Қазақстан • 21 Шілде, 2018

Ғаламат із қалдырған қаршадай ұл

319 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алматыдағы Балуан Шолақ атын­дағы спорт сарайына жинал­ған, қара жамылған қара құрым халық көз жасына ерік берді. Сарай­дың ішінде де, сыртында да еңкілдеп жылап жатқан жұрт кеше ғана барша жанкүйерін өрелі өнерімен тамсандырып, сан миллион көрерменге шаттық сыйлау арқылы Қазақстанды әлемге т­аныт­қан әйгілі спортшының 25 жасы­нда қыршынынан қиыл­ғанына се­не алар емес... Амал нешік, қа­м­шының сабындай ғұ­мырында ғаламат із қал­дырған қар­шадай ұл туралы өкініш­пен, өзекті өртеген өксікпен, тек өткен шақта айтуға мәжбүрміз. 

Ғаламат із қалдырған қаршадай ұл

Қайғыдан көкірегі қарс айырылған Қазақстан халқы 21 шілдеде мем­лекетіміздің мақтанышы, даңқ­ты спортшы, мәнерлеп сыр­ғанау­дан Олим­пиада және әлем чем­п­и­онат­та­ры­ның жүлдегері, Азия ойындары мен Дүние­жү­зілік Универсиаданың же­ңімпазы, ту­ған елінің нағыз патриоты Денис Тенді ақ­тық сапарға шығарып салды.

Қоштасу рәсіміне жұртшылық таң­ғы сағат 8.30-дан бас­тап жиналды. Уақыт озған сайын қош айтысуға келгендер кү­рт артып, Абай даңғылы бойында сан мың адам қаз-қатар тұрды. Әрине, Денис Тенді ақтық сапарға шығарып са­лу­ға осынша көп халықтың келуі те­­гін емес. Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына жи­нал­­ғандар арасынан ту­ған-туыстары мен әріптестері, дос­тары мен жора-жолдастарынан бөлек, жо­ғары лауазым иелерін, өнер мен қоғам қай­рат­кер­лерін, спорт саңлақтары мен эстрада жұлдыздарын және өзге де сала­да еңбек етіп жүрген танымал тұл­ға­ларды көптеп кезіктірдік. 

Денистің дара жолы

Денис дара туған ұл еді. Жуырда ғана 25 жасқа толған айтулы азаматтың ел спортына сіңірген еңбегі орасан зор. Бозбала шағында-ақ дара талантымен оқ­шау­ланып, қатарының алды болды. Атан түйенің жүгін арқалап, отан­дық мәнерлеп сырғанау өнерін өрге сүй­реді. Спорттың бұл түрі біздің елде ұзақ уақыт бойы тұралап қал­ғанын көзіқарақты жанкүйерлер жақсы білуге тиіс. Әлемдік додаларды айтпағанда, құрлықтық жарыстардың өзінде жер­лес­теріміздің оза шапқан кез­де­рі сирек. Көбіне-көп қалың топтың ара­сында қалып қойып жүрдік. Сол олқы­лықтың орнын толтырған Денис Тен еді. Алматының өрені бек­зада өнерді жаңа биікке көтеріп, көз арбаған белес-
терге жетеледі. Қазақстанда да мықты мәнерлеп сыр­ға­наушылардың барына төрткүл дү­ние­нің көзін анық жеткізді.

Денис Теннің жүріп өткен жолы барша жанкүйерлердің көз алдында. Жастар буыны арасындағы жарыстарда жасындай жарқырап, ересектер дуына еркін қосылды. 12 жасында Қазақстан чемпионы атанып, білікті бапкерлердің назарын өзіне аудартты. 2011 жылы Астана мен Алматыда өткен Азия ойындарында алтын тұғырға көтерілді. 2013 жылы Лон­донда жалауы желбіреген әлем чем­пи­онатында күміспен күптелсе, 2015 жылы Шанхайда қолаға қол созды. 2014 жылы Сочиде алауы тұтанған Олимпия ойын­дарында қола медальды мойнында жарқыратты. 2017 жылы Алматыда ұйым­дастырылған Дүниежүзілік Универ­си­адада бас жүл­дені қанжығасына байлады. Спорттық ше­жіреге зер салсақ, Қазақ­стан­­ның бір­де-бір мәнерлеп сыр­ға­­нау­шысы бұрын-соңды бұл межеге ма­ңайлай да алмаған.

Елінің нағыз патриоты еді

Иә, Денис елін сүйген, Қазақстанын шын жақсы көретін, жүрегі ізгілікке то­лы, мінезі көркем жан болатын. Ең жа­қын достары ғана емес, бір сәт қана тіл­дес­кен, жүздескен кез кел­ген азамат оның жайдары, өте кіші­пейіл, қиналғанға қол ұшын созатын қайырымды, мейірімді азамат екенін айтады. Оның ешкімге дабыра қылмай-ақ ауыр науқасқа ұшыраған балалардың хал-ахуалын біліп, көңілдерін көтеріп, сый-сияпат жасап жүретінін талай көргенбіз.

«Денис Тен және оның достары» атты мұздағы шоуының өзі неге тұ­ратын еді. Оның зор қажыр-қай­рат жұмсап жү­зе­ге асырған осы шоуы Қазақстанды әлем­ге таныту тұр­ғы­сы­нан тұтас бір ме­ке­мелердің атқара ал­май­тын жүгін кө­терді. Әлемнің ең үздік спортшыларын мұ­зай­­дынға жинау арқылы жаһан жұрт­шылығының назарын Қазақстанға аудар­ғаны өз алдына, ел жастарының мәнер­леп сы­р­ғанау спортына деген қы­зы­ғу­шылығын оятып, осы спорттың да­­муына өлшеусіз үлес қосты. Де­нис шоу­дан түскен қаражатты да не­гі­зінен осы спортты дамытуға жұм­са­ды.

Міне, әлемдік спорт тарихында өз орнын ойып тұрып алған осындай керемет спортшы, Отанын шексіз сүйе­тін абзал азамат қапияда қандықол қа­рақ­шылардың қолынан қаза тапты. Алматының қақ ортасында, тападай тал түсте көліктің әйнегін ұрлауға кел­ген қарғыс атқыр қос жендет мем­лекетіміздің мақтанышына айнал­ған өрімдей жастың өмірін қиды.

Неге? Неліктен бұлай болды? Еңсе­ні езген ауыр қайғының астарында әр­кім­нің-ақ көкейінде осы сұрақ тұр. Өкініш­ке қарай, бұл сауалдың жауабын біз бере ал­маймыз.

Қаралы жиында Қазақстан Респуб­ликасы Мәдениет және спорт минис­трі Арыстанбек Мұхамедиұлы, респуб­ли­ка­лық коньки спорты федерациясының президенті Болат Жәмішев, даңқты спорт­шылар – Жақсылық Үшкемпіров пен Серік Сәпиев тебірене сөз сөйледі. Ақтық сапарға шығарып салу рәсімі аяқталғаннан кейін Денис Теннің денесі Алматы қаласы маңындағы Дружба ауылында жер қойнына табысталды.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ