Қазақстан • 22 Маусым, 2018

Түр­кістан облысының Астанадағы мәдени күндері мәресіне жетті

405 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астананы жыр-ду­манға бөлеген Түр­кістан облысының мәдени күндерінің нүктесі өткен сәр­сенбінің сәтінде қо­йылды.  

Түр­кістан облысының Астанадағы мәдени күндері мәресіне жетті

Маңызды шараның тү­йіні есебінде «Этноауыл» ұлттық мәдени кешенінде ұйымдастырылған түр­кіс­­­тандық өнер тарлан­да­­рының мерекелік кон­цер­ті көпшіліктің көңілінен шықты.

«Шырқа, шарықта, Түр­кістан» деп Арқаны ән­мен тербеген қорытынды кон­цертке облысқа есімі таны­мал 150-ге жуық мәде­ниет және өнер шеберлері қатысты. Думанды кеш қа­зақ­тың «Қара жорға» биі­мен басталып, Түркістан ту­масы әйгілі композитор Ш.Қалдаяқовтың жә­не ай­мақ­қа аты мәлім Е.Серікбаев, Ә.Ботағараев сынды танымал сазгерлер қаламынан ту­ған пат­риоттық, лирикалық әндер шырқалды. 

Сонымен қатар өңір мә­де­ниетіне өзіндік үле­сін қосып жүрген өнер майталмандары елімізге еңбек сіңірген әртіс Сә­би­раш Аб­драйымова, ха­лық­ара­лық, респуб­лика­лық бай­қаулардың лауреаты Әлден Жақсыбеков, дәстүрлі ән­ші Ақмарал Биназарова жә­не «Қазына» би тобы мен «Тұмар» фольклорлық ансамблі қатысып, бас қала тұрғындарын ән-жырмен су­сындатты. Бұлардан басқа көне тұрандық байырғы сарынды жаңғыртып жүрген «Сарын», «Ретро» топтары да көрермен ықыласына бөленді. 

Облыстық мәдени ме­ке­­мелеріне жауапты бас­па­сөз өкілі Мәдина Әйт­пен­бетованың алдын ала таныс­тырған мәліметіне жүгінсек, дәл қазір облыс көлеміндегі 736 мәдениет және өнер ме­кемесінде 5 мыңға жуық адам абыройлы еңбек етіп жүр. Сонымен қатар өңірдің рухани-мәдени ахуалы жылдан жылға даму үс­тінде, бұл үрдіс жаңадан құрылып жатқан аймақтың руханиятын ақсатпай алып кетуге тиіс. Дана халқымыз «алтын шыққан жерді белден қаз» дегеніндей бұған дейін Түркістан тө­рінен түлеп ұшқан Гүл­нар Сиқымбаева, Сә­кен Майғазиев, Жұба­ныш Жексенұлы, Алты­най Жо­рабаева сынды дүл­дүлдер көп. Бұлардың ізін жалғаған қаншама жас да­­рындар өсіп келе жатыр. Болашақта түр­кіс­тан­дық­тардың абыройын өрге сүй­рейтін осылар болады, дейді шараны ұйым­дас­тырушылар.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»