Аймақтар • 06 Шілде, 2018

Талдықорғанда «Астана» даңғылы ашылды

634 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Енді Жетісудың кіндік қаласының тұрғындары Астана даңғылымен жүретін болды. Өйткені, бүгін Талдықорған қаласында елорда аттас көше ашылды. 

Талдықорғанда «Астана» даңғылы ашылды

Астананың 20 жылдығына орай өткен мерекелік салтанатта Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қаланың жаңадан пайдалануға берілген шағын аудандарындағы көшелерге шыт жаңа атау берілгенін хабарлады. Астана атауын иеленген даңғылдан бөлек, аса көрнекті қазақ тарихшысы Қадырғали Жалаиридың, Еңбек Ерлері Бәйкен Әшімов пен Зылиха Тамшыбаевның атына көшелер пайдалануға берілді.

- Осындай атаулы мереке қарсаңында облыс аумағында көптеген іс-шаралар өткізілуде. Сондай шараның бірі, бүгінгі Елордамыз - Астананың 20 жылдығы қарсаңында «Астана» даңғылының салтанатты ашылуы болып отыр. Сонымен қатар, ұлы тұлғаларымыздың ұлағатты еңбегі мен ерлікке толы ерен істерін әспеттеу мақсатында, ғұлама тарихшы Қадырғали Жалайыри даңғылы, Еңбек Ерлері Бәйкен Әшімов пен Зылиха Тамшыбаеваның құрметіне көше аттары берілді, - деді өз сөзінде аймақ басшысы.

Облыстағы зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, қала тұрғындары қатысқан салтанатты жиында Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы М. Халық, Бәйкен Әшімовтің ұлы О. Әшімов, Зылиха Тамшыбаеваның қызы С. Тоқсанбайқызы сөз алып бүгінгі атқарылып отырған тағылымды іске ризашылықтарын жеткізіп, көпшілікті Астана мерекесімен құттықтады.

Сондай-ақ, Астана күні мерекесінде талдықорғандық отбасылар жаңа пәтерге ие болып, бірқатар азаматтар мерейтойлық медаль алды. Пәтерге ие болғандар қатарында көп балалы отбасылар, I, ІІ топтағы мүгедектер, толық емес отбасылар, зейнеткерлер, Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген азаматтар, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар бар. Бұл күні жалпы саны 180 отбасы осындай қуанышқа кенелді.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

Алматы облысы.