Қазақстан • 06 Шілде, 2018

Арманы асқақ, асуы биік Астана!

643 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Біз Астана атты алып шаһардың ХХІ ғасырмен бірге жарыса дамып, әлем мойындаған мегаполиске айналғанын, дүниежүзілік татулық пен үндестікті ту еткен орны бөлек орталық болып қалыптасқанын көрген, соған куә болған бақытты ұрпақпыз. Сайын Сарыарқаның төсінде құлпырған әз Астана осы жылдар ішінде Азия мен Еуропаның шоқтығы биік шаһарларының біріне айналғанына, тұтас елдің тірегі болғанына көз жеткіздік. 

Арманы асқақ, асуы биік Астана!

Астана – тұтас Алаштың астанасы болса, Батыс Қазақстан облысы – Ресей Федерациясының бес облысымен шектесетін еліміздің батыс қақпасы. Астанамен бірге біздің облыс та жыл санап, қарышты дамып, шетелдермен тауар айналымы тұрақты, өндірісті өңірге айналды. Биыл аймаққа арнайы жұмыс сапарымен келген Елбасы Н.Назарбаев шекараға жақын жатқан облыстың кәсібін дамытуға өте қолайлы климат барлығын баса айтқан болатын. Сондай-ақ экологиялық жағынан «елдегі ең таза қала» деген бағасын да беріп кетті. Бұл дегеніңіз – Астанамен бірге жыл сайын жаңарып, даму бағытында ілгері жылжып келе жатқан аймақтың абыройы артқанының белгісі. 

Елбасы сапары барысында Жәнібек пен Бөкей ордасы аудандарына баратын тас жол құрылысын жеделдету туралы үкіметке тапсырма беріп, ол жұмыс жаңа қарқынмен жүргізіліп жатыр. Бұған дейін шалғайдағы ауданды облыс орталығымен жалғайтын күре жолдың жағдайы Жайық жұртын қатты алаңдатқан мәселе болатын. Бұл да Елбасының тікелей араласуымен жүзеге асып жатқан ірі жобаның біріне айналды.

Батыс Қазақстан облысы Астананың 20 жылдық мерейтойына Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың ескерткішін сыйға тартты. Қанды қырғында елі үшін жанын қиған қазақтың батыр қызының еңселі ескерткіші елорданың Жеңіс даңғылы бойында орнатылды. Бұл – біздің Астанамызға деген ортақ сыйымыз! Біздің ортақ абыройымыз!

Астана – арманы асқақ, асуы биік жандар салған қала. Елінің бір күндігін емес, жұртының 100 жылдық бірлігін ойлап, Елбасының салған қаласы. Еуразия кіндігіне орналасқан алты Алаштың бас қосқан қасиетті жері, әлемдік маңызы бар мәселелер талқыланатын ашық алаң, бейбітшілік пен келісімнің ордасы. Барлық Батыс Қазақстан облысының халқы ажарлы Астананы 20 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтап, еңселі елорданың одан әрі дамып, жетілуіне бір ел болып күш салатынын жеткіземіз! 

Туған күніңмен, Астана!

Хамза Абдрахманұлы САФИН, 
 ҰОС ардагері,
Ақұштап Бақтыгерейқызы БАҚТЫГЕРЕЕВА, 
Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрайымы, ақын, халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты,
Ақсерік Сарыұлы ӘЙТІМОВ,
 Қазақстан ақпараттық технологиялар және басқару институтының ғылыми-ағартушылық кешенінің президенті,
Абат Қадымұлы ЕСЕНҒАЛИЕВ ,
 еңбек ардагері,
Жайсаң Досболайұлы АҚБАЙ, 
 өлкетанушы, еңбек ардагері,
Рахметолла Хамитұлы СҮЙІРБАЕВ,
 еңбек ардагері