Қазақстан • 02 Шілде, 2018

Астананың бас жобасын жасаған Кисе Курокаваны қазақстандықтар ұмытпайды

717 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Бұдан бір-екі күн бұрын ғана Пре­зидент Ақордада кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Геннадий Головкинді қабылдағаны белгілі. Соны теледидардан көріп отырғанымызда қы­зым маған қарата «Сіз білесіз бе, Нұрсұлтан Әбішұлы мына Гена сияқ­ты мықтыларды неге жақсы көреді?» деген сұрақ қойды. «Енді, ел намысын қорғап жүрген ерлерді қай-қайсымыз да құрметтейміз ғой» дедік жалма-жан жауабымызды қайтарып. Көкейіндегісін толық таппасақ керек, қызым әрі қарай кетті. «Дұрыс қой, марғасқаларды мадақтау – бұрынғы-соңғының жолы екенін білемін. Бірақ меніңше бұл кісі Головкиннің өнбойынан өзіне тән өрлік қасиеттерді көреді. Сондықтан сүйсіне қарайды. Өйткені біздің Президентіміз тумысынан ту ұстаған Жеңімпаз – Лидер! Амбициясы Алатаудай! Ең бас­тысы, мейлі қандай қиындықтар кез­дес­песін, межелеген биіктерінің бәрін ба­ғындыра алатын адам!» деді салмақты ойын сабақтап.

Астананың бас жобасын жасаған Кисе Курокаваны қазақстандықтар ұмытпайды

Азаттық үшін ата жауларымен айқасқан батыр бабаларымыздың бағзы­дан бергі асыл арманын ақиқат­қа ай­налдырған тәуелсіздік таңы атқан­нан кейін де Қазақстанның бір­ден қағанағы қарық, сағанағы сарық бола қойған жоқ. Адым аштыр­мас қиындықтар бастан асатын. Аласа­пыран заманның аспаны болжап болмастай бұлыңғыр-тұғын.

Міне, сол тағдыршешті тұста Алла тағала бізге халқымызды қап­таған қалың тұманнан адастырмай алып шығар алғыр басшы берді. М­ерейі өскен мемлекетіміз өркениет үрдісімен өркендеді. Естен тандырар экономикалық дағдарыстардың талай тайғақ кешулерінен өттік. Бағымыз бар екен, базбір елдердегі берекесіздіктің батпағына батпадық. Табанды түрде алға тарттық.

Елі сүйген Елбасының ең үлкен еңбегі – әрине, Жетісу төріндегі астананы Арқа төріне көшіруі. Бұл – ұлт тарихына алтын әріптермен жазылар ұлы оқиға. Оның орны бөлек, бағасын баршамыз білуге тиіспіз.

Кеңестік кезеңдегі үйреншікті әдетпен «Москва не сразу строилась» деп мәтелдейтініміз бар ғой. Сол сияқ­ты қазір көз суырар сұлу суре­­тін ай бетіне іліп қойып тамсана қара­ғандай тамаша Астанаңыз да бір күн­де орнай қалмағаны әмбеге аян. Бұйырса, бұл «Елорда эпопеясы» ертең­гі ұрпақтың есінде жүрер жыр-аңыз­ға айналады әлі. Ал осынау тарихи оқиғаны басынан өткерген бүгінгі буын өкілдерінің бір тамыры қашанда артық соғары анық.

Таратып айтар тақырыбымыздың кіріспесі ұзаңқырап кетті білем. Алай­да Елбасы мен елорданы айтпай негізгі мәселеге көшуіміздің жөні келің­кіре­мейді. Оның себебін қазір түсіне­сіздер, қадірлі оқырман қауым.

Кешегі Ақмоланың кейпі көбіміздің көз алдымызда. Облыс орталығына лайықталған ортақол қалалардың қатарынан болатын. Оның сыртында омбы қары, арқыраған аязы, тынбай соғар тентек желі, ызыңдаған масасы, аяқ алып жүргісіз ми батпағы, тағы­сын тағыларын тізбелесек тым ұзаққа сілтеуіміз мүмкін. Осындай қолай­сыздықтарына қарамастан қаланың басына астаналық сипат беретін қал­пақ кигізу қажет еді. Елбасы алдымен отандық архитекторларды жинап жаңа байтақты игеру жоспарын жасауды тапсырды. Шаруа шашетектен. Қала аумағын кеңейту жолдары қарастырылды. Ескі үйлер мен әкімшілік ғимараттардың біразы қайта әрленіп жаңғыртылды. Обалы нешік, қысқа мерзімде қыруар жұмыс бітті. Қалай болғанда да кемел келешектің кірпіші қаланып жатты.

Бірақ уақыт талабы жаңа жобаларды, тың ізденістерді қажет етті. Қалып­тасқан жағдайды ескере отырып, Астананы дамытудың бас жос­парын дайындауға ашық халық­ара­лық конкурс өткізу жөнінде ұйға­рым жасалды. Мұның өзі әлемдік қала сәулеті орталықтары тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Кон­курсқа Жапония, АҚШ, Аустралия, Италия, Франция, Германия, Ресей, Финляндия, Корея, Болгария, Пәкі­с­тан, Польша, Чехия, Украина, Өзбек­с­тан, Қырғызстан, Латвия ел­дері­нен 50-ден астам эскиз-идеялар түсті. Оның барлығы Конгресс-холға қойылып, көпшіліктің көріп, баға­лауына мүмкіндік жасалынды. Айна­ласынан ат оздырған 27 жоба жоғары білікті қазылар алқасының алдына барды. Жарыс шартына сәйкес жан-жақты талқылау қорытындысы бойын­ша қатарынан қара үзіп шық­қан заманымыздың заңғар сәулет­шілерінің бірі жапониялық Кисе Курокава жеңімпаз атанды. Таңдаудың жапондық жампозға неге түскендігіне байланысты ойларын Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Еуразия жүрегінде» атты кітабында (Алматы, «Атамұра» 2005 ж.) былайша ортаға салады: «Өз атымнан қосар болсам, қаланың тарамдалған-сақиналы композициясы мен оны өрісті нысанын ұсынатын Курокаваның Бас жоспары біздің көшпелі ата-бабамыздан жеткен ұлт­тық серпінді сезімді ескеретіндіктен және қаланың орталық бөлігінің ландшафт ерекшелігі номадтардың ежелгі көшпелі тұрақтарының пішінін еске салатындықтан көп жағдайда жаныма жақын сезіледі».

Елбасы ұнатқан жобаның ерек­шелігі, сондай-ақ оның өте терең концептуалдық идеясында еді. Оның мәні мынада: XXI ғасырда шаһарлар жаңа философиялық доктрина бойынша бой көтергені жөн. Қысқасы, қала­ны әлемде болып жатқан ғалам­дық үдерістердің тұрғысынан қарас­тыру керек. Осы орайда Курокава метаболистік, симбиоздық тұжырым­даманы ұстанады. Мұнда табиғатты сақтау, жасыл желекті көбейту ұста­нымы басты назарға алынады. Бұл арада биологиялық метаболизм ұғы­мы зат алмасу процесі емес, үздік­с­із өсіп-өркендеу мағынасында ұсы­ны­лады. Демек, қалалар бір қалыпта қатып қалмауы тиіс. Олар әдемі геометриялық фигуралардың бейне­сінде тұйықталмағаны дұрыс. XX ғасырдың аяғына қарай аталмыш теорияның қоршаған ортаны қорғауға дәрменсіздігі байқалған. Дәл сол уақытта симбиоздық сәулет тәсілі дүниеге келеді. Симбиоз – әртүрлі ағзаның қатар өмір сүруі. Курокаваша кескіндегенде – урбандалған және табиғи ортаның үйлесуі.

Мамандардан сұрап білгеніміздей, қазақстандық сәулетшілер бас жобаны сызғанда Есіл өзенін қаланың ком­позициялық кіндігі ретінде сипат­таған екен. Арнаның айналасына көп қабатты үйлер кешенін тұрғызу ойластырылыпты. Бұған Курокава қарсылық білдірген көрінеді. Оның ойынша, бүкіл өңірге тіршілік нәрін беріп тұрған су көзін қала қоқыстары айналасы екі-үш-ақ жылда ластап тастайды. Сондықтан ондай экологиялық оспадарлыққа жол беруге болмайды.

Рас, кейін Курокаваның бас жос­парына өте көп өзгерістер енгізілді. Өйткені келісті сәулеттің кемеңгері ептеп қателесіп, шаһар тұрғындарының саны жылдам өсетіндігін есепке алмаған сыңайлы. Ал бұл дегеніңіз, басты базалық көрсеткіш болатын. Келешектің болжамы соған қарап жасалынады. Кезінде ақпарат құралдарына берген сұхбатында белгілі архитектор Аманжол Чиканаевтың айтуынша, Кисе-сан осы мәселеге байланысты қарамағындағы қызметкерлерімен әжептәуір айтысыпты. Ол өзі 2030-шы жылға қарай елордалықтар саны 1 миллионға жетеді деп есептеген. Ал голландиялық әріптесі «Сіз де сөйлейді екенсіз, қайдағы миллион, ондай болмайды ешқашан» деп қасарысып отырып алыпты. Содан әрі-бері тартысып, 800 мыңдық көрсеткішке тоқтапты. Астаналарын ауыстырған елдердің тәжірибелерін зерттеп, өздерінше ой қорытқан түрлері ғой. Біздің қазақтың кейде дүние жүзінде қалыптасқан қағидаларға бағына бермейтінін қайдан білсін?! Басқаны былай қойғанда, аз ғана уақытта айды аспанға шығарып, самаладай Астана салып тастағанымыздың өзі аңызға бергісіз ақиқат емес пе?! Осы­дан ғой, достарымыздың сүйініп, дұш­пан­дары­мыздың күйінетіні... Талай жұртты таңдандырып, өзімізден де бар-ау...

Әйтсе де қазақстандықтар Куро­кава­ны қатты қадірлейді. Елбасы­ның атап өткеніндей «Оның идеялары қазақстандықтардың ғана емес, жалпы адамзаттың да ой-пікірімен толық үндеседі. Өйткені жаңа жиырма бірінші ғасыр табиғаттың қала­ға қайта оралған ғасыры болады деп тегін айтылып жүрген жоқ. Ал бұл үрдістерге Кисе Курокаваның мек­тебінен басқа кім сәйкес келеді? Оның үстіне Курокаваның сәулет өнері іс жүзінде каллиграфия өнерімен туыс­тас. Тіпті Кисе Курокаваның шы­ғар­­ма­шылығының өзін сәулетшілік калли­графия деп айтуға болады». (Нұрсұлтан Назарбаев «Еуразия жүрегін­де», Алматы, «Атамұра», 2005).

Қазақтың кіндік қаласында қайта­ланбас қолтаңбасын қалдырған Кисе Курокава өкінішке қарай, 2007 жылы өмірден өтіп кетті. Жапонияның Аити префектурасында оның туған әкесі де архитектор. Оннан енді асқан ойын баласы болса да Америка тастаған ажал бомбасынан астаң-кестеңі шық­қан ғимараттарды көріп, әкесінің қалай қамығып жылағаны жадында жиі жаңғыратын. Бәлкім, болашақ кәсібі жайындағы ой дәл сол сәтте жүрек түкпірінен орын алған болар. Мектепті аяқтаған соң сәулетшілік мамандықты қалап, Киото және Токио университеттерінде оқыды. Жас күнінде кеңестік конструктивизмнің әсерінен көпке дейін арыла алмапты. Оны айтасыз, коммунизм елестеріне елітіп 1958 жылы Мәскеуге барған. КСРО-ға көшпек те болған дей ме ...

Өткен ғасырдың 60-шы жылдары К.Курокава Киекори Кикухакэ және Фумихико Маки сынды әріптестерімен бірге сәулет өнеріндегі жаңа бағыт метаболизмнің негізін қалады. Соныға соқпақ салған топтың серкесі қираған Хиросиманы қайта қалпына келтіру жұмыстарын басқарған Хэндзо Танге еді. Метаболизм екінші жаһандық соғыстан күйреген Жапонияның қайта өрлеуіне баланды. Метаболизм іліміндегілер қаланы тірі ағзаға теңейді. Оларға биологиялық процес­тер мен марксизм идеясы дем бер­ді. Олардың пайымдауынша, био­логиялық құрылымдар тәрізді архитектура элементтері де уақыттың уытына шыдамай ескіреді, сондықтан оны басқа бірдеңемен ауыстырған абзал. Сәулетшілер қоғамдастығы мұны алғашында ғасырдың кезекті футурис­тік утопиясы ретінде қабылдады. Кейінірек кеңінен мойындалғаны белгілі. Метаболизм идеясын жүзеге асырудағы сәулетшінің негізгі жобасы – «Накагин» мейманханасы. Ғимарат жан-жағынан 144 болат капсулалармен бекітілген екі бетон мұнарадан тұрады. Әр капсуланың ішінде құрқылтайдың ұясындай құйтақандай пәтерлер орналасқан. Ішіне төсек, шағын үстел, шкаф және жуынып-шайыну кабинасы бар бір адамға арналған мекенжай.

Өмірінде қырыққа жуық халықара­лық конкурсқа қатысып, соның бәрінде бас жүлдені иемденген Кисе Курокава­ның әйгілі туындылары әлем­нің әр шалғайынан табылады. Мәселен, Осакадағы Ұлттық этнология музейі, Куала-Лумпурдағы және Астанадағы халықаралық әуежайлар, Санкт-Петербургтегі «Зенит-арена» стадионы, Токиодағы өнер орталығы, Сингапурдегі «Репаблик Плаза», «Сони» компаниясының кеңсесі және басқа сәулеттік сәні көз арбайтын керемет нысандар авторының атын өшірмейтіні даусыз.

...Елордамыздың ең көрікті жер­лерін аралаған сәттерімізде, әсіресе сол жағалаудағы сулы-нулы желекжол­мен серуендегенде, Астанадағы аэро­порт­тан әрі-бері ұшқанымызда жат­қан жері жайлы болғыр жапон сәулетшісінің есімі еске түседі. Мынау мерейтойлық мереке тұсында еңбегін Елбасымыздың өзі жоғары бағалаған Кисе Курокаваның әруағын бір аунатып қойғанды жөн көрдік.

Талғат БАТЫРХАН,

«Егемен Қазақстан»