Аймақтар • 23 Маусым, 2018

Семейде қала әкімі полиция қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады

914 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

2007 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жарлығымен 23 маусымды - Полиция күні деп бекітті. Осы жылдан бастап жыл сайын дәстүрлі түрле 23 маусымда ішкі істер органдарының қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтуде, деп хабарлайды Семей қалалық ішкі істер басқармасы баспасөз қызметінің жетекшісі Елубек Оспанов. 

Семейде қала әкімі полиция қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады

Қалыптасқан дәстүрге сәйкес бүгін Семей қалалық ІІБ мәжіліс залында Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімовтың, қалалық мәслихат хатшысы Бейсенбек  Ақжаловтың және Семей қалалық ІІБ бастығы, полиция полковнигі Дулат  Қазақпаевтың қатысуымен Қазақстан полициясының 26 жылдығына арналған салтанатты іс-шара болып өтті.

Қазақстан полициясы күніне арналған салтанатты жиын Қазақстан Республикасының гимнімен ашылып, құттықтау сөз басқарма бастығы Дулат Қазақпаевқа берілді.

-Осыдан 26 жыл бұрын қабылданған «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы» Заң еліміздің полициясының құқықтық мәртебесі мен ұйымдастырушылық құрылымын реттеп, оның қоғамдағы және мемлекетіміздегі орны мен рөлін анықтап берді,-деді ол өз сөзінде,- Ішкі істер органдары дамуының барлық кезеңдерінде де полиция қызметкерлері ең басты міндет – азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын заңсыз қол сұғушылықтан қорғауды қамтамасыз етіп, қылмысқа қарсы күресте әрқашан алдыңғы шепте тұрды. Қазақстандық полиция үшін осынау атаулы күні баршаңызға зор денсаулық, баянды бақыт, отбастарыңызға ырыс-береке және Отанымыз – Қазақстан Республикасының игілігі жолындағы қызметтеріңізге табыстар тілеймін!

- Жас қызметкерлерді патриоттық рухта тәрбиелеуге мол үлес қосып және біздің данқты дәстүрлерімізді сақтауда өнегелік танытып келе жатқан ардақты ардагерлеріміздің де орны ерекше,-дейді Семей қалалық ішкі істер басқармасының баспасөз жетекшісі Елубек Оспанов,-бүгінгі таңда қазақстандық полиция қызметкерлері қылмысқа қарсы күресте басымды тойтарыс беруді жүзеге асыру, еліміздегі құқықтық тәртіпті нығайту және қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық қажетті жағдайлар мен мүмкіндіктерге ие. 

    Тәртіп сақшыларының кәсіби мерекесінде жүрекжарды лебізін білдірген қала әкімі Ермак Бидахметұлы антына адал, сертіне берік полиция қызметкерлері полиция подполковнигі Радик Сайфутдиновке, полиция майорлары Ернұр Төлеумұханов, Әлия Бекишева және Әсел Даулетбаеваларға арнайы марапаттар табыс етті. Қала әкімінің алғыс хатымен полиция аға лейтенанты Айдар Дүйсембаев марапатталды. Сондай-ақ қалалық мәслихат хатшысы Бейсенбек Ақжалов  алғыс хатпен тағы төрт қызметкерді  марапаттады. 

Қоғамдық тәртіпті сақтауда, өзінің қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін 28 қызметкер ІІІ дәрежелі «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін» төсбелгісімен, 28 қызметкер ІІБ грамотасымен және алғыс хатымен, сондай-ақ 154 қызметкер ақшалай сыйақы марапатталды. 

Салтанатты іс шара қалалық эстрада жұлдыздарының және талантты полиция қызметкрелерінің дайындаған мерекелік концертімен жалғасты.

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА,

СЕМЕЙ