Қазақстан • 26 Маусым, 2018

Алматыда «Астананың түркі әлеміндегі рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

400 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасында  еліміздің Түркиядағы елшілігінің ұйытқы болуымен «Астананың түркі әлеміндегі рөлі»  атты дөңгелек үстел өтті. «Рухани жаңғыру»  бағдарламасы аясында ұйымдастырылған іс-шараға Түрік елінен келген қонақтар мен елшілік қызметкерлері, БАҚ өкілдері сондай-ақ, қабырғалы қаламгерлер мен мәдениет майталмандары қатысты.

 

Алматыда «Астананың түркі әлеміндегі рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

Еліміздің Түркиядағы елшілігінің дипломаты Мәлік Отарбаев бауырлас мемлекеттер арасындағы мәдени ынтымақтастық пен рухани байланыс айрықша қанат жайып келе жатқанын  айтып,  Қазақстан республикасының Түрік еліндегі төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлының ыстық сәлемін жеткізді. Шараға Түркиядан арнайы келген Еуразия Экономикалық қатынастар қауымдастығының төрағасы Хикмет Ерен:

«Күні кеше ғана Түркия тарихында үлкен демократиялық қадам жасалып, президенттік және парламенттік сайлаулар өтті. Көпке мәлім болғандай халықтың сексен сегіз пайызы қатысқан таңдау нәтижесінде Тайып Ердоған ел президенті болып қайта сайланды. Бұл екі ел арасындағы ежелден жалғасып келе жатқан достық қарым-қатынастың одан әрі ілгерілеуіне оң ықпалын тигізетіні анық. Қазақстан тәуелсіздік алған санаулы жылдар ішінде үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Соның ішіндегі ең бір елеулісі 20 жыл ішінде танымастай болып бой түзеген ел Астанасы деп айтар едім. Астана шын мәнінде бейбітшілік қаласына айналғаны әмбеге аян. Онда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен  бүкіл әлем елдерін бейбітшілік пен мәмілегерлікке шақырған маңызды басқосулар өтті.  Бұл тұрғыда бір ғана Сириядағы шиеліністі жағдайларды тоқтату мақсатында өткен жиналыстарды айтсақ та жеткілікті. Мұның бәрі  Астананың беделін өсіріп, әлем алдындағы бәсін биіктетті» деді өз сөзінде.

Басқосу барысында бүкіл қазақ руханиятының  мәртебесін асырған мерейлі сәттің куәсі болдық. Тұңғыш рет түрік тіліне аударылып жарық көрген Тайыр Жомартбайұлының «Қыз көрелік», Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу», Спандияр Көбеевтің «Қалың мал»,  Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз жамал» романдары мен жазушы Несіпбек Дәутайұлының «Жол» атты әңгімелер және повестер жинағының тұсаукесер рәсімі өтті. Қуантарлығы сол, аз ғана уақыт ішінде бір ғана «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында қазақ жазушыларының 20-дан астам іргелі еңбегі түрік тіліне аударылып үлгерген.       

Жиында бауырлас екі елдің мәдениеті мен өнеріне сіңірген еңбегі үшін бірқатар қаламгерлер мен мәдениет қайраткерлері марапатталды.  Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұловқа, ақын Рафаэль Ниязбек пен жазушы Ахметжан Ашириге Түркия республикасы Президентінің Бас кеңесшісі Я. Топчурдың, сондай-ақ Түркия Премьер-Министрінің орынбасары Хакан Чавушоглының алғыс хаты мен арнайы сыйлығы тапсырылды.

БАҚ қызметкерлерінің  төл мерекесіне орай «Президент және халық» газетінің бас редакторы Марат Тоқашбаев, «Үркер» журналының бас редакторы Қуандық Түменбай, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай, «Егемен Қазақстан» газетінің Алматы бөлімшесінің меңгерушісі Нұрғали Ораз, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, «Түркістан» газетінің бас редакторы Жаңабек Шағатай  ҚР Түркиядағы елшілігі мен ЭкоЕуразия қауымдастығының «Баспасөз сыйлығына»  ие болды.

Түркі әлемі әдебиетіне  сіңірген еңбегі үшін,  Әлем сөз академиясының қызмет сыйлығы «Ана тілі» газетінің бас редакторы Самат Ибрагимге, Түркі әлемі әдебиеті мен мәдениетін насихаттауға ақпараттық қолдау көрсеткені үшін Түркі әлемі жазушылары және өнерпаздар қорының арнайы сыйлығы ақын Жанарбек Әшімжанға, Түркі әлемі әдебиеті мен мәдениетін насихаттағаны үшін Еуразия жазушылар қауымдастығының арнайы сыйлығы «Айқын» газетінің бөлім редакторы Қаншайым Байдаулетқызына берілді.

Одан бөлек Отандық БАҚ-саласында елеулі еңбек еткен бірқатар журналистерге түрлі деңгейдегі сыйлықтар мен арнайы алғыс хаттар табысталды.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ