Қазақстан • 25 Маусым, 2018

Рухани жаңғырудың діңі мен ділі

752 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан халқының, рухани жаңғыру­дың айлары мен жылдарына ғана емес, тұтастай дәуіріне қадам басқанын дәлел­дейтін тағы бір жарқын да дәйекті дәлел – Түркістан облысының құрылуы деп білемін.

Рухани жаңғырудың діңі мен ділі

Түркістанның тарих тегершігінде жаңа бір белеске, дәлірек айтсақ өз арнасына қайта ора­луы, қайтадан ұлтты ұйыс­тыратын аймақ­қа айналғаны, облыс­тық дәрежеге көте­рі­ліп, келешекте түркі әлемі­нің, тіпті шығыс халық­та­рының мә­дениеті мен өнерінің қайтадан өркен жай­ып, қайнар бұлағына айналатыны мәр­тебесі биік болған өлкенің қуаты мен әлеу­етінің қаншалықты мол екенін танытып отыр.

Түркістаннан халқымыз Әзірет Сұлтан деп құрмет тұтатын Қожа Ахмет Ясауиге мавзолей орнатып, ата-бабамыздың мәдени ағынын бір арнаға түсіріп, келе­шек­­тегі қазақтың Алтын қазығы етіп белгі­леуін біз бүгінгі тәуел­сіз­ді­гіміздің сенім­ді діңі деп бағалаймыз. Қожа Ахмет Ясауи – өзіне дейінгі дамып келген мың­­жыл­дықтар мәдениетін бір бойына жиып, келер ұрпаққа мәдениет пен өнердің сан сала­лы бастау тұмаларын ашып кеткен біртуар тұлға. Ол тұмалар – қазақтың таусылмас қасиетті ділі.

Елбасының Астананы еліміздің жүрегі, мемлекетіміздің тірегі етіп қалып­тас­тырудағы әр­бір қадамы Қазақ­стан­­ның баян­ды болаша­ғы­ның кепіліне айналды.

Бұл орайда елордамыз Астананың 20 жылдық мерейтойында Түркістанның жаңа облыстық ордаға айналуы – тарихта алтын әріптермен жазылатын ерекше тари­хи шешім болды!

Түркістан облысын құру бойынша қабыл­да­ған Елбасының Жарлығы санамызға серпіліс беріп, өзіміздің рухани әлемімізде үнсіз жәді­гер­ге айналып бара жатқан тарихи-мәдени мұ­ра­ларымыз бен өнеріміздің кәусарымен суа-
рып, ділімізді оятты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының тағы бір тамаша табысы – Түркістанның облыс орталығына айналуы болды.

Қай қазақтан сұрасаңыз да, оның ата-бабасы, міндетті түрде, Қожа Ахмет Ясауидің мазарына барып тәу еткен, білім алған, сол рухани кәусардан қанып су ішкен қасиетті адам болып шығады. Бұл ақиқатты ауызша жөн сұрасудың ғана еншісіне беріп қоймай, әр қазақ үшін Түркістан қасиетті болатын қайта жаңғырған тарих ақпаратына айналуы тиіс. Түркістанға бармаған қазақтың бо­ла­шақта да болмайтынын көздеп, мәде­ниеттің қалыптасқан ордасынан бата алуын тамаша туристік жолмен ұйым­дастыруымыз керек.

 Ендігі біздің міндет – «Тұма көрсең, көзін аш» деп, ата-бабамыз қағида етіп кеткен рухани бұлақтардың көзін ашу.

Қазақстанның әрбір аймағы, әрбір жер-суы, тіпті топырағының әрбір қиыршығы – тарихта Жер бетіне өркениеттің сәулесін таратқан адамдардың басып өткен іздерін «таң­балап» қалған, әрқайсысы маң­дай­ға ти­гізіп тәу етерлік қасиетті жәді­гер. Түр­кістанның, осынау сакралды, қас­тер­­лі де қасиетті аймақтың өз алды­на мемлекеттік деңгейде үлкен дә­ре­же алуы – қазақ­тың ғана емес, иісі бір түр­кі жұртының, тіпті көршілес шығыс ел­де­рінің де басын идірген алып тұлға­лар­дың туған жеріне деген ерекше құрметіміз бо­лып табылады.

Сол тұлғалардың ізін тірілту арқылы жаңа ұрпақ қазақ мәдениетінің зайыр­лы­лығын, ізгілігін, тарихи сабақтастығын, оның жалпы­адам­заттық өркениетпен бай­ланысын, мүмкін, бесігі болғанын дәлелдейтін өздерінің өмірдегі игі жолдарын қалыптастыра алады.

1500 жылдан астам тарихы бар, Қазақ ханды­ғының астанасы болған, шартарапқа кеткен керуен жолдарының то­ғыс­қан жері, Ұлы Жібек жолының орталығына айналған Түркістан қаласы туралы Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Әрбір халық, әрбір тәуелсіз мемлекет өзінің рухани орталығын нақтылап алуы керек. Қазақстанның рухани орталығы Түркістан», – деп баға берген болатын.

Еліміздің рухани өркениетті орталығы болуына бірлесіп атсалысу көптің алдындағы міндет.

Қуатжан УӘЛИЕВ,

Қазақстан Республикасы

Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы