Петропавл қаласында жалпыұлттық конкурстың облыстық кезеңі жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімінде Ақжар ауданының намысын абыроймен қорғап, үшінші орынды иеленген Әміреновтер отбасына лайықты құрмет көрсетілді. Олай болатын жөні бар. Бұл шаңырақ – күштік құрылым иелері. Берік аудандық ішкі істер бөлімінде инспектор-кинолог болып жұмыс істейді. Жан жары Жанар капитан, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор. Екеуі де әріптестері алдында сыйлы, беделді. Темірдей тәртіпке үйренгендіктен, өзгелерден де жинақылықты, жауапкершілікті талап етеді.
Беріктің бұл саладағы жұмыс өтілі ширек ғасырға жуық. Еңбек жолын уақытша ұстау оқшаулағышында кезекшіліктен бастап, бүгінде төрт аяқты көмекшісімен бірге көптеген қылмыстарды әшкереледі. Жұмыстың ұсақ-түйегі болмайды. Сенім биігінен көріну – мен үшін үлкен мәртебе. Өзара түсіністік, сыйластық орын алған отбасының іргесі берік, уығы мықты келеді. Жоғары қоғамдық, рухани-адамгершілік танымдарға жетелейтін мұндай сайыстар ұрпақтар арасындағы сабақтастықты жалғастырудың, қамтамасыз етудің пәрменді жолы екенін атай кеткім келеді. Өйткені ұлттық, мәдени дәстүрлер «шағын мемлекеттен» бастау алатыны айтпаса да түсінікті, деп отағасы ағынан жарылады.
Жанар жөнінде сөз бөлек. Отанасы офицерлік мамандық пен ата-аналық міндетті қатар алып жүру оңай емес екенін айтады. Бес ұл-қызына деген махаббат, сүйіспеншілік сезімі оны кәсіби тұрғыдан қалыптасуына үлкен себепші болған. Уақытының көп бөлігі мектеп оқушылары арасында өтетіндіктен, олардың не айтпағын, емеурінін қас-қабағынан айтқызбай-ақ ұғады. Тәртібі мен үлгерімі төмен талай балақай апайларының пайдалы кеңестерін алып, жаман дағдылардан арылып жатады. «Балаларды бөліп-жарып қарамаймын. Мен үшін бәрі бірдей. Олардың жан-дүниесін түсініп, дұрыс бағыт беріп, тура жолға сала білу керек. Жаста берген тәрбие жас қайыңды игенмен бірдей. Ақыл-кеңестерім тығырықтан шығуға септігін тигізіп жатса, еңбектің ақталғаны», дейді Жанар Мерекеқызы.
Әміреновтер отбасының ең кішкентайы екі жаста. Ислам мен Алуа тетелес. Әке-шешелері түзде жүргенде бар жауапкершілік Аланға жүктеледі. Үйдің тұңғышы Диас Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық қазақ мектеп-интернатында білім алады. Ол оқуда да, спортта да үздік. Түрлі байқаулар мен жарыстарда еншілеген марапаттары мен медальдары жетерлік. 9 жастағы Ислам ата-анасына қолғанат, тек «беске» оқиды.
Берік пен Жанардың басты арманы балаларын қамқоршыл, елгезек, ел патриоттары етіп тәрбиелеу. Ата-аналардан алған тәлім-тәрбие, аға ұрпақты сыйлау, құрмет көрсету қағидаттарын өнегелі отбасы үшін бұлжымас заң тәрізді.
Өмір Есқали,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы,
Ақжар ауданы