Білім • 22 Маусым, 2018

ҰБТ ұпайлары белгілі болды

2411 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше ҰБТ бірінші күнінің қорытындысы шығарылды. «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК директоры Рамазан Әлімқұловтың айтуынша, 20 маусым күні еліміз бойынша 13 897 түлек ұлттық бірыңғай тес­ті­леуге қатысқан. Алғашқы күнн­ің қо­ры­тын­дысына сәйкес, 11 795 түлек шекті мәннен, яғни 50 балдан артық жинаған.

ҰБТ ұпайлары белгілі болды

«Бұл – жалпы қатысушылар­дың 84,8 пайызы. Ал 50 балды алмағандардың саны – 2 102. Бұл жалпы тапсырушылардың 15,2 пайызы. Шекті балды жинай алмаған түлектер тамыз айында қайта тапсырады. Егер тамыз айындағы сынақтан да сүрінетін болса, онда оқу біті­руші түлектің қыркүйек айында ақылы түрде бір семестрге оқуға тапсыруы­на болады. Бір семестрден кейін қаңтар айында үшінші рет тапсыруға мүм­кіншілігі бар. Және де айта кететін тағы бір жайт, қа­жет­ті балды жинай алмаған түлек­термен, олардың ата-аналарымен біздің психолог мамандар жұ­мыс істеп, керекті кеңестерін беруде», деді ол. 

Аталған жаңашылдықтың нәти­жесінде 2017 жылы еліміз бойынша 30 мыңдай адам жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік алған.     

«ҰБТ-ның алғашқы күнінде 33 тесті­леу пункті жұмыс істеді. Жалпы, тест тапсыруға 14 250 түлек өтініш берді. Олардың нақ­ты тапсырып шыққаны – 13 897. Бұл – өтініш берген түлектер санының 97,5 пайызы. Бір тү­лектің нәти­жесі есепке алынбады. Оқиға елі­мізд­­ің оңтүстік өңі­рінде тіркелді. Ол тест тап­с­ыру ережелерін бұз­ған», деді Р.Әлімқұлов. 

Бес пән бойынша республи­кадағы орташа балл 80,9 па­йыз­ды көрсеткен. «Бұл өткен жыл­ғы ҰБТ-ның бірінші күнінің қоры­тын­дысымен салыс­тыр­ғанда 4 бал­ға артық. Еске сала кетейік, былтыр бірінші күн­нің қорытындысы бо­йынша республикадағы орташа балл 77,5-ті құраған еді. Тестілеудің алғашқы күні тіркелген ең жоғары балл – 138. Әзірше 140 ұпайдың бәрін жинаған оқушы тіркелмеді. Алдағы күндері ең жоғары балды жинайтын шәкірттеріміз шығады деп сенеміз», деді Р.Әлім­құлов. 

Сонымен қатар Қазақстан бойынша 46 түлек тесті ағыл­шын тілінде тапсыруға өтініш бер­ге­німен, олардың біреуі ғана өз таңдауын өзгертпеген. Ағыл­шын тілінде тапсырған түлек – Алматы қаласының өкілі екенін айта кетсек дейміз. 

«Колл-орталыққа 105 қо­ңы­рау келіп түсті. Олардың көбі – ҰБТ-ны өткізу ережесіне қа­тысты шалынған қоңыраулар. Биылғы жаңашылдықтың бірі – тестілеу барысын онлайн-режімде бақылау. Осы орайда, аудиториялардың 85 пайызы бейнебақылау камералары­мен жабдықталғанын атап өт­кен жөн. Алғашқы күннің қо­рытындысы бойынша апел­ля­ция­лық органға өтініш берген­дер болған жоқ», деді ұлттық тес­тілеу орталығының директоры.
Оның сөзінше, апел­ля­циялық органға өтініш бергісі келген тү­лек тест тапсырған күн­нің ер­теңінде түскі 13:00-ге дейін үл­геруі керек. 

Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»