Медицина • 23 Шілде, 2018

Жаңа жәрдемақыны кімдер алады?

612 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арналған биылғы Жолдауында жәрдемақының жаңа түрін енгізуді тапсырған болатын. Тапсырмаға сәйкес, Қазақстанда 2018 жылғы 1 шілдеден бастап 18 жастан асқан бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке кү­тімді жүзеге асыратын адамдарға жаңа мемлекеттік жәрдемақы енгізілді. Оған кімдердің қол жет­кізетіндігін және қанша қазақ­стандық аталған жеңілдікке ие болатынын ашып айта кетке­німіз жөн.

Жаңа жәрдемақыны кімдер алады?

Елбасы Жолдауында «2018 жылдың 1 шілдесінен бастап кәмелетке толған, бала кезінен бірінші топтағы мүгедектерді ба­ғып отырған ата-аналар үшін қо­сымша мемлекеттік жәрдем­ақыны енгізуді тапсырамын», деген болатын. 

Соған сәйкес, жәрдемақының мөлшері ағымдағы жылы ең төменгі күнкөріс деңгейінен 1,05 немесе 29 699 теңгені құрамақ. Сондай-ақ жәрдемақы 18 жас­тан асқан, бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтімді жүзеге асыратын адамдарға төленеді. Атап өткен жөн, барлық тиісті әлеуметтік төлемдер мүгедектер үшін сақталады. Жәрдемақы бала кезінен бірінші топтағы мүгедек немесе оның заңды өкілі жүгінген күннен бастап бала кезінен бірінші топтағы мүгедектік белгіленген барлық кезеңге тағайындалады.

Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрлігі өкіл­дерінің айтуынша, жаңа формат­тағы жүйе әлеуметтік көмекті кү­шейтуді, берілетін жәрдем­ақы­ларды біріктіре отырып, азаматтар үшін оңтайландыруды және олардың мөлшерін көбейту мәселелерін шешетін болады. «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» заңға бірінші топтағы мүге­декке бала кезінен күтім жасайтын 18 жастан асқан адамдарға арналған жаңа жәрдемақыны енгізу нормалары бекітілді», деді министр М.Әбілқасымова.

Жәрдемақының өмір бойына тағайындалатыны да жарымжан жандарға моральдық әрі ма­те­риалдық көмек деп білуіміз керек. Тек кәмелетке толмағандар, жүйке ауруы мен наркологиялық диспансерде тіркеуде тұрғандар қамқоршы бола алмайды. Со­ны­мен қатар сот әрекетіне қа­білетсіз немесе қабілеттігі шек­теулі деп танылғандарға да мү­гедекке күтім көрсету бойынша жәрдемақы тө­ленбейді.

Әлеуметтік көмек департа­менті директорының орынбаса­ры Балжан Баяха­то­ваның ай­­­­туын­­­­­­ша, бір отбасында екі мү­ге­дек бол­­­са, мүге­декті бағып отыр­­­­ған әр адамға жәрдемақы тө­ленеді. От­ба­сын­да екі не одан да көп ба­ла І топ­та­ғы мүге­дек болатын бол­са, жәр­де­м­ақы әр­қайсысына тө­ле­неді. «Егер де оларды бір емес, бір­не­ше адам бағып отыратын болса, тек сол бағып отырған адам­ға тө­ле­неді», дейді ол. Алдағы уақытта аталған әлеу­­­меттік көмекті 14 мыңнан ас­­там отбасы алады деп күті­луде. Бұ­ған дейін І топтағы мүм­кіндігі шек­теу­лі жандар 18 жас­қа толған соң олар­дың ата-аналарына төленетін жәр­демақы тоқтатылатын.

Жақсы жаңалыққа Астана қа­л­а­сының тұрғыны Нағима Жұ­мабек есімді ана өз ризашы­лы­ғын білдірді. Оның 28 жастағы ұлы Ержан – І топтағы мүгедек. «Баламды бағып-қағуға шамам жет­кенімен, күтіміне қаражат ке­рек. Мемлекеттің осындай жан­дар­ға қамқорлық жасағаны өте құп­тарлық іс. Егер оның өзі­нің ден­саулығы жақсы болып, жұ­мыс істеп сол қаражатты өзі тапса, одан артық бақыт болмас еді. Бі­рақ мүгедек болған соң үйде отыр. Оған күндіз-түні күтім керек. Қараусыз қалдыруға бол­майды. Аспаз болып түнгі ауысымда іс­теймін. Күндіз мен, түнде әкесі қарайды. Былтыр пәтер алдық. Енді жәрдемақы тағайындалып жатыр. Осының бәрі мемлекеттің жанашырлығы деп білеміз»,  дей­ді Ержанның анасы.

Тағы бір айта кетерлігі, қам­қор­­шыларды жылына екі рет ауыс­тыруға болады. Сондай-ақ олар мүмкіндігі шектеулі адаммен бірге немесе жақын маңда тұ­ру­ға міндетті деп саналады. Жаңа жәрдемақы сондай-ақ әйел­дің мүгедек баласына кү­тім жасаған жылдары зей­нет­ке шық­қанда еңбек өті­лі­не қо­сы­ла­ды. Бұл мақсатқа рес­пуб­ли­ка­лық бюд­жеттен 2,7 миллиард теңге қарастырылған. Айта кетсек, бүгінгі таңда ба­ла кезден бірінші топтағы мү­ге­дек адамдарға берілетін ме­м­­­ле­­кет­тік әлеуметтік жәр­дем­ақы­ның мөл­шері – 54 306 теңге.

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»