Аймақтар • 23 Маусым, 2018

Ақтөбеде тұңғыш рет пантымен емдеу орталығы бой көтерді

1700 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өткен жылдың күзінде газетімізде «Мәртөкте марал өсіріледі» деген тақырыппен материал жарияланып, кәсіп иелері Ертарғын мен Бану Тілегеновтер Шығыс Қазақстаннан 150 бас маралды сатып алып, еліміздің батыс өңірінің табиғи-климаттық жағдайына бейімдеу мен жерсіндіру жұмыстарына кіріскені жөнінде жазылды.

Ақтөбеде тұңғыш рет пантымен емдеу орталығы  бой көтерді

Сондай-ақ олар еліміздің батыс өңірінде марал өсіріп, оның өнімдерін тұрғындар иелігіне ұсынуға батыл бел буғандары да айтылған еді. Бұл үшін оларға 700 гектар жер бөлініп, 15 шақырымға созылатын аумақтың түгелдей қоршалғаны да көрсетілді. Бұл арада ерлі-зайыпты кәсіпкерлер маралдың мүйізінен емдік және дәрілік зат алып, соның негізінде пантоемдеу орталығын ашуды көздейтінін оқырмандарға жеткізуді мақсат еткенбіз. «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасына сай пайыздық мөлшерлемені субсидиялау арқылы алынған 150 миллион тенге көлеміндегі несие жергілікті кәсіпкерлердің алға қойған мақсаттарын орындауына жол ашты. Мұның басты мысалы қазіргі күні Мәртөк ауданының Қазан ауылында «Зәру» пантоемдеу орталығының бой көтеріп, іске қосылғаны болып отыр. Қалай дегенде де бүгінгі кезде Ақтөбенің табиғаты марал өсіруге кері әсерін тигізбегені оң елеулі фактор деп білемізсоның басты бір мысалы осыдан  бір жыл бұрын Шығыс Қазақстан рблысының Қотанқарағай ауданынан жеткізген бірде-бір маралдың шетінемегені. Сөйтіп ерлі-зайыпты Ертарғын және Бану Тілегеновтер Ақтөбенің ауа-райы мен табиғи климаттық ерекшелігі жағдайында марал шаруашылығын өркендетуге әрі оның өнімдерін ұтымды пайдалануға болатынын толықтай дәлелдеді. Қазіргі кезде мұнда марал мүйізімен орталықтың пайдалануға берілгені – адамдардың денсаулығын жақсартудың басты бір жолы ретінде қарастырылған. Бұл тек Ақтөбеде ғана емес, еліміздің батыс өңірлерінен, соның ішінен ТМД ауқымынан адамдардың арнайы келіп ем алуына қажетті жағдай туғызады. 

Ойды ой жалғайды. Осы арада тұтастай егемен еліміз бойынша марал өсіруге жаңаша көзқарас орнықтыру мәселесі тұңғыш рет қашан қолға алынған деген заңды сауал туындайды. Тиісті журналистік талдаулар мен зерттеулер бұл істің бастауында Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы, Ақтөбе облысының бүгінгі әкімі Бердібек Сапарбаев пен республикалық марал шаруашылығы палатасының төрағасы Нұрлан Тоқтаров тұрғанын көрсетеді. Яғни ел-жұрттың қамы мен жағдайын көздеген осы екі тұлға елімізде алғаш рет марал және ара шаруашылығын дамыту жөнінде анайы бағдарлама әзірлеп, әрі осы бағдарлама мемлекет басшысының тарапынан қолдау тапқанын бүгінде біреу білсе, біреу біле бермейді.

Екіншіден марал шаруашылығы сонау ХІХ ғасырда Алтайдан бастау алғаны да тарихи деректерден жақсы мәлім. Сол кезде қытай көпестері аңшылардан жабайы маралдардың мүйізін сатып алатын болған. Бұл ақша олар үшін әжептәуір нәпақа екен. Кейін бұл іс жүйелі жолға қойылып, халық шаруашылығының тұтас бір саласын құрады. Соның ішінде Шығыс Қазақстан облысының Қотанқарағай ауданында марал өсірумен айналысатын үш шаруашылық болды. Ал еліміз егемен алғаннан кейін оның саны 7-8 есе өсіп, бүгінгі күні республика бойынша 23-ке жетті. Бір сөзбен айтқанда марал шаруашылығын дамыту белгіленген стандарттарға сыя бермейтін, өте жауапты да күрделі іс. Бейнеті де, зейнеті де мол бизнес. Соынмен бірге бұл бірден пайда мен табыс әкеле қоймайтын, әрі шығынды кө керексінетін дәстүрлі емес сала дейді республикалық марал шаруашылығы палатасының төрағасы Нұрлан Тоқтаров. 

Сондай-ақ оның айтуынша Бердібек Сапарбаев Шығыс Қазақстан облысының әкімі қызметінде болған кезде осы дәстүрлі емес шаруашылықты дамыту жөніндегі ұтымды ұсыныстары Үкімет тарапынан түсіністікпен қабыл алынып, осы тұста үкіметтен арнайы субсидия бөлінген екен. Бұл жағдай істің алға жылжуына әжептәуір септеген тигізген. 

Тағы бір жағымды жәйттің бірі сала жанашыры мәлімдегендей әлемде бұғы және марал өсірушілердің ұйымы бар. Оның құрамына Ресей, Қытай, Жаңа Зеландия, Австрия, Швеция және Қазақстанның өкілдері кіреді. Осы ұйымның өз төсбелгісі бар екен. Бұл белгі бұғы және марал шаруашылығын дамытуға сүбелі үлес қосқан жандарға ғана беріледі дейді Н.Тоқтаров. Мұндай төсбелгіні ұйымның үйлестіру кеңеісінің шешіміне сәйкес Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев және еліміздің батыс өңірінде марал шаруашылығын өркендетуге кіріскен ақтөбелік кәсіпкер Ертарғын Тілегенов иеленген. 

Қазан ауылында ашылған мүйізбен емдеу орталығында клиенттер үшін барлық инфроқұрылымдық жүйелер мен қажетті құралдар бар. Екі қабатты шипажай ғимараты 50 адамға арналған. Оған келушілерге берілетін емдік шаралар 7-10 күннің төңірегінде белгіленген. Мұнда арнайы ванна қабылдау және массаж кабинеттері жасақталған. Сонымен бірге ем алушылар үшін асхана, люкс және жуынатын бөлмелер, сондай-ақ дәрігерлер кабинеттері бар. Оның бәрі тиісті заманауи қондырғылармен жабдықталған. Мұндағы сәнді де сапалы жиһаздар ақтөбелік кәсіпкерлердің қолдарынан шыққаны да атап айтуға тұрарлық іс. Орталықта таяудағы кезде отыз адам тұрақты жұмысқа қамтылмақ. Дәл қазіргі күні жиырма адам қызметке қабылданыпты. 

Тағы бір айта кетерлік мәселе үкімет тарапынан берілетін несиелік қаражатқа қоса ақтөбелік ерлі-зайыпты кәсіпкерлерге облыстық бюджеттен де субсидия төлеу шаралары көзделген. 

Сөз жоқ, бұл жарқын да бірегей жоба. Байыпты бастама. Осы арқылы «Зәру» пантоемдеу шипажайы маралдың мүйізімен емдеу процедураларын жүргізетін Ақмола облысындағы «Оқжетпес» шипажайы, Павлодар облысындағы «Черноярская Жемчужина» демалыс үйі және Астана қаласындағы «Қотанқарағай» мен Алматыдағы «Қазақстан» шиипажайларының қатарын толықтырып отыр. Яғни еліміздің Батыс өңірінде тұрғындардың денсаулығын жақсартуға көмегін тгізетін тағы бір келісті кешен пайдалануға берілді. Мұндайда бәрекелді демегенде не демекпіз! 

Темір Құсайын,
«Егемен Қазақстан»

Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданы

Қазан ауылы

Суретте: маралдар және «Зәру» пантоемдеу орталығының сыртқы көрінісі