Қазақстан • 25 Маусым, 2018

Жамбылдықтардың тартуы – веложол

528 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бағаналы орда, басты ордаға айналған елорда – тәуелсіз ел тарихындағы ерекше белес, айтулы жетістік.

Жамбылдықтардың тартуы – веложол

Кемелдік пен кенендіктің көрінісі Астана бұл күнде әлем­­­нің алып шаһарларымен тең дәрежеде. Халқымыздың ғасыр­лар бойы қалыптасқан өрке­ниетін заманауи тұрғыда жаңғыр­тып, жасампаз жолға бастады. Ал елорданың мерейтойы – халықтың қуанышы, мемлекеттің мерейі.

Бүгінде бас қаланың айтулы мерейтойын лайықты деңгейде өткізуге дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Күн са­йын дамудың жаңа сатысына көтеріліп келе жатқан Астана шаһарының сәнін келтіріп, көр­кін арттыратын жобалар да аз емес. Мәселен, «Арай-2», «Астана-Арена», сонымен қатар Бөгенбай батыр, Жеңіс даңғылындағы гүлзарлардың абаттандырылуы қазыналы мерейтойға деген қызу дайын­дықты көрсетеді. Бұл ретте әрбір өңірдің елордаға деген ықыласы мен құрметі ерекше.

Елорда тойына әулиеата­лық­тардың да қосар үлесі қомақты. Астана қаласындағы «Велосипед көлі­гінің инфра­құ­рылымы» ныса­нының №3 жер телімінде тиісті жұмыстарды жүргізу Жам­был облысының еншісіне тиіп отыр. «Шын мәнінде Астана тойы – елдіктің тойы. Осы­дан жиыр­ма жыл бұрын Арқа төсі­нен еңсе көтерген елорда­мыз­д­ың жыл өткен сайын жаса­рып, жай­­най түскенін көру бар­ша қазақ­­­с­тан­­дықтар үшін үлкен мерей, мақ­­таныш екені анық. Елор­­да­­мыз­­дың әлемдік қоғам­дас­тық алдындағы беделі, мәрте­бесі ала­сармауы жолында тер төгу әрбіріміз үшін де абыройлы мін­дет деп білеміз», дейді облыс­тық құрылыс, жолау­шылар көлігі және автомобиль жолдары басқар­масының басшысы Әділет Ахатаев.

Өңірдің бас құрылысшы­сының айтуынша, мұндағы велосипед көлігі жолының ұзындығы 12,36 шақырым екен. Бұл Есіл ауданының Дос­тық көшесінен Қабан­бай батыр даңғылына де­йін­гі аралықты қамтитын аумақ.

Құрылыс жұмыстарын ір­гелі мердігерлік ұйым – «Арайстрой­маркет-2003» жау­ап­кершілігі шектеулі серік­тес­тігі ағымдағы жылғы мамыр айында бастаған болатын. Бүгінгі таңда жер да­йындау, ұсақ тас, қиыршық тас, жиек тас және ірі түйірлі асфальт төсеу жұмыстары толықтай орындалған. «Осы жоба аясында велосипед көлігі жолы бойында қоқысқа арналған жәшіктер, орындықтар, вело­сипедті уақыт­ша орналастыратын арнайы құ­рыл­ғылар, велосипед тұрақ­тары мен сәйкестендіру жол белг­і­лерін орнату көз­делуде. Соны­мен қатар жер телі­мінің басын­да және соңында облысы­мыз атынан екі монумент орна­ту ой­лас­тырылып отыр. Мону­мент­тердің іргетасы кур­тинск гра­­нитінен қаланып, сырты иран-египеттік травертинмен қапта­латын болады», дейді Әділет Ахатаев.

Веложолдардың әсіресе жас­тар үшін саламатты өмір сал­тын қалыптастыруда ма­ңызы ерекше болмақ. Соны­мен қа­тар бұл – Астана қала­сының 20 жылдық мерейтойына орай Жамбыл өңірінен де ерекше естелік.

Астана қаласынан бастау алған барлық жаңалықтың еліміз­дің әрбір өңірінің даму деңгейіне оң әсер етіп отыр­ғаны анық. Тарихы тым тереңде жатқан қазақ ұлы­сы­ның бүгінгі ұлы тойы ел­дік пен мемлекеттіліктің тойы. Ба­ба­лардың аманатына адал­дық таныта отырып, ерлік ше­жі­­ресін шертетін елдіктің тойына көне Жамбыл өңірінің де қосары мол. Әрқашанда асқақ кейіпті Астананың шұғылалы келбеті қазақ жүрегінің төрінен мәңгілік орын ала беретіні даусыз.

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы