Өнер • 29 Маусым, 2018

Ұлттық музейде Алматы және ШҚО мұражайларының көрмесі ашылды

1046 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордадағы Ұлттық музейде «Өткенді еске алу – болашаққа жол» атты өңірлер мұражайларының көшпелі көрмелері ашылған болатын. Аталған жоба елорданың 20 жылдығына арналып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр. Жобаның мақсаты – республика өңірлерінің тарихы мен мәдениетін білу, Қазақстанның тарихи тұлғаларының өмірбаяны мен шығармашылығымен таныстыру, халықтың мәдени танымын байытып, қазақстандық қоғамның рухани тұрғыда дамуына сеп болу. Осы жоба аясында Ұлттық музейдің «Рухани жаңғыру» залында Алматы және Шығыс Қазақстан облыстары мұражайларының көрмесінің ашылуы өтті. 

Ұлттық музейде Алматы және ШҚО мұражайларының көрмесі ашылды

Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»

Экспозицияларды М. Тыныш­паев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану мұражайы және оның филиалдары, сондай-ақ Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мем­лекеттік тарихи-мәдени және әде­­­би-мемориалдық қорық-мұра­жайы дайындаған.

Алматы облысының мұражай қор­ларының материалдары­ ішін­­де Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаев­тың, сондай-ақ Мұха­мед­­жан­­ Ты­нышпаевтың, Шо­қан­ Уәли­хановтың, Жам­был­ Жа­баев­тың, Сүйінбай Арон­ұлы­ның, Ілияс Жансүгі­ровтың, Мұ­қа­ғали Мақа­таевтың, Мұқан Төле­баевтың, Дін­мұхамед Қо­наев­тың және басқа да аңызға айналған тұлға­лардың өмірі мен қызметіне байланысты бірегей экспонаттары ұсынылған. Көрме «Жетісудың 20 мұражайы» деп аталады.

Алматы облысы дайындаған жәдігерлердің арасында көз­ге ерекше түсетіні ақын Ілияс Жан­сүгіровтің әдеби му­зейін­де сақ­талған ақынның көй­ле­гі, соңғы суреті, Фатима Ғаби­това­ның терім машинасы мен қоб­ди­шасы. Өткен ғасырдың сұ­ра­пыл жылдарының куәсіндей бол­ған заттар енді тым-тырыс, жым-жырт қалпы жаңа ұрпақтың бетіне үнсіз қарайды. «Мені таны, сырымды аш!» деп кенет ғайып­тан тайып сөйлеп кетердей ұрлана қарайсың. Көлденеңінен жатқан Ілияс ұстаған таяқтың жұмбағы шешіліп, домбырасының шегі неге шешіле сөйлеп кетпейді екен. М. Горький Ілиясқа: «Алтын сандықтың үстінде отырсың ғой» депті бірде. Енді ғасырға жуық уақыт өткенде ақын ұстаған әр зат «алтын сандыққа» пара-пар. Кілтін таба алмай жүргендейміз сол алтын сандықтың.

Мұқағали Мақатаев музейінен келген ақынның шақшасы мен қармағы ерекше көзге түседі. Көнетоз портфелінде әлдеқалай ұмытылып, ешқашан, ешқайда оқылмай қалған өлең табылып қалардай айналсоқтайсың. Әрине қиял ғана. Әлгі бір Гол­ливуд фильмін­дегі көрініс көз алдыңда көл­беңдейді де қояды. 

Мұхамеджан Тынышпаевтың музейінен келген жәдігерлерді қарап келе жатқанда көз алдыңа Алаш қайраткерінің соңғы су­реті түседі. Өне бойыңды дір ет­кізетін жалғыз сәт – осы. Қазақ тәуелсіздігі үшін қанша жанның өмірі опат, жаны шейіт болды. Соларды түсіну үшін, тарихты се­зіну үшін бізге не жетпейді. Тарихи сана, бәлкім, ұлттық рух! Мүмкін жаңғыру...

Осы жылы композитор, фи­ло­соф, ақын Шәкәрім Құдай­бер­діұлының туғанына 160 жыл. Ақын­­ның және оның ұстазы Абай Құ­нанбаевтың өмірі және шы­ғар­машылығымен Шығыс Қазақ­стан облысының «Ұлы тұл­ғалар үн­дестігі» атты көрмесі таныс­­тырды. Көрмеде Абай мен Шәкәрімнің көп қырлы әле­мін ашатын бағалы экспонаттары қойыл­ған. Көрменің арнайы бөлі­мін 1885 жылы Абай­дың Семей қаласындағы өлке­тану мұра­жайына тапсырған қа­зақ хал­қы­ның тұрмыста қолда­ны­латын зат­тары құрайды.

Музей – халық тарихы. Тарих – ұлттың тағдыры. Ендігі кезекте тағдырымызға да, тарихымызға да тек жақсылық жазылғай! 

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»