Елбасының зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін жаңғырту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында зейнеткерлік жасында лайықты өмір сүру үшін зейнетақы төлемдерінің барабарлығын қамтамасыз етуге бағытталған Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпованың айтуынша, тұжырымдамада зейнетақы төлемдерінің мөлшері инфляция деңгейінен екі пайызға ілгерілете, жыл сайын арттыру көзделді. Осылайша, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап болжанған инфляцияның деңгейі 6% болғанын есепке ала отырып, жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің (ынтымақты зейнетақы) мөлшері 8%-ке арттырылды. Базалық зейнетақының мөлшері 6%-ке артып, 15 274 теңгені құрады.
Биыл шілдеден бастап базалық зейнетақыны тағайындау тәртібі өзгерді. Барлық қарт адамға еңбек өтілі болғанына немесе болмағанына байланысты демогрантпен қамтылды. Яғни зейнеткерлік жасқа толған азаматтарға мемлекет бюджеттен төлеп отырған базалық зейнетақының мөлшері еңбек өтіліне және зейнетақы жүйесіне қатысу ұзақтығына тәуелді болады. Егер бұған дейін зейнеткерлер қауымының бәрі бірдей ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-і мөлшерінде базалық зейнетақы немесе 15 274 теңге алып отырса, енді 1 шілдеден бастап оның мөлшері зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты артты. Өтілі 10 жылдан аз немесе мүлдем болмаған азаматтарға базалық зейнетақының ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-і белгіленді. Ал 10 жылдан кейін әр жыл үшін базалық зейнетақы 2%-ге ұлғаяды. Базалық зейнетақының ең төмен күнкөріс деңгейінің жоғарғы мөлшері 100% немесе 28 284 теңгені еңбек өтілі 33 жыл және одан көп болған азаматтар алады. Бұл ретте зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне – біріншіден, 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін жинақталған және ынтымақты зейнетақыны тағайындаған кезде есепке алынған еңбек өтілі, екіншіден, 1998 жылдан кейінгі еңбек өтілі жинақтаушы зейнетақы жүйесіне міндетті зейнетақы жарналарын аударған кезеңдері негізінде есепке алынады, үшіншіден, басқа әлеуметтік маңызды кезеңдер қаралады. Мәселен, баланы 3 жасқа толғанға дейін (жалпы жиынтығы 12 жыл шегінде) және 16 жасқа дейiнгi мүгедек баланы бағып-күткен кезеңі, әлеуетті құрылымдар қызметкерлерінің жұбайларының жұмысқа орналасу мүмкiндiгi болмаған жерлерде тұрған кезеңі, Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметтерінің және халықаралық ұйымдардың қызметкерлерi жұбайларының шетелде тұрған кезеңi, басқа адамның көмегіне мұқтаж 1-топтағы мүгедекке, 2-топтағы жалғызiлiктi мүгедекке және жасына байланысты зейнеткерге, сондай-ақ 80 жасқа толған қарт адамдарға күтiм жасаған уақыты есепке алынады. Бұл өзгерістер келешекте зейнетке шығатын және саны 2 148 318 адамды (биылғы 1 мамырға дейінгі есеп) құрайтын бүгінгі зейнеткерлерге қолданылады. Яғни 2018 жылғы шілдеден бастап барлық зейнеткерге автоматты түрде біржолғы базалық зейнетақыны қайта есептеу жүргізіледі. Бұл орайда қосымша құжаттар талап етілмейтінін айта кеткен жөн.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»