Аймақтар • 25 Маусым, 2018

Маңғыстауда ардагерлерге арналған «Жеңіс есімдері» акциясы өтті

1328 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында Маңғыстау облысының Ұлы Отан соғысы ардагерлері және тыл ардагерлерін құрметтеп «Жеңіс есімдері» акциясына белсенді түрде атсалысты.

Маңғыстауда ардагерлерге арналған «Жеңіс есімдері» акциясы өтті

Облыстың 7 аумағынан ардагерлердің басынан өткен қызықты оқиғалары және өмірлік жолы әлеуметтік желілерге #Жеңісесімдері #Ардагерлердіардақтайық атты хештегтермен жарияланды.

Ақтау қалалық «Нұр Отан» партиясы филиалының қызметкерлері Ұлы Отан соғысы ардагері Боқаев Бисен Рахметұлының үйіне барып, ол бастан өткерген қиын-қыстау кезеңдер жөнінде әңгіме өрбітті. Ардагердің айтуынша Ұлы Отан соғысының басталғанына жыл толғанда жас жігіт әскер қатарына шақырылып, Қазақстан-Қытай шекарасын күзететін Жаркент шекара отрядына түскен.

«Осы әскери бөлімде 1944 жылдың сәуіріне дейін қызмет етіп,  Душанбе қаласында жасақталған 22-ші шекара отрядының сапына алындым. Мұнда кіші сержант қол пулеметшісі болып, неміс-фашист басқыншыларынан азат етуге күш жұмсаған топпен бірге болдым. Сол жылы Днестрдегі «Яссы-Кишиневті азат ету» операциясына қатысып, жан беріп, жан алысқан шайқастарда жүрдік. Шекарашылар Бессарабия жерінде, Днестр мен Прут өзендерінің бойын қорғау мақсатында қалдырылды. Бізге мұнда Кеңес Одағының мемлекеттік шекарасын күзету міндеті жүктелген болатын», деп еске алады ол.

Осылайша, қашан соғыс аяқталып, Ұлы Жеңісті шекара бойында қарсы алған шекарашы Бисен Рахметұлы 1949 жылы Красноводск қаласына оралады. Ұлы Отан соғысының ардагері Ресей, Молдова, Украина жерлерін жау қолынан азат ету операцияларына қатысқаны үшін марапатталған. Отбасында 2 ұл, 7 қыз тәрбиелеп өсірді. Ұзақ жылдар сауда саласында қызмет атқарып, зейнеткерлікке шығады. 1993 жылы туған Отанына оралып, көңілі орнына түскен Бисен ата мен Оғылхан ана ұл-қыздарынан жиырмаға жуық немере, шөбере сүйіп отыр.

Сондай-ақ, еңбекке ерте араласқан Маңғыстау ауданы тұрғыны, тыл ардагері А. Әбішева, Ұлы Отан соғысы ардагерлері: Қарақия ауданы ардагері Қалыбаев Шархатбай, Мұнайлы ауданы – Утаев Абдулла, Бейнеу ауданы – Мылтық Қарабатыров және Жаңаөзеннің тұрғыны Еңсегенов Кеңесбай қариялар сынықтың көзіндей әрдайым есте ұстап құрметтеп жүруге лайық есімдер.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы