуға қатысты мәселе болған жоқ. Айтуға оңай, бірақ мұның негізінде жаңадан ЖЭО салу, бұрынғы энергоблок­тарды күрделі жөндеуден өткізу, осыларға керек миллиардтаған қаржы табу, бұл бір өте кешенді жұмыс болатын.

Қаланың көлік жүйесі еселеп дамыды. Назарбаев атындағы Астана әуежайы, «Нұрлы жол» темір жол вокзалы, көшелерді абаттандыру мен ішкі жол торабын ыңғайластыру көлік саласын сапалы түрде өзгертіп, озық стандарттарға біртіндеп жақындатты. Салынып жатқан жеңіл рельсті көлік жүйесі, 2019-2020 жылдары қосылады деп жобалаған Қызылордадан келетін газ құбыры қаланың ішкі байланыс жүйесін және экологиясын жақсарту үшін жасалып жатыр. 

Бір кезде, қаржы тапшы мезгілде «Бар ақшаны неге астананы салу­ға жұмсай береміз, дамытуды та­лап ететін басқа қалалар мен шаруа­шы­лық салалары бар емес пе?» деген әңгімелер құлағымызға жеткен. Әри­не таршылық, жетіспеушілік нені айт­қыз­байды. Деген­мен Президенттің тікелей араласуымен қаржыны барынша шоғырландып жұм­самасақ Астана бүгінгі сәулеті мен дәу­летіне қол жеткізе алмас еді. 

Бүгінгі таңда Қазақ елінің астанасы сапалы дамудың жаңа бір сатысына көтерілу қамында. Осы жаңа даму жолдарын Елбасы «ақылды қала ақылды ұлт үшін» деген бір ауыз пікірмен анықтап беріп еді. Міне, осы бағытта ауқымды, нақты іс-шаралар басталып жатыр. 

Астананы дамытуға арналған барлық жобада Нұрсұлтан Назарбаев­тың қол­таң­басы бар. Мұнда салынған әрбір шағын аудан, әрбір сәулетті ғи­марат Президент қолдауымен іс­ке асты. Оған қажетті қаржы және шетел инвестиция­сы да Мемлекет басшы­сының тікелей араласуымен табылды. Елбасы ерен еңбегімен елорданың сәні мен салтанатын әлемнің мақтаулы қалаларының деңгейіне көтерді. Ал Астана арқылы қазақ елін жаһан таныды. Сөз соңында ел мерейі – Астанамыздың мерейтойы­мен барша халқымызды құттықтай отырып, баян­ды еңбегінің жемісін көріп отырған Елбасына да құтты болсын айтамыз. 

Кенжеғали САҒАДИЕВ,
Мемлекет және қоғам қайраткері