Қазақстан • 23 Шілде, 2018

Атқарылған іс сараланды

292 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 2018 жылғы бірінші жартыжылдықтағы қызмет қорытындысы бойынша кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Онда осы жартыжылдықта агенттіктің атқарған жұмыстары талқыланып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалды. Кеңейтілген алқа жұмысына агенттік төрағасы Алик Шпекбаев төрағалық етті.

Атқарылған іс сараланды

Жалпыға мәлім, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл агенттігі мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлық көрініс­терінің алдын алу және мемле­кеттік көрсетілетін қызметтер сапа­сының сақталуын бақылау саласындағы уәкілетті мем­ле­кет­тік орган ретінде маңызды мін­дет­терді атқарады. Соған сәйкес аталған алқа жұмысында агенттік­тің мемлекеттік қызмет, мемле­кеттік көрсетілетін қызмет­тер­ді бақылау, мемлекеттік қыз­мет­ші­лермен әдеп нормаларын сақтау және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу саласындағы қыз­меті нәтижесімен қатар, мем­ле­кеттік органға бағынышты меке­мелердің – Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының, Президент жанын­дағы мемлекеттік басқару акаде­миясы және Мемлекеттік қыз­меттің персоналын бақылау ұлттық орталығының жарты­жыл­дық жұмысы талқыланып, қорытындыланды.

Негізгі баяндаманы жасаған агенттік төрағасы А.Шпекбаев мемлекеттік қызметшілерге жа­лақы төлеудің жаңа жүйесінің оң нәтижелеріне тоқталды. Ол «Біз бұл бағыттың жүзеге асы­ры­луының белсенді сатысына өттік. Қазірдің өзінде кадрлық тұрақтылық пен бәсекелестіктің артқандығы байқалады», деп атап өтті. Бұл орайда қызметшілердің бәсекеге қабілеттілігін одан әрі арттырып, сондай-ақ адам ресурстарын басқаруды жетілдіру үшін кадрлық іс жүргізу бо­йынша жалпы қызмет көрсету орталығын енгізу жобасы жүзеге асырылуда. Осының арқасында Агенттікте 147 кадр бірлігі қыс­қарып, нәтижесінде 432 млн тең­гедей қаржы үнемделмек. Келесі қадам – мемлекеттік сатып алулар мен заңгерлік қызметті орта­лықтандыру. Ал үнемделген қар­жыны мемлекеттік орган бас­шысы қызметкерлердің жалақ­ы­сына үстемақы ретінде қосып беруге, сөйтіп оларды одан әрі адал және табысты жұмыс істеуге ынталандыруға толық құқы бар. Қазіргі кезде 2 трлн теңге көлемінде жалақы төлеу қоры бар ведомстволық бағы­ныш­ты ұйымдарда 1,5 млн адам жұ­мыс істеуде. Үкіметте оларды оңтай­лан­дыру және топтастыру мә­селесі қаралып жатқан көрінеді.

Жалпы, агенттік еңбекақыны арттыру, бәсекелестікті күшейту секілді мәселелерден басқа, мемлекеттік қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жетілдіру мәселесін шешуге де бастама көтеріп отыр. Олардың арасында жеңілдікпен тұрғын үйлер мен зейнетақы жүйесін енгізу, денсаулықты түзеуге жағдай жасау, сондай-ақ қызметкерлер балаларына балабақшадан орын ұсыну мен орталықтандырылған медициналық қызметтер алуды ұйымдастыру бар.

Агенттік төрағасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте қол жеткізген нәтижелерге тоқ­талды. Оның айтуынша, іс жүзінде барлық салада жоғары лауа­зымды тұлғалардың қатысуы­мен жасалған сыбайлас жемқор­лықтың көптеген дерегі ашылып, оған қатысы бар 700-ден астам адам, оның 18-і республикалық, 55-і облыстық, 101-і қалалық және аудандық буындарда анық­тал­ғандығын атап өтті. Мәсе­лен, олардың арасында Энерге­тика вице-министрлері, сыртқы сая­сат ведомствосының жауап­ты хатшысы, Ауыл шаруа­шылығы министрлігі комитет­терінің төрағасы мен төраға­сының орынбасарлары, Ұлттық компаниялардың топ-менед­жерлері, құқық қорғау орган­дарының басшылары, сондай-ақ әртүрлі деңгейдегі судьялар бар.

Алқа мәжілісінде агенттіктің бизнесті қорғау бағытындағы қызмет нәтижелері де шы­ға­рыл­ды. Мысалы, осы кезеңде агент­тік 300-ден аса кәсіпкердің құқы­ғын қорғаған. Бұл өткен жыл­дың көрсеткішімен (108) салыс­тырғанда 3 есеге көп.Тер­геу барысында күдіктілердің мүлі­гіне 4,6 млрд теңгеге тыйым са­лынған, бұл өткен жылдың көр­сет­кішінен (1,2) 4 есеге артық.

Александр ТАСБОЛАТ,

«Егемен Қазақстан»