Қаралы көктем.1953 жыл, наурыз

Сталин өлді... Бұл біздің санамызды сансыратқан қаза еді. Қалайша, бүкіл әлемді аузына қаратқан құдірет иесі, адамзатты бақытқа кенелткен, күн сөнгенше сөнбейтін, құдайдай мәңгі көсемнің әншейін, жәй пенде сияқты аурудан өліп қалуы?! Ақылға сыймайды. Біз қайғыдан қан жұттық... 

Егемен Қазақстан
16.08.2018 2182
2

Қанша ғұмыр кешсем де осы көктем есімнен шығар емес. Әлі күнге рахмат туы көтеріліп, қар астынан шыққан Шыңғыстаудың кәусар лебі жаныңды сергітіп, бусанған жердің бойыңа қуат беретін салқын исі, сан түрлі дыбыстан құралған у-шуы – бәрі күні кешегідей көкірегімде сақталып қалыпты. Күн көзі ерте күлімдеп, ақпан айының аяғында-ақ сай-сала суға толып, наурыз туысымен жер қарайып, қылтия бастаған көк шөп мал-жанды жадыратып-ақ жіберді. 

Сондай мамыражай күндердің бірінде класымызға екі көзі бұлаудай болған мұғалимамыз келіп кірді. Біз үрпиісіп қалдық. Жер-дүние жарқырап тұрған осындай шақта бұл бейбаққа не болды екен? Ауылды жерде сөз жата ма, Семейден оқу бітіріп келген өңді келіншек оқи алмай қалған оспадар күйеуін менсінбей, жиі-жиі таяқ жеп жүретінін естуші едік, сондай жағдай ма деп, әліптің артын бағып, тым-тырыс отырмыз. Сәлден соң мұғалима қобыраған шашын түзеп, өксігін басқан соң:

– Балалар, – деді қайғылы жүзбен даусы дірілдеп, – Ұлы көсем Сталин жолдас қатты науқастанып қалыпты.

Бұдан әлдеқайда ауыр жаманшылықты күткен біз «Е,е, сол-ақ па, кім ауырмайды?!» дегендей бұқиып оқытушымыздың іс-әрекетін көзіміздің астымен бақылап отырғанбыз, класта жас мұғалимаға қатты еліктейтін екі қыз бар еді, солар дауыс шығарып, сыңсып қоя берді. Ұлдар жағдайды сонда ғана түйсініп, қайғылы пішінмен қабағымызды кіржитіп, басымызды салбыратқан болдық.

– Ұлы көсем ауырып, қиналып жатқанда қалай ұялмай сабақ оқимыз. Бүгін боссыңдар, – деді мұғалима жасқа тұншығып.

– Улап-шуламай үйлеріңе қайтып, ата-аналарыңа жағдайды айтыңдар.

Біз мұғалім сөзінен айнып қала ма деп тез-тез жинала бастадық.

– Әй, көшеде ойнаушы бол­маңдар! – деген бұйрық естілді артымыздан.

Үйге келсем бәрі үркіп, үрейленіп отыр. Атам күрсіне береді. 

– Апырай, жан-жағымызды жау торып тұрғанда басшы­мыздың ауырып қалғаны қиын болды-ау, – дейді ол. – Ел үшін азамат аман болса екен!

Атам бүгін намазын әдетте­гіден ұзақ оқыды. Ол біткен соң дұға қайырып, соғыста шейіт болғандарды есіне алды. Ең соңында Сталинге амандық тілеп, бетін сипады.

– Ата, сіздің батаңыз Сталин бабамызға жүрмейді, – дедім ақырын ғана. – Өйткені ол – кәпір, құдайға сенбейді.

– Тәйт! – деді атам. – Жоқтан өзгені қоқсытпай! Ол да құдайдың пендесі. Ажал алдында бәріміз де бірдейміз...

Наурыз айының алғашқы аптасы ырың-жырың болып, сабақ жөнді жүрмеді. Күн сайын мектепке жиналғанымызбен мұғалімдеріміз сабақ оқытудың орнына Сталиннің ұлылығын айтып, ара-арасында көз жастарын төгіп-төгіп алады.

Біз бос жүргендіктен мектеп­тің ауласында ойнағымыз-ақ келеді, бірақ ұстаздарымыз қатал бақылап, тіпті күлуге де тыйым салды. Тек қайғырып, қара жамылып жүру керек.

– Сталин әлі тірі ғой, – деді бірде тентек Кенжеш. – Жа­мандық шақырып, неге жылай береміз?

Мұғалиманың көзі шарасынан шығып кетті. Оның әлем-тапырақ болған жүзін көріп бәріміз жым болдық. Бұлай ойлауға да болмайды екен.

Бір апта бойғы осындай көңілсіз күй жалықтыра бас­тады. Мұғалима соны сезсе керек, кеше өзгеше жол тапты. «Ертең ұлы көсем туралы Жамбыл бабамыздың жырларынан үзінділер жаттап келіңдер. Баға қоямын».

Сабақ өтпесе де қоңырау соғылып, класқа жиналдық. 

– Бүгін ұлы көсемге деген сүйіспеншілігімізді Жамбыл жырлары арқылы білдірейік. Кәне, кім бастайды?
Таласа-тармаса кластағы оқушылар тегіс қол көтерді.

– Өте жақсы, өте жақсы. Кеңестің саналы оқушылары осылай болса керек.

Мұғалима класты тұтас шолып, әрқайсымызға сүзіле қарады. Өзіне еліктегіш екі қыз көзге түскісі келіп, қолдарын өршелене көтереді. Көсем ауырғаннан бері жылаудан алдарына жан салмаған екеуін оқулары орташа болса да мұғалима жан тартып, ерекше жақын тұтатын.

– Кәне, сен айта ғой, – деді Оразгүл деген былшық бет сары қызға. Ол орнынан лып етіп тұрып, тақпақтай жөнелді.
Күнсіздерге күн болған
Жер жүзіне нұр болған
Ақылдың кені данышпан;
Езілгенге қол берген
Кемтарларға жол берген
Заманның ері арыстан...

– Өй, бұл өлең Ленин туралы ғой, – деді тентек Кенжеш орнынан айқай салып. – Өткен күзде ғана жаттадың емес пе?

Өршеленген Оразгүлдің екпіні су сепкендей басылды.

– Ештеңе етпейді. Осындай қиын-қыстау шақта Ленин бабамызды еске алған да жөн. Ол – Сталин жолдастың ұстазы.

– Бірақ бүгін ауырып, қиналып жатқан Сталин көсемнің тілеуін тілеуіміз керек қой, – деді тентек Кенжеш райынан қайтпай.

– Кәне, олай болса өзің айтып жіберші?
Кенжеш тосылған жоқ. Жамбылдың «Сталин» атты жырын қисса оқығандай нақышына келтіріп толғады.
Жазық маңдай, жарқын жүз,
Туды ол адам бағына.
Қыран кеуде, кең топшы
Айбыны күшті жауына.
Оның аты Сталин
Тұлға болған таңыма...

– Сталиннің маңдайы жазық емес, тар ғой, – деп түкпірде отыратын Санақбай күңк ете түсті.

– Не дейсің? Қайсың сөйлеп отырған? – деп мұғалима зілденді. Ешкім үндемеді. 
Кенжеш жырды жалғап әкетті.
Ел достығын ұстаған
Данышпаным Сталин!..
Алпыс жасты жасаумен 
Асқарлаған Сталин!
Жасымен бірге қайраты 
Аспандаған Сталин!
Ешбір жаудан, қамалдан
Жасқанбаған Сталин!..

Кенжештің даусы екпіндеп, екі беті алабұртып, көзі жайнап тұр. Өлеңнің құдіретіне елтіген балалар Сталиннің ауырып жатқанын ұмытып, жүздері жадырап, емін-еркін күле бастады. 

Мұғалима оқушыларына риза көңілмен:

– Адамзаттың бағы үшін көсеміміз науқасынан жазылады. Ол мәңгі жасайды, – деді нық сеніммен.

Осы кезде сырттан шу естілді. Көп адамның дабырына елеңдей бастадық. «Не болды екен?».

Көп ұзамай класымыздың есігі сарт етіп ашылып, ар жағы­нан өңі қашып, екі көзі бұлаудай болған бастауыш кластың мұғалимасы көрінді.

– Неғып, қамалып отыр­сыңдар?! Ұлы көсем қайтыс болды ғой! – деді ол.

Мектептің ауласы оқушы­ларға толып кетті. Ересек бала­лар біздей емес, қабақтарын түйіп алыпты. Әйел мұғалімдер бір жерге жиналып, беттерін орамалдарымен бүркеп, үнсіз жылайды. Соғыста бір аяғынан айрылып, қос балдақпен жүретін физика мұғалімі қайғыдан теңселіп, балдағына асылып тұр. Оның жанында үнемі арақ ішіп қызу жүретін Сандыбаев деген мектептің шаруашылығын басқарушы беті мыж-мыж болып физика мұғаліміне әлденені сыбырлады. Ол теңселгенін кілт тоқтатып, бас шұлғыды. Көзінде бір тамшы жас жоқ екен. Көп ұзамай екеуі жылыс­тап мектептің сырт жағына қарай шығып кетті. Ганс екеуміз баспағып, «не істер екен?» деп қарасақ, шаруашы­лық бастығы (завхоз) қабырғаның қуысынан бір жартылықты ­суырып алып: «Сталин үшін!» деп аузынан қылқылдата жұтты. Қалған жартысын мұғалімге беріп:

– Қан төккен адамсың ғой, күйігіңді басады, түгел ішіп ал, – деді. Екеуі шаруаларын тез бітіріп, топқа қайтып оралды. Аулада митинг өтіп жатыр. Жылтыр бас, толық денелі мектеп директоры Сталиннің қасиеттерін ұзақ баяндап, ара-арасында көз жасына тұншығып, тұрып қалады. Сол кезде директормен қатар тұрған шаруашылық бастығы мен физика мұғалімі, қызып қалса керек, өкіре жылап, маңайын азан-қазан қылды...

Биік баған басындағы қара табақшада тыным жоқ. Сай-сүйегіңді сырқыратып қаралы әуен ойнауда. Көбіне сөйлеп тұрған Мәскеу. Ара-арасында Алматыдан қаралы митингіде сөйлегендердің сөзін беруде. Ондай жиын Қарауылда да өтті. Солардың арасында өз шаруасымен ауданға келген Құндыздының түйешісі, Социалистік Еңбек Ері Тәукен ақсақал да бастықтардың қолқалауымен сөз сөйледі. Бұл жолы жылап тұрып, жақсы айтты. Райкомдағылар қатты дайындаса керек. Ал осыдан бес-алты жыл бұрын оған Алтын жұлдызын әкеліп ауылдың клубында табыстаған кезде үлкен шатақ шыққан. Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы бір топ нөкерімен келіп Тәукеңнің кеудесіне Алтын жұлдызды өз қолымен таққан соң түйешіге сөз беріледі. Аудан басшылары хат танымайтын Тәукеңнің сөйлер сөзін үйретіп, кімге алғыс айтуды тәптіштеп түсіндірген. Бірақ сөзін дұрыс бастап, енді рахмет айтар кезде түйешіні қара басты.

– Жолдастар! – деді ол қатты дауыстап: – Рахмет!.. – деді тұтығып. Көсемнің аты есіне түссеші. Тағы да: – Жолдастар... – деді көзі жыпылықтап. Бір жақ шекесіндегі жұдырықтай ұрасы қып-қызыл болып, тіпті ісініп кетіпті. – Рахмет! – деді үшінші рет даусы пышаққа түскен малша қырылдап. Жұрт шулап кетті. Арт жақтан біреу:

– Маркске ме? – деді бәсең дауыспен сыбырлап.

– Жоқ! Ол емес!

– Ендеше Ленинге ме? – деді екінші адам.

– Жоқ, оған да емес, – деді түйеші қолын сермеп. Шарасыздықтан көзі шатынап, бейшара күйге түскен.

– Енді кімге рахмет айтасың?

– Әлгі, шегір көз, қара мұртты көсем бар емес пе?

– Е, Сталин жолдас па?

– Иә, иә. Маған жұлдыз бергені үшін соған рахмет. 

Жұрттың көзі атыздай болып, үнсіз қалыпты. 

Бұл бір қиын кез еді. Соғыс біткен соң ел ішінен «халық жау­ларын» аулап, байлап-матап жатқан. Соның алдында ғана осы ауылдың бір шопаны поштадан ауылкеңес зорлықпен жаздырған бір бума газеттерін жиып алып үйіне қайтарда саптама етігінің қонышына сұға салса керек, газеттегі Сталин жолдастың басы атқа мінгенде бұтының арасынан көрініп тұрыпты. Осындай саяси соқырлығы үшін бейшара шопан сотталып кетті. Ал мынау, тіпті шетін оқиға.

Облыс басшысы орнынан жалма-жан тұрып түйешінің ұлы көсемнің атын ұмытқанына қатты ренжіп, зекіп тастады. Колхозшының саяси надандығы үшін аудан басшысы да сыбағасын алды. Сөз өзіне де тиетінін сезсе керек, хатшы артын жайдақтап ұлы көсемнің ерліктерін термелеп ұзақ сөйледі. Құдай оңдап, іс насырға шаппай бейбіт аяқталды...

Азалы музыка, міне, неше күн бойы толассыз күңіренеді. Мәскеу мен Алматы жарысқа түскендей, адамның аза бойын қаза қылатын жоқтаулар мен әуендерді беруде. Жолбарыс сауырлы қарт Шыңғыс мыңдаған жылғы тарихында дәл осындай қасіретті күйге бөленбесе керек, әбден мезі болып, аптаның аяғына қарай күн желдетіп, дауылдата бастады.

Осы бір сұмдық әуендер менің құлағымнан көп жылдар бойы ызыңдап кетпей жүрді. Тек бертінде ғана кімнің музыкасы екенін білдім. Бетховен... Соның Реквиемі... қасіретті сонатасы... азалы маршы... «Ажал есік қағып тұр» деп өзі жиі айтатын бесінші симфониясынан үзінді екен. Алып елдің еңсесін езіп, қара тұмандай тұмшалаған бір дәуір осы жаназа күйімен аяқталса жарар еді. Біз, балалар, оны қайдан түсінейік, Сталин өлген күннің ертеңіне мектептен жырақ Қарауыл өзенінің құрғап қалған арнасындағы ойпаңда доп ойнай бастадық. Оқудан қолымыз босап, еркіндікте жүргенімізге мәзбіз. Бір ескі құлақшынды тауып алып, ішіне шүберек толтырып футбол добын, ал сиырдың түлеген жүнінің ішіне домалақ ағаш тығып қол добын жасадық. Құлақшын-допты тоз-тозы шыққанша тепкілеп, футболға айызымыз қанған соң, өзіміз «мәткі» деп атайтын ойынға енді кірісіп жатыр едік, жанымыздан өтіп бара жатқан бір атты адам кілт бұрылды.

– Әй, түйсіксіз боқмұрындар! Ұлы көсем болса о дүниелік болды. Ал сендер қайғырудың орнына шуылдап доп қуып жүрсіңдер. Құлақтарыңды кесіп алайын ба осы, – деді айбат шегіп. Содан соң даусын бәсеңдетіп: – Мына қылықтарыңмен әке-шешелеріңе, мұғалімдерге зияндарың тиеді, біреулер көрмей тұрғанда тараңдар! Атты кісі өз жөнімен кетісімен біз оны келемеждеп, кейбір ұстаздарымыздың Сталин өлген күнгі ерепейсіз қылықтарына ұқсап, өтірік жылаған болдық. Тентек Кен­жеш, тіпті сайқымазақтанып «Абай» романындағы Оспанға ұқсап «Ой, бауырым, Сталин, топырағың торқа болсын» деп дауыс айтып, мені құшақтай алды. Мәз-мейрам күлкімен кеш батқанша тарқамадық.

Сталин өлді... Қара табақ­­шалардың үні өшіп, Қарауыл жұрты мүлгіген тыныштыққа көмілген тәрізді. Үйге келсем бәрі орнында, қара қазандағы сұйық бидай көжеміз бүлк-бүлк қайнап жатыр. Атам мен апам бұйығып, өздерінің бүкіл өмірінің куәсі болған, бетін сүйекпен өрнектеген, басы мен аяғы қайқы ағаш төсектің жанында отыр. Заманының небір аласапыран дауылын бастан кешкен қария тағы қандай зұлматқа тап боламыз деп қамыға ма, күрсіне береді. Кенже ағам жазушы, білімді адам ғой, заманның бет алысын түсінсе де іштей қыстығып, ешкімге тіс жармайды. Анда-санда ақ қағазға үңіліп, әлденелер жазады да, оны іле-шала өртеп жібереді. Кеш батысымен шалқасынан жатып, домбырасын кеудесіне қойып, аса мұңды, бітпейтін бір сарынды шерте береді. Кезінде, ел үркін болған ашаршылық жылдары, Құндыздының тумасы Мақажан ақын шерткен күй екен. Ол өзі шығарған ба, әлде ескіден қалған ба, ешкім білмейді. Осы күйді шерткен сайын: «Аягөз бен Құндыздының арасында аштықтан қырылған адамдардың сүйегі ақжем болып шашылып жатқанын бала кезде көргені, кейде өзінің алғы шепте жараланып, өліктердің арасында шалажансар күйде өмір үшін арпалысқаны елестейтінін» Кенже ағам айтып қалатын. Бұл күй бәрімізді жабырқатып жіберді.

– Әй, Кәмен, – деді атам дүр сілкінгендей оқыс дыбыстап. – Жә, болды! Халқымыз аман болсын! Елдің, ұрпақтың, мына топты бала-шағаның қамын ойла!

Бәріміз атама қарап тым-тырыс болдық. Кенже аға басын көтеріп, тіктеліп отырды.

– Бәрі де өтеді, – деді атам сөзін жалғап. – «Тиянақ жоқ, тұрлау жоқ, келді-кетті, Қайта айналмас, бұрылмас бұлдыр заман» деген жоқ па Абай жарықтық. Бұл да соның кері...

Сталин өлді... Бірақ дүние өз қалпынан өзгерген жоқ... Шыңғыстың іші көкорай шал­ғынға бөленді. Оның балақ тау­ларына көктемде ерте шыққан рауағашты теру үшін демалыс күндері белесебетке мінгесіп барып қайттық. Қарауыл төбенің бауыры да исі бұрқырап жаңғырып, жасыл түске боялған. Ерте көктемде туған төлдерімен қарымы недәуір көбейген қой-ешкісін атам сол жерге апарып бағады. Біз оның немерелері сабақтан келген соң, түскі шәйін апарып, әңгімесін тыңдап, жанында біраз ойнап қайтамыз. Атам төбенің бір қойтасының үстінде малдасын құрып алып жан-жақтағы таулардың тарихын әңгімелейді. 

– Әне, ана тұрған үшкіл биік – Хан тауы. Бір заманда үйсін Майқы бастаған атақты он бір би Шыңғысты ақ киізге отырғызып, сол таудың төбесіне көтеріп, қазақтың ұлы ханы деп жариялаған. Мына тұрған Орданың бауырына туын тігіп екі жыл қыстапты. Іргесін жалпақ тастармен шегендеген Шыңғыс­хан ордасының жұрты әлі жатыр. Мына біз отырған төбеден кү­зетшілері қарауыл қараса керек. Жер аттары сол заманнан қалыпты. Жарық дүниенің жартысына билік жүргізген сол қаһанның да дәурені біткен көрінеді. Бір Алладан басқа бұл өмірде өзгермейтін не бар? 

Анау, Хан тауының сол жа­ғында қаракөк түске боялып керегедей керіліп жатқан – Түйе­­өркеш. Жарықтық Абай сол тау­дың бауырында, Қарауыл өзе­­нінің жағасында отырған Сү­йін­­дік ауы­лында тұңғыш рет Тоғ­­жанды көреді. Оның жастық шағы­ның, қуанышты, бақытты күнде­рінің куәсі сол Түйеөркеш қой.

Атам әр күні, біз келген сайын жаңа әңгіме бастап, Қарауылды қоршаған көгілдір тауларды, кең қоныс, жалпақ өлкелерді көз алдыңда тірілтіп, осы жерлерде тіршілік еткен адамдардың ғұмырын өзі ішінде жүргендей баяндайды. Біз ол кісінің ерте­гідей қызық әңгімелерін тыңдауға асығатынбыз...

Қарауылдың ұшар басында төрт бұрышты сандықша қара жартас бар. Сол жерге атамның айтуымен бәріміз тас оба қаладық. Алыстан қарасақ сол оба осы өңірді күзетіп, ма­ңайына көз сүзіп тұрған алып батырға ұқсайды. Атам үнемі соның көлеңкесін саялап отыратындықтан екеуі кірігіп кететін. Қазір атам жоқ, бірақ оның рухы мүк басқан шақпақ тастарда әлі бар. Жанына барсақ елі мен жерінің тарихын шерте жөнелетін сияқты...

Сұлтан ОРАЗАЛЫ,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

10.12.2018

Қарағандылықтар «ҚазРобоСпорт» чемпионатының бас жүлдесін жеңіп алды

10.12.2018

Ежелгі металлургия іздерін Тарбағатай даласынан көруге болады

10.12.2018

Қытай 2000-нан астам қазаққа өз территориясынан шығуға рұқсат берді

10.12.2018

Д.Назарбаева Дүниежүзілік банкінің Орталық Азия жөніндегі Аймақтық директорын қабылдады

10.12.2018

Солтүстікқазақстандық екі кәсіпкер «Жомарт жүрек» байқауының жеңімпазы болды

10.12.2018

«Латын әліпбиіне көшу – тарихи таңдау» республикалық ғылыми-теориялық online конференция өтті

10.12.2018

Халықаралық Олимпиада комитеті Алла Важенина, Анна Нұрмұхамбетова және Ольга Рыпаковаға медальдары қайтарады

10.12.2018

Павлодарда «Лайықты еңбек – мемлекеттің тұрақтылық негізі» форумы өтті

10.12.2018

Атыраулық дзюдошылар Конфедерация Кубогінің иегері атанды

10.12.2018

Облыста озық шыққан аудандар марапатталды

10.12.2018

Александр Журавский Мұхаммед Рабииден жеңілді

10.12.2018

Дархан Қыдырәлі The Asahi Shimbun басылымына сұхбат берді 

10.12.2018

Қызылордада жер телімдері аукционға шығарылды

10.12.2018

Қызылорда облысының әкімі мүмкіндігі шектеулі жандар автокөлік сыйлады

10.12.2018

Қостанайда табиғат қорғау полицейлері киік атқан қаскөйді ұстады

10.12.2018

Сығанақ қалашығы туризмге қызмет етеді

10.12.2018

Қыздар университеті робот құрастыратын стартап жобалар жасайды

10.12.2018

«Қайраттың» екі футболшысы - әлемнің үздік ойыншысы номинациясына үміткер

10.12.2018

Дүниежүзілік банк Қазақстанның коммуналдық инфрақұрылымын дамытуға қатысады

10.12.2018

Алматыда жас дзюдошылардың турнирі өтті

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»

Táýelsizdiktiń tańǵajaıyptary

О́tken joly jazǵan baǵanymyzda («EQ», 21.11.18) Táýelsizdiktiń arqasynda qazaq jastarynyń sporttyń elıtalyq túrlerinen álemdik dodalarda tek sońǵy jyldary ǵana top jaryp jatqan birneshe mysaldaryn keltirgen edik. Sonymen birge qazaq ánderimen, ulttyq áýenmen álemdi aýzyna qaratyp júrgen ánshilerimiz týraly da jazǵanbyz. 

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Jekemenshik teatrlar jaıy

Jalpy, kez kelgen halyqtyń mádenıeti men rýhanı damý deńgeıi teatr salasyndaǵy jetistikterimen ólshenetini tarıhtan málim. О́rkenıetti memleketterdegi bir ǵana qalanyń ózinde teatr sany 200-den asyp jyǵylatyndyǵy sonyń buljymas dáleli bolsa kerek-ti.

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Aqparattar aýqymyndaǵy aqıqat

Taıaýda Almatyda ótken medıaquryltaıda Qazaqstandaǵy buqaralyq aqparat qural­darynyń qazirgi jaı-kúıi keńinen áńgime boldy. Mamandar tarapynan aıtylǵan pikirlerge qulaq qoıar bolsaq, sońǵy jyldary qazaqstandyq BAQ-tyń, ásire telearnalardyń reıtıngi aıtarlyqtaı túsip ketken. Máselen, 2013 jyldan bergi aralyqta bul kórsetkish 22 paıyzǵa tómendegen eken. Onyń sebebi nede?

Сайраш ӘБІШҚЫЗЫ, Қазақстанның білім беру ісінің құрметті қызметкері

Halyq sózinde birtutastyq, birlik bar

«Halyq» sóziniń mán-maǵynasy óte tereń ekeni barshaǵa málim. Másele – osyndaı saıası astary aıryqsha sózdi qalaı qoldanyp júrgenimizde. Merzimdi baspasóz betterindegi habarlardan,  teleradıo arnalardan, ózara áńgimeden «aýyl halqy», «qala halqy» degendi oqyp ta, estip te júrmiz. Máselen, telearnalardyń birinen «Arshaly aýdanynda 27 myń halyq bar» degendi estidim de, «halyq sózin durys qoldanaıyq» dep, ózimniń oı dápte­rime jazyp qoıdym. Sebebi orys tilinde «narod sela» nemese «narod derevnı», «na­rod raıona», «narod goroda» demeıdi, tipti jazbaı­dy. Bul tilde «naselenıe», «jıtelı», «gorojane», «selchane» deıtinin bilemiz. Biz qazaqsha «aýyl turǵyndary», «qalalyqtar» nemese «qala turǵyndary» desek, ekpini báseń bolyp, birdeńe joǵaltyp alatyndaı, «aýyl halqy», «qala halqy» dep qysqa qaıyramyz. Sonda deımin-aý, qazaǵymyzdy bólip, jiktep, birtutas halyq sanatyna qospaı turǵanymyzdy nege ańǵarmaımyz?!

Дидар Амантай,

Túsiniktiń kúıreýi

Sońǵy jyldary, sandyq tehnologıalyq ónimderdiń (iPhone, Red One, digital camera, information technology) alǵashqy nusqalary (computer, printer, scaner, copier), shyqqanyna tabany kúrekteı jarty ǵasyrǵa jýyq ýaqyt, jeteqabyl mezgil ótkende, ozyq qoǵamdarda, qala berdi, damýshy elderde, tipti, jalpy adamzattyq mádenı-rýhanı keńistikterde iri-iri qomaqty ózgerister júrdi. 

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікір қосу