Қазақстан • 24 Тамыз, 2018

Астанада Шыңғыс Айтматов атындағы көше ашылды

567 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Астанада Шыңғыс Айтматов атындағы көше ашылды. Қазақ елінің заманауи архитектурасымен көздің жауын алатын елордасында қырғыз жазушысының есімі қарапайым емес, кең, ұзын және өмірі қайнаған көшеге берілді.  

 

Астанада Шыңғыс Айтматов атындағы көше ашылды

Мұндай шешім қабылдау ресмилік, саяси астар мен дип­ло­матиялық әрекеттің әсері емес, осыншалықты ұлы тұлғаны шы­найы, дәл, адами тұрғыда құрметтеу деп есептеймін. 

Шекспирдің тілімен айт­қан­­да бұл «сүйіспеншілікке сүйіс­пеншілік» секілді. Рас, Айт­матов Өзбекстанды да, Қазақ­стан­ды да туған ұлы секілді, шын кө­ңіл­мен, сонда өмір сүрген ха­лық­қа тән мәдениет пен та­рих­қа қа­нығып жақсы көрді. Біз қа­зақ және өзбек ұлтының мә­дени-ғы­лыми интеллигенция­сы Шың­ғыс Төреқұлұлын қанша­лық­ты құрмет тұтқанын, өз кезе­гінде Айтматовтың оларды да жо­­­ғары бағалағанының куәсі бол­­дық. Ең бастысы, ол ұлы өрке­­­ниетке тән осы бір рухани ауыз­­­бір­ші­ліктің жойылмауы үшін, эко­­­но­микалық және саяси менмен­­д­іктің кеселіне ұшырамау үшін, Түр­­­кістанның өткен тарихы ұмы­­­тылмауы үшін көп еңбек сіңірді. 

Өзбекстан президенті бұған дейін Айтматовтың туғанына 90 жыл толу мерейтойын мемлекет көлемінде атап өту туралы жарлық шығарғанын жазған болатынбыз. Сол кезде бастан өткерген сезімді сөзбен айтып жеткізу қиын. Мұндай шешімнің құны жоғары. Сондай-ақ осындай қадамдар дәл қазіргі дәуірде, өзара мә­дени-экономикалық дамудың уа­қытында өте қажет. Кейде өңі­рімізде болып жатқан іс-ша­ралар ортақ болашағымызға не­гізделген іргетастың қаланып жатқанындай әсер қалдырады. Біз нығайып келеміз. Ортақ ата-бабамыздың даналығына, қайнар көзіне, ынтымақтастықтың нағыз бұлағына қол созып келеміз. 

Шыңғыс Төреқұлұлы 2008 жылы Орталық Азияның заманауи әсем қаласы Астанаға сапарлап қайтқан болатын. Өкінішке қарай, бұл жазушының соңғы сапары екен. Еуропаның дәлдігі мен Азияның даналығын бойы­на сіңірген тұлға әрі жазушы үшін қазақтардың жаңа елордасы өте ұнағанын білеміз. Ша­һар туралы жылы пікірін Айт­матов мақтанышпен жиі айтып тұратын. 

Негізінде Шыңғыс Төреқұл­ұлы қазақ мәдениетін, елдегі ұлт­тық руханиятты терең әрі ке­­ңінен түсінген жазушы. «Бо­ран­ды бекет», «Жан пида», «Кас­сандра таңбасы» еңбектерінің авторы көп жақты тұлға болғанына қа­рамастан, бұл оның адами және суреткер болмысының екінші жағы еді. Оның жазған ең­бектерінде ұлы даланың алыбы, Сарыөзек жазбаларында кездесетін қазақ халқының аңызына арқау болған Едігенің бейнесі көрініс тапты. Меніңше, Айтматов Қазақстанда ерекше танылды. Ал оның қазақтарға, Ұлы дала мен бас айналдырар кеңістікке ұмтылысы ішкі суреткерлік қажеттілігі, кең-байтаққа, ғарыштық деңгейге, эпикалық ойлаудың жаңа бір түріне құмарлықтан туындады. 

Сонымен Қазақстанның жаңа елордасында Шыңғыс Айт­матов атындағы кең әрі лайық­ты көше пайда болды. Ша­һарда Манас көшесі бар еке­нін естен шы­ғармайық. Сон­дай-ақ Алматыда да Манас атын­дағы көше бар. Шың­ғыс Төре­құл­ұлының 90 жыл­дығы Астана­да сәуірде басталып, Айт­м­а­тов атындағы үлкен форум өтті. Халықаралық Түркі академиясы ұйымдастырған ­жиында осы жолдар авторының «Айтматов. Империяның соңғы жазушысы» атты қоғамдық және биографиялық зерттеу кітабы таныстырылды. Астанада жарық көрген осы кітап Мәскеуде «Ұлы тұлғалар өмірінен» сериясы аясында қайта басылып шықты. Ал оның түрікше аудармасы жақында Анкарада оқырманға жол тартады. Қысқаша айтқанда, қазақ-қырғыздың керемет дос­тығы жалғасын тауып келеді. 

Мұның астарында саясаттың ықпалы бар ма? Әлбетте. Әйтсе де, жоғарыда айтып өткенімдей осы оқиғалар – біздің ортақ түсі­­­­нігіміздің жарқын көрінісі. Мұнда түйсік, мәдени кодымыз, өңірлік қажеттілікті түсінуіміз ортаға шықты. Қазіргі уақытта, тарих таразысына тартылған нәрсе көп тұста, ең әуелі тәуелсіз даму жолында жүріп түйсігіміз бен геосая­си серпілістердің пайда болуын түсіну және мәнін ұғыну оңай. 

Сөз соңында Астана шаһары туралы бір-екі ауыз айта кеткенді жөн көрдім. Астана – заманауи Қазақстанның қарыштап даму қадамдары анық көрінетін қала. Астана – Қазақстанның жаңа сим­волы, жаңадан ашылған кітап. Маған Алматы өте ұнай­ды, жиі ба­рып тұрамын әрі Біш­кектен де алыс емес. Бірақ қазақ­тар­дың жаңа елордасының архи­­те­кту­расынан елдің саяси түйсігі, арман-аңсары мен өршіл рухы­ның сипаты сезіліп тұрады. 

Кейбір қазақтар шаһарға милли­ардтаған қаржы құйыл­ғанына разы емес екенін біле­мін. Бірақ бір кездері Санкт-Петер­бург салынып жатқанда бірқатар орыстар қаланың түпкі маңызын түсінбей, жек көріп кеткен еді. Әсіресе бәсекелес шаһар пайда болғанына мәскеуліктер наразы болды. Жылдар өткеннен кейін ғана Пушкин секілді орыс­тың қаймақтары Санкт-Пете­р­бургтен жаңа қала көріп қана қойған жоқ, сонымен қатар Ресейдің Солтүстік шұғыладағы мемлекеттік стратегиясының архитектуралық тілін түсінді. Қазақтар да осындай шаһар салудың қажеттігін, геосаяси жағдайға байланысты елорданы көшіру даналық екенін бағалай білетініне сенімдімін. Қазірдің өзінде шаһар қазақтардың діліне, олардың ұлттық түсінігіне ерекше әсер етіп отырғаны байқалады. 

Қайырлы болсын, құрметті қазақ бауырлар!

Осмонакун ИБРАИМОВ, 
Қырғызстан Ғылым академиясының мүшесі, профессор, Қырғызстанның бұрынғы мемлекеттік хатшысы