ЮНИСЕФ-тің Балалар құқығын қорғау жөніндегі өкілі Корнелиус Уильямс әлем бойынша балалар көріп жатқан қорлыққа бейжай қарауға болмайтынын айтады. Өкілдің айтуынша, сәбилерді ұрып-соғу былай тұрсын, кішкентай қыздар мен ұлдарды азғындықтың небір түріне итермелейтін ересектердің пайда болуы алаңдатады. Нақты мәліметке сүйенсек, әлемдегі 2-4 жас аралығындағы 300 миллион бала өз үйінде психологиялық қысым мен физикалық тұрғыда жазалауды бастан өткереді екен. Отыз мемлекеттегі бір жасар он сәбидің алтауы үлкендер тарапынан қысым көреді. Тәй-тәй басқан он бөбектің біреуін әке-шешесі ұрып-соғады деген де мәлімет бар. Балалардың жөн-жосықсыз қысымға ұшырап, зорлық-зомбылық құрбаны болуына отбасы құндылықтарының жойылуы мен дәстүрлі жанұялық жүйенің бұзылуы да себеп болуда. Әлемдегі бес жасқа толмаған 177 миллион баланың анасы қасындағы ер адам тарапынан қысым көрумен күнін өткізуде. Бұл әрбір төртінші бала туған әкенің ықыласына зәру деген сөз.
Ата-ананың ұдайы бақылауы мен қарауынсыз қалған жас қыздардың зорлыққа ұшырау фактілері де азаймай отыр. 15-19 жас аралығындағы 15 миллион қыз азғын әрекеттен зардап шегетіні анықталған. Олардың 1 пайызы ғана кәсіби мамандардың психологиялық, медициналық көмегіне жүгінген. ЮНИСЕФ баяндамасына назар салсақ, жер бетіндегі 28 мемлекетте зорлық-зомбылыққа ұшыраған қыз балалардың басым бөлігі қаскөйді танитынын мойындаған. Қазіргі кезде қыздар ғана емес, ұл балалардың да азғындардан қорлық көргені туралы ақпараттар көрініс беруде. Соңғы жылдары мұғалімдердің оқушыларға қол көтеру мәселесі жиі айтылуда. Әлем бойынша мектеп жасындағы балалардың тең жартысы, яғни 732 миллион адам мектепте ұрып-соғуға толықтай тосқауыл қойылмаған елдерде өмір сүруде.
Қазақстанға келсек, халықаралық ұйым статистикасына сәйкес бір жастағы балалардың үштен бірі қатыгездікке ұшырайды. Ал үлкендер тарапынан дөрекілік көрген 2-4 жастағы балдырғандар 50 пайызға жетеді. Балаларды ұрып-соғу арқылы тәрбиелеу көрсеткіші 5-9 жас аралығындағы балаларда 58 пайыз деңгейіне көтерілген. Халықаралық ұйым өкілдері жүргізген сауалдама нәтижесі көрсеткендей, ата-ананың 67 пайызы, яғни сұралғандардың үштен екісі баласына психологиялық та, физикалық та қысым жасағанын айтқан. Балалардың 62-79 пайызы әке-шешесінен ұдайы таяқ жейтіні анықталған.
Зерттеушілер балаға күш көрсету арқылы тәрбиелеу ұрпақтан-ұрпаққа берілетінін да айтады. Яғни, кішкентай кезінде әке-шешесінен жиі таяқ жеп өскен адам өзі балалы-шағалы болғанда да ұл-қызына тым қатал қарайды. ЮНИСЕФ мамандары Қазақстандағы оқушылардың 66,2 пайызы мектепте күш көрсетуді бастан өткеретінін айтуда. Ұйым ел үкіметін баланы ұрмай-соқпай тәрбиелеу қағидаттарын енгізуде жас жеткіншектердің құқығын қорғауға бағытталған заңдар қабылдауға үндейді. Олар сондай-ақ баланы күш көрсетпей тәрбиелеуге насихаттайтын ата-аналарға арналған бағдарламалар жасап, курстар да өткізген. Бұған қоса ЮНИСЕФ ел үкіметіне балаларға зорлық-зомбылық, күш көрсетуді азайтуға бағытталған ұлттық жоспар қабылдауды ұсынуда.
Баланы физикалық, психологиялық қысымнан сақтау тек үкіметтік жоспар бойынша жүзеге асырылатын дүние емес. Бұл мәселеде басты тетік ата-ана қолында. Осы орайда үлкендердің өзін тәрбиелеу мәселесі де көтерілуде. Халықаралық ұйымдар ондаған жылдан бері нұсқап келе жатқан экономикалық, әлеуметтік теңдік тағы бар. Қысым көрген балаларға психологиялық ақыл-кеңес беріп, қажет болған жағдайда емдеу мәселесі де көтерілуде. Шетелдік мамандар елімізде балдырғандардың осындай бейбіт заманда ешкімнен қысым көрмей, жайма-шуақ жағдайда өмір сүруі үшін отбасында балалардың жағдайы мен қоғамдағы құқығын қорғауға басты назар аударуды ұсынады.
Жалпы, ата-аналарға «баланы ешқашан ұруға болмайды» немесе «тәртіпке көнбеген баланы таяқтап алу керек» деп ақыл айтуға болмас. Өйткені қазіргі бала осыдан отыз-қырық жыл бұрынғы баладан басқа. «Баланы ұрмау керек» деп айту оңай болғанмен, үлкен кісі балаға еш себепсіз қол көтермесі аян. Таяқ жеуге барлық жағдайда баланың өзі кінәлі болмасы анық, ата-ананың ұл-қызын ұрып-соғуға сырттай себептер де әсер етуі мүмкін. Қызметіндегі келеңсіздіктер, әлеуметтік жағдайының төмендігі тәрізді өшін баладан алуға түрткі болатын жағдайлар аз емес. Қазіргі кезде жалғызбасты аналардың баласына қол көтеру жағдайлары туралы жазылып жүр. Бұл арқасүйер азаматы жоқ әйел басына түскен жүкті көтере алмай, айналаға деген ызасы үшін баласына қол көтереді деген сөз. Бірақ үнемі соққы көріп, ер жеткенше үлкендердің айғайынан көз ашпау баланың денсаулығына да, ақыл-ойына да теріс әсер ететіні белгілі.
Мамандар үнемі ұрып-соғу арқылы тәрбиеленген бала өз қатарластарынан физикалық және әлеуметтік тұрғыда кеш жетілетінін айтуда. Психоэмоционалдық қысым салдарынан баланың ұйқысы бұзылып, тәбеті қашады, тіпті тілінде мүкістік пайда болуы мүмкін. Есте сақтау қабілеті төмендеп, жасына лайық қызығушылығы азаяды, мысалы, басқа балалармен бірігіп ойнауға зауқы соқпауы мүмкін. Бала бойындағы осындай депрессия ұлғая келе, мінез ерекшелігіне қарай агрессиялық әрекеттерге жетелеуі мүмкін. Мамандар баланың тілін табу қиын болған жағдайда әлеуметтік қызметкер, психолог сияқты мамандарға жүгінген абзал дейді. Бірақ өз баласын дұрыс тәрбиелей алмаған ата-ананы психолог түзу жолға түсіріп, қиын жағдайдан біржолата құтқарады деуге болмас. Тәрбие ісінде әр баланың болмыс ерекшелігін және ұлттық педагогика қағидаттарын да негізге алған абзал. Баланың қабілет-қарымын, туабітті мінезін психолог емес алдымен ата-ана біледі емес пе? «Баланы әкеден артық ешкім танымас» деген жапон нақылы осындайда еске түседі.
«Online Psychology Degrees» порталының мәліметіне сүйенсек, дамыған АҚШ-тың өзінде ата-аналар балаларын «сабап алу» арқылы тәртіпке салуды дұрыс көретіні байқалады. Бұл мемлекетте ата-аналардың 72 пайызы «бала ұрғаннан жаман болмайды» деген қағиданы ұстанады екен. АҚШ-тың 19 штатында мектепте оқушыны ұруға заң жүзінде рұқсат етілген. Шамамен 8 мың АҚШ мектебінде оқушыны ұру арқылы жөнге салады екен. Әлемдегі 52 мемлекетте (жер беті халықтарының 34 пайызы) баланы мектепте және түзету мекемесінде ұруға тыйым салынған. Олардың қатарында Армения, Әзербайжан, Беларусь, Чехия, Түркия, Ұлыбритания бар. Ал 27 мемлекетте (әлем халықтарының 10 пайызы) тек мектепте ұруға болмайды. Бұл мемлекеттердің тізімінде Жапония, Иран, Алжир, Эквадор, БАӘ, Конго республикасы бар. 24 мемлекетте (жер беті халықтарының 6 пайызы) түзеу мекемелерінде баланы физикалық тұрғыда жазалауға болмайды. Бұған Қазақстан, Солтүстік Корея, Панама, Ямайка, Франция сияқты мемлекеттер кіреді. Ангола, Аустралия, Ирак, Тәжікстан, Сирия, Судан, АҚШ, Мексика, Үндістан, Индонезия тәрізді 53 мемлекетте (жер беті халықтарының 39,6 пайызы) баланы ұруға заңмен тыйым салынбаған.
БҰҰ-ның Бала құқығы жөніндегі комиссиясының ұстанымы бойынша, балаға физикалық тұрғыда қандай да бір күш көрсету өкілеттікті асыра пайдалану болмақ. Америка ғалымдары 62 жыл бойы жүргізген зерттеу нәтижесін алға тартып, баланы физикалық тұрғыда жазалау жасөспірім бойында агрессияның өршуіне, антиәлеуметтік қадамдарға баруға итермелейді дейді. Сәби күнінде үлкендердің күш көрсетуін жиі бастан өткерген жанның жеке бас дамуында кемшіліктер болатыны да айтылуда. Жастайынан көп соққы көрген баланың миы зақымдалуы мүмкін. Шетелдік зерттеушілер ата-анасы жиі ұрып-соғатын баланың IQ тест нәтижесі мәпелеп өсірген баладан әлдеқайда төмен болады деген пікірде.
«Қар қылаумен, бала сылаумен өседі» дейді қазақ. «Таяқтау оңай, тәрбиелеу қиын» деген де сөз бар. Баланы ұрмай тәрбиелеу үшін не істеу керек? Ең бастысы, ата-ана мен бала арасында рухани үйлесімділік болуы тиіс. Қандай да бір істің дұрыс-бұрысын сөзден гөрі іспен көрсету үздік тәрбие қағидаттарының басты шамшырағы екені халық педагогикасында айтылған. Тәрбиенің ізгі шарты ата-ана ұл-қызына өзін үлгі тұтып, сыйлайтындай дәрежеде өнеге көрсетуі болса керек.
Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА